Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында елімізде жоспарланып отырған саяси және конституциялық өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады», деді Президент.
Президенттің айтуынша, Негізгі заңның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізіледі. Бұдан бөлек, кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу жоспарланып отыр.
«Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек», деп атап өтті Мемлекет басшысы.