• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Талбесік Бүгін, 08:35

Қасіреттің құны қалай өтеледі?

190 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр жер плане­тасының қасіретіне куә болды. Адамзат өзі басып жүрген қара жердің қақ жүрегіне қақырата оқ атты. Өкпесін улады, бауырын езді. Оның ең негізгісі – жер кіндігі, қасиетті Шыңғыстаудың етегі, Абыралы, Қайнар, Саржал.

Орны толмас опат

Семей ядролық әскери сынақ поли­гонындағы алапат жарылыстардың тоқта­ғанына биыл 34 жыл болды. 1949 жылғы 29 тамыз, таңғы 7.00 – аждаһа алғаш аузы­нан от бүркіген сәт. Содан бері есептесек – 76 жыл. Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында атом бомбасы 1945 жылы (6 және 9 тамыз) жарылды. Оған 80 жыл болды. Жапон елінде аталған екі аймақты экологиялық тұрғыда тазарту жұмысы 50-жылдардан басталыпты. Қазір бұл аймақ табиғи қалпына келген, халық жиі орналасқан ірі метрополиске айналды. Ал Семей полигонындағы жарылыс болған жерде 34 жылда ештеңе өзгермеген. Өлген көл, шағылған тау, оталған орман – сол қалпы «өлі аймақ». Эколог ғалымдар аймақтың әлі де адам денсаулығына аса зиян екенін айтып келеді.

Ашық деректерге сәйкес, Семей полигонында 1949–1989 жылдар аралығында 468 рет ядролық бомбаға сынақ өткізілген. Сынақ алаңының ауқымы – 18 млн гектар жер. Алғашқы жарылыстар жер бе­тінде және ауада жасалған. Екінші кезеңде, 1963–1989 жылдарда 350 сынақ жер астына ауысқан. Оның салдарынан ауа мен топырақ түгел ластанды. Зерттеу­шілердің дерегінше, Семей маңындағы радиациялық әсер мен у жайлаған аумақта тұратын 2 млн-нан астам адам түрлі ауруға шалдығып, азап шекті.

Семей полигонын зерттеген белгілі жазушы Медеу Сәрсекеев «Семей қасіреті» еңбегінде: «Семей полигонында жарылған 470 сынақ­тың жиынтық күші Жапонияның екі қаласына тастаған қос бомбадан (олардың күші 14 және 17 килотонна шамасында) 2500 есе қуатты», деп жазады.

Статистика агенттігінің дерегінше, қатерлі ісікке шалдыққандардың көбі Абай, ШҚО, Павлодар облыстарында кездеседі. Бұл ретте әлеуметтанушылар радиация бар аймақты ғана емес, Жапония мен Батыс елдері тәрізді жекелеген адам­дарға зардаптың әсерін зерттеу керек деп санайды. Мысалы, Беларусьте 3,7 миллион адам (халықтың шамамен 40%-ы) Чернобыль атом электр стансасындағы апаттан зардап шеккен деп танылған. Ондай мемлекеттік тізімге алынғандардың ішінде апатқа куә болған адамдардың балалары, немерелері, тіпті шөберелері де болған. Яғни бір отбасындағы үш ұрпақ. Ғалымдар мұның зардабы жеті ұрпаққа жетіп, 15 буын алмасқанда барып, бір-ақ түзелетінін айтады.

«Қайнар синдромы» – медицина ғылы­мына жаңадан енген дерттің атауы. Мұны Бахия Атшабаров бастаған ғалымдар енгізді. Медицинада полигон зардабынан өрбіген жаңа аурудың танымал белгісін даралап, «Қайнар синдромы» деп атаған. Радиация бөлшектері туғызатын дерт Абай ауданының үш бірдей елді мекендерінен 1 375 адамды мұқият тексеріп, солардың Қайнарда – 46,7%, Саржалда – 53,6%, Қарауылда – 38,4%-ы осы ауруға шалдыққаны нақты анықталған.

Абай ауданындағы адамдармен сөй­лескен сәтте ондағы тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздаса, әлде әлсіздік басса, бұл Семей полигонының зардабы екенін айтып налитынын әлденеше рет байқадық. Енді мұның құны қалай өтелетінін сараптап көрейік.

 

Экологиялық өтемақы беріле ме?

«1991 жылғы 6 мамырда КСРО прези­дентінің Семей полигонында жарылыстарды толық тоқтату туралы және полигонды ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру, сонымен қатар жергілікті халыққа өтемақы төлеу үшін 1,2 млрд рубль көлемінде қаржыны 1991–1995 жылдарға үзбей бөлу, осы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық өсу, тұрмыс деңгейін көтеру мен медициналық қызметті жақсартуға мемлекеттік бағдар­лама қабылдау жөнінде Жарлық жобасы дайындалды. Өкінішке қарай, алты ай бойы Мәскеуден еш хабар болмады», дейді Семей ядролық сынақ полигонын зерттеуші Атамұрат Шәменов.

