2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүк тасымалы көлемі 9,1 пайызға артқан. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вице-министр 9 айдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы нақты көлем индексі 121,2%-ды құрағанын атап өтті.
Жәнібек Тайжановтың айтуынша саланың өсу қарқынына жүктерді тасымалдаудың жалпы көлемінің ұлғаюы әсер етіп отыр. Ол 800 млн тоннадан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 9,1%-ға артық.
Соның ішінде автомобиль көлігімен жүк тасымалдаудың 1,3%-ға, жүктерді құбырмен тасымалдау бойынша 15,9%-ға, сондай-ақ теміржол көлігімен 10,5%-ға өсуі байқалып отыр.
Ал, жолаушылар тасымалының өсуі (көліктің барлық түрлерімен) 11,9% немесе 1,4 млрд-тан астам адамды құраған.
«Тасымал көлемі экономиканың жай-күйін көрсетеді және көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша өсім көрсетіп жатыр. Жүк тасымалы көлемінің өсуі экономиканың базалық секторының дамуы есебінен қамтамасыз етілді, атап айтқанда тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларының есебінен. Аталған салалар – көлік қызметтерінің негізгі пайдаланушылары. Есепті кезеңде олардың өсуі оң динамиканы көрсетті», деп атап өтті Ж.Тайжанов.