Медицина • Бүгін, 11:07

Активтерді қайтару: 7,5 млрд теңге Қарағанды облысының медицинасына жұмсалады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің тапсырмасымен заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару аясында құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға 7,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Активтерді қайтару: 7,5 млрд теңге Қарағанды облысының медицинасына жұмсалады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Үкімет өңірлерге әлеуметтік маңызды инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. 

Қарағандыдағы жаңа онкологиялық орталық

Облыс орталығындағы онкологиялық орталықтың жұмысы жаңа белеске шықпақ. Оның операциялық-реанимациялық блогын ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 6,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 1,74 млрд теңге қосымша қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеуі жүріп жатыр, ал нысанның жалпы дайындығы 70%-ды құрайды.

Балқаштағы заманауи медициналық хаб

Балқаш қаласындағы көпбейінді аурухананың базасында нағыз өңірлік медициналық хаб бой көтеріп келеді. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды (жалпы құны – 1,27 млрд теңге). Қазіргі уақытта ангиографиялық операциялық және диагностикалық бөлімшелер орналасатын жаңа корпустың құрылысы 96%-ға аяқталған. Қаңқаны тұрғызу, инженерлік желілер мен ішкі әрлеу жұмыстары бітті. Нысан осы жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұл Балқаш тұрғындарына инфаркт пен инсульт кезінде «алтын сағатта» жоғары технологиялық көмек алуға мүмкіндік береді.

Балаларға арналған жаңа оңалту орталығы

Балқаш қаласында бұрынғы санаторий ғимаратын қайта жаңғырту арқылы балаларды оңалту орталығы құрылып жатыр. Бұл игі іске 272,1 млн теңге бағытталды. Мұнда стационарлық және амбулаториялық қызметтер ұйымдастырылады. Орталықта реабилитологтар, невропатологтар, логопедтер мен ЕДШ нұсқаушыларынан тұратын білікті мамандар тобы жұмыс істейтін болады. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балалардың облыс орталығына сабылмай-ақ, өз қаласында ем алуына жағдай жасайды. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың ақпанына жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар