фото: Қорғаныс министрлігі
Қазақстан Қарулы күштерінде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес тәрбие жұмысын күшейту және әскери тәртіпті нығайту жөніндегі атқарылып жатқан барлық бастамалардың басында тәрбиеші офицерлер тұр. Олардың үлесі тек моральдық рухты қолдауға ғана емес, сонымен қатар армияның тәртібі мен жауынгерлік әзірлігін нығайтуға бағытталған.
Салада атқарылған жұмыстар аясында командирлердің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары қызметіндегі бес негізгі бағыт айқындалды. Оның ішінде қауіпсіздік мәселелеріне, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға және олардың кәсіби құзыреттерін дамытуға жағдай жасауға барынша көңіл бөлініп жатыр.
Республика күні қарсаңында жүзден аса оқушы болашақ офицерлерге қонаққа барды
Әскердің қоғамға ашықтығы да біртіндеп күшейтіліп келеді. Депутаттардың, Бас редакторлар клубы өкілдерінің және «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының кешені жүзеге асырылыр жатыр.
Алдын алу және психологиялық қолдаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасты. Заманауи диагностикалық әдістер мен цифрлық мониторинг құралдары қолданылып, әскери психологтардың даярлық деңгейі арттырылып келеді. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын қорғау және медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылданды.
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Нормативтік-құқықтық база жаңартылып, өңірлерде мектеп оқушыларымен, студенттермен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізетін көшпелі ақпараттық-насихаттық топтар ұйымдастырылған.
Әскери қызметтің қауіпсіздігін арттыру мақсатында тәуекелдерді мониторингілеудің цифрлық жүйелері мен заманауи кері байланыс арналары енгізілді. Сенім телефондары, «AIsulu» Telegram-боты, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет сарбаздарының жақындарымен байланысу үшін апта сайын пайдаланатын «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі жұмыс істейді.