Ерасылдың ата-анасы өмірге бес бала әкеліп, бәрін адалдық пен қарапайымдылыққа тәрбиеледі. Отбасындағы екінші бала мектепте оқыған кезінен көркемсөз оқуға әуес болып, бірнеше байқаудың жүлдегері атанды. Қазақтың қайталанбас бірнеше ақынының, әсіресе Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқиды. Актер болуды армандағанымен, Ақтөбе қаласындағы колледжде аспаз мамандығын меңгерді.
Алғашқы мамандығымен жапон асханасында жеті жыл жұмыс істеді. Алайда түрлі тағам дайындаумен шектелмей, маркетолог қызметіне қызығушылығық танытты. Бүгінгі трендтен қалмауды көздеп, Instagram мен TikTok-та белсенділігімен танылып жүр.
«Әлеуметтік желіні хайп қуу үшін қолданбаймын. Дегенмен цифрлық дәуірде артта қалғым де келмейді. Бұл тұрғыда үнемі іздену қажет. Ұстанатын басты қағидам – білім жетілдіру, оқу, үйрену, алға ұмтылу», дейді Е.Қайырбай.
Осы орайда саламаттылық қағидасымен денсаулығын шынықтыруға мықтап ден қойды. Алдымен аязды күндері жеңіл киіммен далаға шықты. Содан кейін суық суға түсуді бастады.
«Бастапқыда суық суға түсу оңай болмады. Алдымен денемді қыздырып, жеңіл киіммен 3-5 шақырым жүгіремін. Содан соң суық суға түсемін. Суық су 1-1,5 минутта ағзаға әсер ете бастайды. Күш-қуатың артады. Өзіңді жеңіл сезінесің. Дегенмен, шешем бұл қадамымды құптамай, қарсылық білдірді, денсаулығыма алаңдады. Бірақ қысқы маусымда суық суға шомылудан бас тартпадым», дейді ол.
Қазір Ерасыл зайыбы Сәбинамен бірге егізі – Асылхан мен Асылды тәрбиелеп отыр. Ұлын өзімен бірге өзенге апарып, суық суға түсуге бейімдеп жүр. Ауылдастары оны «Біздің арамыздағы «морж» деп атайды.
Атырау облысы