Жуырда жол түсіп, Шұбартау өңіріне барғанда, Баршатас, Байқошқар ауылдарын көріп қайтқан едік.
Таң бозымен Баршатастан Бақанас өзенін бойлап, Көпбейітке тарттық. Баршатас пен Байқошқар ауылының арасында көтерме қара жол жатыр. Бұрынғы Шұбартау ауданына қарасты маңның өзінде бес-алты кен орны бар екен. Әрі-бері руда тасыған ауыр жүк көліктері, одан қалса Шұбартаудан Алматыға ет тасып шұбаған көліктер көрінеді.
Діттеген жерімізге де жеттік. Ертеректе бұл жер – Көктүбек деп аталыпты. Баршатас пен Байқошқар ауылдарының дәл ортасында Көпбейіт яки Босаға тұр. Бұл жер Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің атасы – Мағауия ақсақалдың қыстауы. Әйгілі жазушының туған жері.
«Менің бабам Құрымбай ақсақал Абаймен дос-жар болған. Жасы үлкен, бірақ өте жақын болған. Абай атам 1886 жылы Бақанас өзенінің бойына жайлауға шыққысы келеді. Негізінде Абай ауылы Шыңғыстан асып, Шақпақ деген жайлауда отырыпты көбінде. Сол жылы біздің ақсақал (Құрымбай Бітенұлы – Б.Қ) өзінің қыстауына әкеліп қондырады. Абай атам оның қыстау екенін білмепті. Көпбейіт туралы Көкбай Жанатайұлының естелігінде бар. Көпбейітке келгенде «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңін жазған. Абай атамыз Көпбейітте жаз бойы жайлап, жақсы демалып қайтты дейді. Кетер кезде бата беріпті, біздің шаңырақта сақталған әңгіме. «Сөз ұстайтын ұл тусын, ел ұстайтын би тусын!» депті. Содан кейін арада елу алты жыл өткенде сөз ұстайтын мен келдім дүниеге. Ел ұстайтын ұрпақ болашақта болатын шығар. Абай – біздің шаңырақта әулие есебінде, пір тұтылатын адам. Үлкен әкем Мағауия барлық өлеңін жатқа білетін. Шәкәрімұлы Ахатпен бала кезден бірге тел өскен. Төрт-бес жасымнан бастап мен де жаттап өстім. Біздің ауыл – Абай ауылы, Шыңғыстаудың күнгейі. Көзімді ашқаннан Абайдың өлеңі санамды оятып, бүкіл өміріме бағыт сілтеді», дейді жазушы өз естелігінде.
Әріректе Көпбейіт ескі қорымы көрі-ніп тұр. Бақанас өзенінің бер жағындағы Құрымбай әулетінің қорымында болып, зиярат еттік. Ескі қыстауды Мұхтар атаның жанына жақын тартқан бауыры Өміртай Лақан таныстырды.
«Мұқаң ескі жұртына екі жыл сайын келіп тұратын. Бұл – Мағауия ақсақалдың ескі қонысы. Мұқаңның кіндік қаны тамған жер. Ол кісі бәрін көрсетіп, түсіндіріп кетті. Қазір табан тасы ғана қалған ескі жұрт болғанымен, кезінде тәуір үй болса керек. Өйткені басына қиын-қыстау күн туғанда Алаш арыстары осында келіп паналапты. Кейіннен ұжымшар тартып алып, кеңсе жасаған. Жергілікті жұрт мұны Ескі кеңсе деп атайды. Мұқаңның бала кезінде айнала жап-жасыл, шөбі бітік, ғажап қоныс болыпты», дейді Өміртай аға.
Ал бүгінде Ескі кеңсе аталатын Мағауия ақсақалдың жұрты, яғни бала Мұхтардың өскен жері қараусыз қалыпты. Қоршауға алынып, орнына белгі қойылмаса, «Қияндағы қыстаудың» қазіргі күйі қиындау. Талай тау тұлғаның табаны тиген топырақ бүгінде біршама төлежіп жатыр. Мал таптаған, кірпіштері тоналған. Өткенде «ойбай, Мұқаңның сүйегін елге әкелейік» деген азаматтар осы жайтты неге ескермейді екен дедік те қойдық.
Абай облысы