Қоғам • Бүгін, 09:17

Ең қымбат қуаныш

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ташкент базарларының бірінде жылдар бойы кітап сатып күн көрген әжей бір күні «заттарыңызды екі-үш күннің ішінде жинап, сауда орныңызды босатыңыз» деген ресми хабар алады. Күнделікті тірлігі кітаппен байланысты жан үшін бұл жаңалықтың қалай әсер еткені айтпаса да түсінікті. Осы сәтті жанашыр бір азамат бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жіберген екен.

Ең қымбат қуаныш

Желіде тараған бейнежазбаны көрген жұрт әжейді іздеп келіп, қолындағы барын кезек-кезек сатып ала бастайды. Әрине, халықта «керек болып тұр» дегеннен гөрі, «қолдау білдірейін» деген ниет басым еді.

Ең ғажабы, кешке қарай бір азамат келіп, әжейдің дүкеніндегі кітаптың бәрін түгел сатып алады. Жүк көлігіне әзер сыйған мұнша кітаптың бағасы арзан болмағаны анық. Бірақ ол жігіт «әжей үйіне ауыр қап арқалап қайт­пасын, ертеңгі күні не боларын уайым­дамасын» деген оймен осылай жасаған.

Кейуана үшін ол күнгі ең үлкен олжа ақша емес еді. Ең бастысы – «мен де біреуге керекпін», деген сезім. Көптің ішінде елеусіз қалмай, жұрт­тың жанашыр ниетін көрді. Бір адамның мұңы елдің жүрегіне жеткенін ұққан сәт – оның ең үлкен жұбанышы, ең қымбат қуанышы болды.

Бір қарағанда, бұл жай ғана базар­дағы сауда мәселесі сияқты. Бір орын босайды, бір адам кетеді. Алайда осы жолы қоғам «бір адамның тағдыры бәрібір емес» екенін жұмыла жүріп, іс жүзінде көрсетті. Көпшілік әжейді аяғандықтан емес, құрметтегендіктен келді. Осылайша, жылдар бойы кітап сатып, өз күнін көрген жанның еңбегіне құрмет көрсетті.

Соңғы жаңалықтар