Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Ұлттық құрылтайда кітапхана қорын толықтыру мақсатында комиссия құрылуы мүмкін екені айтылды. Бұған не дейсіз? Кітапхана қорын жаңарту бағытында арнайы бір тізбе керек пе?

Ғазиза Құдайберген:
– Кітапхана қорын жаңарту, жүйелі толықтыру мақсатында арнайы комиссия құрылуы – нақты әрі орынды ұсыныс. Мұндай комиссия барлық деңгейдегі кітапханалардағы қажеттілікті саралап, басым бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Комиссияның жұмысы тек қана кітапхана қорының көлемін ұлғайтуға емес, оның сапалық жағын да қамтамасыз етуге тиіс. Әрине, қорды толықтыруға орай арнайы тізбе болуы өте қажет. Бұл тізімге мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар, ғылыми және салалық әдебиеттер, сондай-ақ оқырман сұранысына сай басылымдар енгізілгені дұрыс. Қазірде кітапхана қорын толықтыру тек кітаппен шектелмей, мерзімді басылымдарды, әсіресе өңірлік баспасөзді де қамтыса жөн. Ұлттық кітапханаға арнайы заң аясында міндетті дана ретінде әр басылымның бір данасы берілуі – бұл жүйенің негізі. Қағаз нұсқасы ғана емес, электронды нұсқасының да келуі өте маңызды, себебі цифрлық форматта қорды сақтау мен іздеуді жеңілдетеді, зерттеушілер мен оқырмандарға қолжетімділікті арттырады. Өңірлік мерзімді басылымдардың Ұлттық кітапхана қорына жүйелі келуі үлкен мәнге ие. Біріншіден, кітапханаға келушілердің басым бөлігі, әсіресе ғылыми-зерттеу бағытындағы оқырмандар мен зерттеушілер, жергілікті өмір, мәдениет, тарих тақырыбындағы материалдарға сұраныс білдіреді. Екіншіден, өңірлік баспасөзді жүйелі жинау ұлттық мәдени мұраны сақтау мен келешек зерттеулерге маңызды ақпараттық база қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бану Дәулетбаева:
– Кітапхана қоры заманның сұранысына сай жаңарып отыруы керек. Әлем таңдаған кітаптарды біздің де балалар оқығаны жөн. Адамзаттық деңгейде ойлана алуға тиіс. Терең ойлауды кітап қалыптастырады емес пе?

Баян Уатаева:
– Бүгінде кітап басып шығару кәсіптің бір түрі болғандықтан, нарықта түрлі кітаптар бар екені белгілі. Оны іріктеп, таңдау тікелей кітапханашылардың құзыретінде болу керек. Арнайы комиссия сол кітапхананың өзінде құрылғаны дұрыс. Басқа жағдайда бюрократиялық тежеуіштер әсер етуі мүмкін. Яғни арнайы комиссия құрмай, кітапхана қорын толықтыру, сақтау жөніндегі нормативтік құжатқа қорды толықтыруға сәйкес арнайы тарау енгізіп, онда жасақтау дереккөздерін, талаптарын атап өтсе жөн болар еді. Ал арнайы тізбеге қарсымын. Қазақ және әлем әдебиетінің маржандарын тізіп жазу мүмкін болар, бірақ бұл жұмыс та оңайға соқпайды. Заманауи қаламгерлердің шығармаларын тізімге енгізіп, кім толықтырып отырады? Еліміздегі кітапханалар тек отандық баспа өнімдерімен ғана емес, алыс-жақын шетелде жарық көрген құжаттармен толығып отырады. Бұл мәселе қалай шешілмек? Жалпы, тізбе құратын адамның субъективті көзқарасы басым болуы мүмкін, бірнеше адам жасаса да, көпшіліктің талғамын ескеру мүмкін емес.

Дәмет Құсайын:
– Бүгінде кітап нарығында сапасыз дүние көбейіп кетті. Кез келген адам көркемдік деңгейі төмен, жеке отбасылық тұрмысын ғана баяндайтын кітаптар шығара береді. Бұл оқырман талғамына кері әсер етіп, кітаптың құндылығын төмендетеді. Сондықтан кітап қорын толықтыру кезінде мазмұны мен көркемдік сапасын бағалайтын арнайы комиссия құрылуы қажет. Мұндай комиссия әдеби, ғылыми және мәдени тұрғыдан құнды еңбектерді іріктеп, оқырманға сапалы кітаптардың жетуін қамтамасыз етер еді.
– Кітапхана қорын толықтыру жүйесіне қатысты қандай ұсынысыңыз бар?