Семей полигоны жабылғаннан кейін, 1992 жылғы 18 желтоқсанда «Семей поли­гонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» (№1787-ХII) заң қабылданды. Осыған орай, радиациядан зардап шеккендердің өлшемі БЭР (биологиялық эквивалентті доза), қауіпті аймақтың көлемі белгіленген. Соған сай жеңілдіктер, әлеуметтік қолдау, медициналық көмек, зейнетке ерте шығу секілді заң талаптарының өзі «уланып, сал болып қалған».

2017 жылғы 20 қарашада «Egemen Qazaqstan» газетінің Шығыс өңіріндегі меншікті тілшісі болған, әріптесіміз Азамат Қасым «Абыралыға баратын кім бар?» атты мақаласында: «Семей поли­гоны туралы заңды қайта қарайтын кез жетті» деген тақырыпшада полигон аймағындағы ағайын әлі зейнетке ерте шыға алмайтыны, әлеуметтік қолдау көрсетілмейтіні жөнінде мәселе көтерді. Мұны айтып отырған себебіміз, өңірдегі жұртшылықтан сұрастырсақ, одан бері де әлі ештеңе өзгермеген. Мәселен, Семей ядролық полигонына жақын орналасқан Саржал ауылы тұрғындарының айтысына қарағанда, полигонға байланысты жұмыс істейтіндердің айлығына 3 мың теңге қосылып беріледі екен. Ал жұмыссыз жүргендер ештеңе дәметпесе де болады.

Жасыратыны жоқ, халықтың сөзінен бұған деген ішкі наразылық бары бай­қалады».

«Бұл өте қынжылтарлық жағдай. Алғашқы кездері полигон зардабынан ауруға шалдыққан жандарға көмек көр­с­етіліп, олардың емделуіне жәрдем­десу мақсатында үкімет арнайы заң қабылдаған. Алайда бұл заң қазір тоқ­таған. Бүгінде полигоннан зардап шек­кендерге көмектесуге деген ұмтылыс байқалмайды. Көбі полигон жабылғанмен, зардабы жойылмағанын ұмытып кеткен секілді. Өңірдегі экологиялық көрсеткіш әлі де қауіпті деңгейде. Жергілікті тұр­ғындар сол жерде малын бағып, суын ішіп, ауасын жұтып өмір сүріп жатыр. Мысалы, Чернобыль апатын жоюға атсалыс­қан­дардың зейнетақысына қосымша төлемдер, қоғамдық көліктерде тегін жүру, жыл сайын шипажайларда ем алу секілді түрлі жеңілдік қарастырылған. Елімізде де сондай жағдай жасалуға тиіс, оны жылдам қолға алу керек», дейді эколог Азаматхан Әміртай.

2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы­ның әлеуметтанушылары жүргізген зерттеу барысында Семей ядролық полигонындағы жарылыстардан зардап шеккен халықтың 68%-ы экологиялық төлемдер алмайтынын анықтаған.

Басқаны айтпағанда, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы экологиялық төлемдермен салыстырсаңыз, бұл – таң­ғаларлық жағдай.

 

Әлемдік тәжірибеде қалай?

Әлем елдерінде ядролық жарылыстан зардап шеккен аймақтардағы адамдарға берілетін экономикалық өтемақы жүйесі бар. Оның мөлшері әр елдің эконо­микалық, экологиялық жағдайына негіз­делген. Мысалы, АҚШ-тың 1990 жылы қабылданған RECA (Радиациялық әсерлерге өтемақы төлеу туралы) заңына сәйкес, ядролық сынақ кезінде радиацияға ұшырағандарға 50 мың доллар экологиялық өтемақы төлейді. Бұл тек Невадаға ғана қатысты емес, басқа штаттарындағы сынақ алаңына жақын тұратындар да осы мөлшерде өтемақы алады. АҚШ Әділет министрлігінің дерегінше, RECA заңы аясында 40 мыңнан астам адам өтемақы алған. Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында ядролық жарылыстан зардап шеккендерге 11 мың доллар өтемақы береді.

«Жапонияда атом бомбасынан зардап тартқан азаматтарға арнайы өтем­­ақылар мен әлеуметтік қолдау шара­лары қарастырылған. Мысалы, Хи­бакуся мәртебесі бар азаматтарға тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Егер ауру радиация әсерінен болғаны дәлелденсе, емдеу шығындары мемлекет есебінен өтеледі. Бұл өтемақылар мен жеңілдіктер «Атом бомбасының құрбандарын медициналық күтім туралы заң» аясында жүзеге асырылады», дейді экономист Кадзуя Ихира.

