Сурет: baq.kz/
Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерге жауап беріп қана қоймай, ел дамуының басым бағыттарын – қоғамдық-саяси жаңғыру, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік әділдік пен заң үстемдігін нығайту мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Әсіресе мемлекеттік басқару жүйесінде болатын ауқымды трансформация туралы тереңнен толғады.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік лауазымға кіріскен сәттен бері ауқымды реформаларды қолға алды. Оның жемісін көріп те келеміз. Бұл бастамалардың өзегінде әділдік идеясы жатыр.
Біздің түпкі мақсатымыз – әділетті, өркениетті, мықты әрі қауіпсіз мемлекет құру. Қызылордада көтерілген бастамалар – осы ұлы мұрат жолындағы ірі, бетбұрысты қадамдардың жалғасы. Негізгі екпін билік институттары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға беріледі.
Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын одан әрі күшейтуге ерекше мән беріліп отыр. Бір палаталы Парламент – соның айқын дәлелі. Ал оның болашақ атауын «Құрылтай» деп ұсынуы ұлттық болмысымыз бен ұлттық кодымызды қайта жаңғыртумен тең. Ғасырлар бойы дала демократиясының өзегі болған құрылтайдың қайта түлеуі деп санаймын.
Алда көп жұмыс күтіп тұр. Ата заңымызға үлкен өзгерістер енгізіп, іргелі реформаларды іске асырамыз. Бұл – тарихи кезеңнің бастауы. Депутат ретінде біз осы жұмыстың алдыңғы шебінде жүруге міндеттіміз. Елдігімізді нығайтуға, егемендігімізді тұғырлы етуге бағытталған тарихи реформалардың игілігін барша жұртымыз, ұрпағымыз көре берсін.
Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ,
Мәжіліс депутаты