Баян Уатаева:
– Бүгінде кітапхана қорын толықтыру жүйесі өз мәнінде жүргізіліп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын кітапты мемлекеттік сатып алу порталы арқылы баға сұранысы тәсілімен сатып алу туралы жаңалық енгізілгенде, көп кітапханашылар күмәнмен қарап, қор дұрыс жасақталмай қалуы мүмкін деген ой туған еді. Бірақ барлық кітапхана осы тәсілде сәтті жұмыс атқарып отыр. Кітапхана қорын сапалы құжаттармен толықтыруда міндетті түрде кітапхананың бағдары мен қызмет көрсету аудиториясы ескерілуге тиіс. Балалар әдебиетіне қойылатын талаптардың ерекше болатыны сөзсіз және ол «Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап және журналдардың басылымдары» мемлекеттік стандартына сай болуы қажет. Яғни мазмұны мен жас ерекшелігіне сай кітап қағазы мен шрифті, иллюстрациясына аса көп мән берілуі керек. Кітапхана сөрелерінде тек көркем әдебиет қана емес, білім-ғылым салалары бойынша әдебиеттердің көп болғаны абзал. Бүгінде балаларға ғылым салалары бойынша қазақ тіліндегі заманауи басылымдар жетіспейді. Әлемдік тәжірибеде баспалардың тапсырысы бойынша жазылатын кітаптар да болады. Біздің отандық баспалар өз қаражатына осы бағыттағы кітаптарды жазу мақсатында мамандарды шақырып, танымдық кітаптар да шығарса деген ұсынысымыз бар.
Ғазиза Құдайберген:
– Алдағы уақытта республикалық библиографиялық коллектор жұмысын жаңаша форматта қайта жандандыруды маңызды стратегиялық бағыттардың бірі ретінде қарастыруға болады. Біз ұсынатын бұл бастама – республикалық электронды библиографиялық коллектор құру. Оның негізгі мәні – еліміздегі барлық баспада жарық көріп жатқан кітаптардың бірыңғай, орталықтандырылған электронды тізімін қалыптастыру. Яғни әрбір жаңа басылым шыққан сәттен бастап сол кітап туралы толық библиографиялық дерек бір ортақ платформаға енгізіліп, барлық кітапханаға қолжетімді етілсе? Мұндай жүйе іске қосылған жағдайда, кітапханалар қорын толықтыру үдерісі мүлде жаңа деңгейге көтеріледі. Біріншіден, қай баспадан, қай өңірден, қандай тақырыптағы, қандай автордың еңбегі шыққаны жедел әрі нақты көрінеді. Екіншіден, кітапханалар өз профилі мен оқырман сұранысына сәйкес қажетті басылымдарды сол электронды коллектор арқылы алдын ала таңдап, тапсырыс беру мүмкіндігін иеленеді. Бұл қорды жоспарлы, мақсатты және тиімді толықтыруға жол ашады. Сондай-ақ қайталанатын сатыпалулар азайып, қаржы тиімді жұмсалады, ал сирек немесе сұранысы жоғары басылымдарды өңірлер арасында теңдей таратуға болады.
Бану Дәулетбаева:
– Құрылатын комиссия көркемдік кеңес сияқты форматта жұмыс істейді деп ойлаймын. Жақында ғана «Кітапхананы басқару ісі» бойынша Америка Құрама Штаттарында «Болашақ» бағдарламасымен білімімді жетілдіріп келдім. Ол жақта бір ғана грек жаңғағын өсіруге қатысты мыңдаған кітап бар. Тіпті иттің күтіміне де жүздеген кітап арналған. Технологияның атасы саналатын Калифорнияның өзі гаджеттерге емес, қолға ұстап оқитын кітапқа басымдық беретініне қайран қалдым. Біз ит-мысықтың күтімі туралы мыңдаған кітап шығаруға жетпесек те, оқырманның ең негізгі – медицина, кітапхана ісі, инженерия, тау-кен ісі, тарих, философия, өнер, көркем әдебиет сияқты сұраныстарын толық өтейтін жағдайға жетсек деймін.
– Мемлекеттік тапсырыспен таралатын шығармалар барлық кітапханаларға толық жете ме? Жалпы, осы кітаптар көп оқыла ма?
Дәмет Құсайын:
– Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптың барлығы оқылады деп айту қиын. Себебі, қазіргі оқырманның талғамы өзгерген, сұранысы басқа. Сондықтан ол кітаптарды іріктеуде оқырман сұранысы, мазмұн сапасы, көркемдік деңгейі ескерілсе дейміз.
