Аймақтар • Бүгін, 09:50

Екібастұздағы алып мұржа

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Б.Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 стансасында құны 29,1 млрд теңгеге жаңа түтін мұржасын салу бойын­ша ірі инвестициялық жоба жүзеге аса бастады. Атал­ған кәсіпорын отандық энергия өндірісінің бестен бірін беріп отыр.

Екібастұздағы алып мұржа

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

«Б.Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-ның бас директоры Асан Наурыз­ға­лиевтің айтуынша, былтыр қазан-қараша айларында құрылыс-монтаж жұмысына, тех­­никалық және авторлық қада­ға­лауға келісімшарттар жаса­­лып, жауапты органдардан құры­­лыс­ты бастау туралы хабар­ла­ма алын­ған.

– 2025 жылғы сәуірде кәсіпорында қолданыстағы түтін мұржасын тексеру мен жөндеу мақсатында бірінші кезектегі төрт энергоблок тоқтатылып, ішкі бетон құрылымдарының қалдықтары бөлшектелді. Құры­лыс-монтаж жұмысын мер­ді­гер ұйымдардың консорциумы жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде жобаға 3 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмысқа 45 адам тартылды. Ал жобаға жалпы сомасы 29,1 млрд теңге жұмсалады. Жаңа түтін мұр­жасы қолданыстағы мұр­жа­ның жанында салынып жатыр, – дейді ол.

Бұл электр энергиясын өнді­ру­­дегі шығындарды азайтып, энер­гоблоктарды тоқтатуды жос­парлы жөн­деумен үйлестіруге мүм­кіндік береді. Нысанның жоба­­лық пайдалану мерзімі – 50 жыл. Құрылыс аяқталғаннан кейін 2027 жылдың қазанынан 2028 жылдың шілдесіне дейін ескі түтін мұржасын бұзу жұмысы жоспарланған.

Айтып өтелік, 2024 жылдың қарашасында Екібастұздағы МАЭС-1 стансасында бір энергия блогі кенеттен жұ­мысын тоқтатқан еді. Оған кәсіпорын мұржасындағы ақау себеп бол­ған.

Жалпы, аталған кәсіпорын Екібастұз қаласынан 16 шақы­рым жерде орналасқан. Жоба­лық белгіленген электр қуаты – 4000 МВт. Мұнда 8 энергия блогі бар, әрқайсысы 500 МВт қуатқа ие. Станса Екібастұздың күлі жоғары тас көмірі мен мазутты пайдаланады. Кәсіпорында бірі – 300, екіншісі 330 метрлік қос алып мұржа орналасқан. Оның әрқайсысы 4 энергия блогіне қызмет етеді. Мұнда үлкен көлем­дегі коммуналдық жылу өндір­мейді. Себебі ол елді мекендерден алшақ орналасқан. Кеңес заманында Екібастұз қаласына жылу құбырын тарту туралы жоспар болған. Алайда жоба қымбатқа түседі деп есеп­теп, жүзеге асырудан бас тарт­қан.

KEGOC компаниясының деректеріне сүйенсек, еліміздегі Біртұтас электр энергетикалық жүйе (БЭЖ) негізгі үш аймақтан тұрады. Электр стансалардың, электр жеткізу желілері мен қосалқы стансалардың жиын­тығынан тұратын бұл жүйеде Павлодар облысындағы аймақ­тық электр стансалары айрықша мәнге ие. Жүйенің «Солтүстік аймағына» Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстары енеді. Ал «Оңтүстік аймаққа» – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыс­тары, «Батыс аймаққа» Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары қарайды.

Бұған қарап еліміздегі өнер­кәсіпті аймақтар мен ауыр өндірісі дамыған өңірлер негі­­­зінен Екібастұздағы электр стансаларының қуатына тәуел­ді екенін байқауға болар. Оның үстіне отандық электр қуатының 40 пайыздан астамы Ертіс-Баян жерінде өндірі­ле­ді. Елдегі ұлттық маңызы бар 8 электр стансасының үшеуі Павлодар облысында орна­­лас­қан (Екібастұз МАЭС-1, Екібастұз МАЭС-2 және «ЕЭК» АҚ электр стансасы). Олардың белгіленген жиынтық қуаты — 7035 МВт. Отандық энергия өндірісінің бестен бірі аталған кәсіпорынға тиесілі.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар