• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 12:53

Жайық жастарына баспана алуға жаңа мүмкіндік

20 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында жастарға арналған «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасының үшінші кезеңі басталды. Бұл жолы 90-нан астам жас жеңілдікті шартпен баспана алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған бағдарлама алғаш рет 2024 жылы жүзеге асырылып, оған 600 миллион теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 41 жас қоныс тойын тойлады. Ал биылғы жылдың наурыз айында басталған екінші кезеңінде тағы 65 жас маман баспаналы болды. Енді жоба аясында облыс бюджеті есебінен 1,3 миллиард теңге, ал серіктес «Отбасы банк» тарапынан 331 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр.

«Жайық жастары» – өңіріміздегі жас мамандарды қолжетімді баспанамен қамтуды көздейтін маңызды әлеуметтік бастама. Биыл бөлінген қосымша қаржы есебінен баспаналы болатын жастар саны айтарлықтай артады», деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев.

Бағдарлама шарттары жеңілдетілген: тұрғын үйдің шекті бағасы – 18 млн теңге, несие мерзімі – 19 жылға дейін, пайыздық мөлшерлеме – 5%(жылдық шығыны 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Қатысушылар 21–35 жас аралығында болып, соңғы бір жыл БҚО-да тіркеуде тұруы және зейнетақы аударымдары болуы тиіс. Соңғы бес жылда тұрғын үйі болмағандарға ғана рұқсат. Бастапқы жарна – 10%, яғни шотта кемінде 1,8 млн теңге болуы қажет. Әр балаға қосымша бір ұпай беріледі.

Жобаға денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт саласы мамандары, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Батыс су арнасы», «Жайықжылуқуат», «Ақсайжылуқуат» сияқты коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері қатыса алады.

«Отбасы банк» БҚ филиалының директоры Нұржан Қалишановтың айтуынша, бұған дейін 106 жас жаңа пәтер алған. Енді тағы 90-нан астам адам баспаналы болады. Бұл – өңірде жастарды тұрақтандыруға, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Үшінші кезең бойынша өтінімдер жыл соңына дейін онлайн қабылданады. Құжаттардың дұрыстығы мен төлем қабілеті қатысушының өз жауапкершілігінде. Бұрынғы несиелер мен уақытылы жасалмаған төлем өтінімге кедергі болуы мүмкін.

Бағдарламаның алғашқы қатысушыларының бірі, оралдық мұғалім Торғын Иманбаева қазір үш бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.

«Бұған дейін пәтер жалдап, жатақханада тұрдық. Депозитке ақша жинап, бірақ пәтерге жеткізе алмай қиналдық. «Жайық жастары» бағдарламасы жайлы естіген соң тәуекел деп қатысқан едік. Жолымыз болды, қазір өзіміз таңдаған үш бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз. Үйді өзіміз таңдадық. Айына 117 мың теңге төлеп, өз үйімізге кірдік. Мұндай мүмкіндік үшін облыс пен банк басшыларына алғыс айтамын», дейді ол.

«Жайық жастары» бастамасы – аймақтағы жастар саясатының нақты нәтижесін көрсететін үлгілі жоба. Ол өз еңбегімен тұрақты өмір құруға ұмтылған жас буынға сенім мен мотивация сыйлап отыр.