Ғазиза Құдайберген:
– Бұны бір ғана өлшеммен бағалау дұрыс болмас. Кейбір басылымдар бірден жиі сұралатын кітаптардың қатарына енсе, енді бірқатары ұзақ мерзімге арналған, тұрақты, бірақ баяу айналымдағы қор ретінде қызмет етеді. Кітапхана тәжірибесінде мұндай кітаптар жылдар бойы сұраныстан түспей, әр буын оқырманына қайта-қайта қажет болып отырады. Олар бір сәттік қызығушылықпен емес, үздіксіз, жүйелі түрде пайдаланылатын интеллектуалдық ресурсқа айналады. Қазірде кітапхана сөрелермен шектелмейтінін де ескеру керек. Электронды каталогтер, цифрлық қызметтер, қашықтан оқу мүмкіндіктері арқылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың қолжетімділігі артып, оларды пайдаланушылар қатары да кеңейіп келеді.
Баян Уатаева:
– Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың сапасы мен мазмұны кейінгі бес жылда біршама жақсарды, балалар әдебиетіне көп көңіл бөліне бастады. Бүгінде осы бағдарлама бойынша шыққан әдебиеттер әртүрлі жанрды қамтиды, яғни ертегіден бастап, энциклопедиялық басылымдарға дейін. Мысалы, кітап беріліміне талдау жасай келе, Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері» кітабы мен Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» оқырман арасында танымал екенін білдік.
Бану Дәулетбаева:
– Мемлекеттік тапсырыс та кітапхана сұратқан кітаптардан пайда болуы керек негізі. Кітапханалар сұраныстағы кітаптарды мемлекетке жібереді. Сосын сол кітаптарға мемлекет тапсырыс жасайды. Демек, оқырман өзі сұратқан кітаптарды алады.
– Оқырман сұранысын өтеуге бүгінгі кітапхана қорлары жеткілікті ме? Іздеген кітап сөреде жоқ болатын жағдай кездесе ме?
Ғазиза Құдайберген:
– Бүгінгі кітапхана қорлары оқырман сұранысын өтеуге толық жеткілікті. Кітапханаларда көркем әдебиеттен бастап, оқу, ғылыми және салалық әдебиеттерге дейін кең ауқымды қор бар. Дегенмен, бұл қор оқырманның барлық сұранысын толықтай қамтамасыз етеді дегенді білдірмейді. Кейде оқырман іздеген кітаптар сөрелерде болмауы мүмкін, әсіресе авторлар шығармаларын жеке баспалардан шығарып, кітапханаларға өткізуге біраз уақытқа дейін асықпаған жағдайда.
Бану Дәулетбаева:
– Әрине, болады. Алайда кітапхананың міндеті – оқырман сұранысын қанағаттандыру, барынша оқырманға қалтқысыз қызмет ету. Дәл сол сұраған кітап табылмаса да, сол тақырыптағы басқа дүниелерді ұсынып, оқырман кішкентай ғана болса да ақпарат, білім алып кетуіне барынша тырысамыз.
Баян Уатаева:
– Оқырман сұранысы толқын тәріздес. Бір кезде мотивациялық кітаптар көп оқылса, бір уақытта А.Кристиді оқитындар саны артады. Бұл, әрине, жасөспірімдер арасындағы өзара талқылау, ой бөлісу нәтижесі, не ғаламтор желісінің жарнамасынан шығуы мүмкін, не шынайы бестселлер болуы мүмкін. Сұраныс артқанда, оқырман кезекке тұрып оқитын кездер де кездеседі. Өйткені кітапханалар бір кітаптың ең көп дегенде 5 данасын ғана алады, ал кей жағдайда одан да аз болуы мүмкін. Бұл кітаптың құнына тікелей байланысты. Кей кітапханаларға бөлінетін қаржы сомасының аздығы кітап данасын азайту арқылы, түрлілігін көбейтуге мән беруіне мәжбүрлейді. Мысалы, балалар ұнататын комикстердің бір данасы 7–8 мың теңге тұрады, ал оны көп алуға бюджеттен бөлінген қаржы жетпеуі мүмкін.
– Бүгінгі оқырманның талғамы қандай? Кім не оқиды?
Ғазиза Құдайберген:
– Адамдар әдеби шығармаларды тек көңіл көтеру немесе дем алу үшін ғана оқымайды, рухани байлыққа кенелу, ой-пікірін кеңейту, өзіндік дүниетанымын қалыптастыру мақсатында да көркем әдебиетке жүгінеді. Сол себепті кітапхана қызметін ұйымдастырғанда көркем әдебиеттің әртүрлі жанры – классикалық шығармалардан бастап, заманауи прозалық және поэтикалық еңбектерге дейін – оқырман сұранысына сәйкес жүйелі түрде ұсынылуы маңызды. Салалық әдебиет сұранысы да көркем әдебиет сияқты тұрақты, бірақ өзіне тән ерекшелікке ие. Олар уақыт өте маңызды ақпарат көзі болып, бір мезетте емес, ұзақ мерзімге пайдаланылатын қор ретінде қызмет етеді.