1986 жылғы Чернобыль апатынан кейін Беларусь елінде ядролық жарылыстың әсерінен зардап шеккендерге, ластанған аймақтарда тұратын зейнеткерлерге, мүгедектерге, балаларға ай сайын қаржылық көмек беріледі. Жоғары радиациялық деңгейге ұшыраған адамдар (1-санат) ай сайын 100-200 АҚШ дол­лары аралығында өтемақы алады. Украи­нада зейнетақы, тегін медициналық кө­мекті айтпағанда, Чернобыль апатынан зардап шеккендерге (зауытқа жақын 30 км радиуста тұратындарға) 50 мен 300 доллар аралығында ай сайынғы жәрдем­ақы төленеді. Көршілес Ресейде де радиация әсерінен мүгедек болған немесе қатерлі ісік, онкологиялық науқасқа шалдыққандарға ай сайын 50 мен 150 доллар аралығында өтемақы беріледі.

 

Ел тілегі, азаматтық қоғам өкілдерінің ұсынысы

«Комитет Полигон 21» қоғамдық бір­лестігінің атқарушы директоры Майра Әбенова ханымның айтуынша, полигоннан зардап шеккендерді қолдауға қатысты заң бар болғанмен, іс жүзінде кілтипан көп.

«Бала кезімде онкологиялық науқастан анам өмірден өтті, одан кейін ағам, апайы­м, күйеуім де осы сырқаттан көз жұмды. Полигоннан зардап шеккен халық әлі өзіне тиесілі құқығын даулай алмай келеді. 1992 жылғы қабылдаған заңға сәйкес, бір реткі өтемақы беру қарастырылды. Оның мөлшері – полигоннан зардап шеккен куәлігі бар азаматтың әрқайсысына осы аймақта тұрған әр жылына ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемінде төленуі көзделген еді. Біраз уақыттан кейін бұл заңға сол кездегі Парламент депутаттары өзгеріс енгізу арқылы ЕТЖ емес, 1 АЕК қылып өзгертті. Яғни биыл 1 АЕК – 3 692 болса бір-ақ рет берілетін қаражат көлемінің қалай өзгергенін есеп шығармай-ақ көруге болады. Бұл заң керісінше, біздің өмірімізді нашарлатып жатыр. Біздің зейнеткерлікке шығу жасымыз қазір бәрімен теңестірілген, экологиялық төлем ай сайын тек жұмыс істейтіндерге беріледі. Ол – бес-ақ мың теңге. Сондықтан экологиялық өтемақы бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайға сай есептелуге тиіс. Бірақ мәселе тек экологиялық өтемақы емес. Ол қаржылық жағдайды ғана шешуі мүмкін.

Маманның айтуынша, Семей полигонына қатысты 2020 жылы желтоқсанда БҰҰ қарар қабылдаған. БҰҰ Чернобыль жарылысынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп келеді. Біз осы мүмкіндікті пайдалана алмай келеміз. Әлі де сол ұйымның көмегімен полигон аймағындағы балаларды шетелдерде жасыл экономика саласына оқытуға болады.

«Бұл өңірдің болашағы, стратегиялық көп жылдық тағдыры маңызды. Біз кетеміз, жер ертеңгі ұрпаққа қалады. Мәселені шешудің жаңа жолдарын Үкіметке, Парламент депутаттарына түсіндіріп жүр­генімізге біраз болады. Бұл тұрғыда аймақтық, ұлттық және халықаралық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы зардап шеккен аймақта тұратын азаматтардың өмір сапасын көтеруге арналған бағдар­лама қажет», дейді М.Әбенова.

2019 жылғы 29 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына келген сапарында ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарға берілетін жәрдем­ақы лайықты деңгейде болуы керек екенін айтып, Үкіметке жергілікті тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету жөнінде нақты ұсыныстар әзір­леуді тапсырған. Президенттің осы бір ауыз ақжолтай сөзін естіген күні шығыс­тағы ағайынның көзінде үміт оты қайта тұтанған еді.

Сынақ алаңына кезінде қазақ ғалы­мы Бахия Атшабаров бастаған ғалымдар 4 жыл­ ғылыми экспедиция жүргізген, оның қо­ры­тындысы 12 том кітап болып шыққан. Ең­бекті жазуға 62 ғалым қатысқан. Бірақ олар да түрлі кедергіге ұшыраған. 12 томды кеңес билігі «әсірелеу» деп ғылыми айналымға енгізбей тастайды. Қазір де айтылар мұң-мұқтаж, жаңаша ұсыныс, тың дерек көп. Бәрін қамту мүмкін де, мақсат та емес. Бірақ бұлыңғыр тұс­тар да жоқ емес. Өйткені бұл – әлі күнге КСРО Қарулы күштері министрлігінің №2 оқу-сынақ полигоны, әскери аумақ. Сондықтан оның ішіне бүккен сыры әлі де мол. Осы мақаланы жазу барысында да мамандардың пікіріне сүйеніп, ашық дереккөздердегі ақпаратпен ғана шектелуге тура келді.

 

Абай облысы