Баян Уатаева:
– Кітап таңдау да адамның жасына, әлеуметтік жағдайына, қызығушылығына, мақсатына орай өзгеріп отырады. Балдырғандар әдеттегідей, ертегілер, өлеңдер, шағын әңгімелерді ұнатады. Әрине, оларға белгілі бір кітапты оқуға ата-аналары кеңес береді. Мектеп жасындағы балалар кітапты өздігінен таңдайды. Бұл жаста балалар көбінесе қызықты сюжеттері мен жарқын кейіпкерлері бар кітаптарды жақсы көреді. Балалар детективтеріне, комикстер мен фэнтезиге қызығушылық танытады. Өсе келе, қиял-ғажайып оқуды жалғастырып, классикалық әдебиет пен заманауи романдарды, нон-фикшн және мотивациялық кітаптарды оқуды ұнатады. Мысалы, 10-11-сынып оқушылары арасында Кен Могидің «Икигай», Азамат Скаковтың «Сен», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Мартин Зусактың «Книжный вор» кітаптары бүгінде көп сұранысқа ие. Бастауыш мектеп жасындағы балалар Сара Гюрбюз Озереннің «Бір микробтың күнделігінен», «Су тамшысының әлемді аралауы» мен әлемдік бестселлер Руал Даһлдің «Чарли және шоколад фабрикасын» іздеп оқиды.
Бану Дәулетбаева:
– Бір қызық дүниені байқадым. Енді әріп тани бастаған бала ертегі оқиды екен. Сосын мектепке барғаннан кейін 5–6-сыныпқа дейін танымдық әдебиетке құмартады. Көркем әдебиеттен гөрі бірдеңе үйрететін, білімін шыңдайтын дүниелерді оқиды. Сосын есейген уақытта қайтадан көркем шығармаға ден қояды. Бұған сауалнама жасап, зерттеп барып көз жеткіздім. Оқырман талғамы да өзгерген. Құндылықтары да. Кітапханадағы кітап клубтарында тың ойларды естіп қаламын. Кейіпкерді талдаған кезде жастардың құндылықтары мен дүниеге көзқарасы мүлде басқа екенін байқаймын. Сондықтан оларды жазушылармен жиі кездестіруге тырысамыз. Кітапхана деген оқырман мен автордың арасындағы алтын көпір ғой. Жазушылар да замана бағытын аңдасын дейміз.
– Заманауи кітапхананың сипаты қандай болуы керек?
Бану Дәулетбаева:
– Заманауи кітапхана кез келген уақытта келіп, жайланып отырып, кітап әлеміне ене алатын, тіпті кітап оқымаса да басқа ақпарат алып, көңіл көкжиегін кеңейтетін орын болуы керек. Экологиялық таза, зиянсыз құрылыс материалдарынан салынып, барынша қайта өңделетін жиһаздарды пайдаланса. Мысалы, қағазды үнемдеп, электронды құжат айналымын қалыптастырып, қоқысты да сұрыптауы керек. Есігі баршаға ашық, пандус, лифт, Брайль қарпімен жазылған кітаптар, толып жатқан аудиокітаптар, балалар мен қарттарға ыңғайлы орынға айналса құба-құп.
Баян Уатаева:
– Ел кітапханалары да әлемдік деңгейдегі кітаптармен толығып келеді. Кітапхана – білім алу мен жұмыс жасауға ыңғайлы орын, кеңістікке айналған. Сондай-ақ балалардың тұлға болып қалыптасуына, қоғамға бейімделуіне ықпал етіп, мәдени-ағартушылық қызметті атқаратын бірден-бір мекеме.
Ғазиза Құдайберген:
– Заманауи кітапхананың сипатын сипаттағанда, ең алдымен оның дәстүрлі миссиясын сақтау маңызды екенін атап өту керек. Кітапхана – ғасырлар бойы қалыптасқан білім мен мәдениет қоры, ақпараттық орталық ретінде оқырманға қызмет көрсетудің негізгі бағытынан айнымауға тиіс. Жасанды интеллект, цифрлық платформалар, электронды каталогтер, онлайн кітапхана қызметтері – осының барлығы кітапхана қызметін кеңейтіп, оқырманға ыңғайлы етудің тиімді жолдары екені анық. Мысалы, жасанды интеллект негізіндегі іздеу жүйелері оқырманға қажетті ақпаратты тез тауып береді, электронды қорлар мен мобильді қосымшалар кітапхананың физикалық кеңістікке тәуелділігін азайтады, ал виртуалды оқу залдары мен онлайн семинарлар қазіргі оқырманның білім алу мүмкіндігін арттырады.
– Пікірлеріңізге рахмет.
Дөңгелек үстелді дайындаған –
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»