Руханият • Бүгін, 11:47

Тарбағатайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан Сансызбай Иісұлы туралы не білеміз?

130 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Енбегі екі қазаққа бірдей сіңіпті. Екі қазақ емес, иісі бір қазақ. Екі қазақ дейтініміз – Семей топырағында туып, Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық көтерілісінде Тарбағатайда қол бастаған, ал өмірінің көп бөлігінде (туған жері Мақаншыға оралған соң) еліне қызмет еткен тұлға – Сансызбай Иісұлы еді.

Тарбағатайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан Сансызбай Иісұлы туралы не білеміз?

Бұл өзі күрделі теңдеу тәрізді шешуі қиын нәрсе. Мәселен, кез келген ұлт азаттық күрес жолында немесе бостандық пен езгіге қарсы соғыста болған адамдар – батыр, қаһарман, сүйікті тұлға ретінде қалады. Тіпті оған ниеттес адамдар да тарихтың жағымды кейіпкері саналады. Бірақ бұл жол да аяусыздық, асыра сілтеу болмай тұрмайтыны тарихтан белгілі, бүгін де болып жатыр.

Ал енді қызық. Жуырда Мақаншыда болғанымда ел аузынан осы Сансызбай Иісұлы деген кісі туралы көп естідім. Өзі туған Көктал ауылына да ол кісінің сіңірген еңбегі ересен екен. Бірақ 30-жылдардан бастап Кеңес өкіметінің арнайы тапсырмасымен Қытайға жіберіледі. Яғни коммунистік жүйенің адал адамы болған. Ал оған біржақты қарасақ, жағымды кейіпкер демеуіміз мүмкін. Алайда ол жүріп өткен жолында талай адамның жазықсыз атылғанын көріп, «қайран сормаңдай халқым» деп жүрегі езіліпті. Тіпті өз қызметін пайдаланып, жазықсыз атылғалы тұрған талай қазақты құтқарып қалыпты. Бұл өз сөзі емес, сол тірі қалған адамдардың: «Сәкеңнің арқасында тірі қалып едік, татар талқанымыз бар екен, аман қалдық, содан ұрпақ өрбіттік», депті. Әйтеуір өз шамасының шеңберінде өз ұлтына қызмет етіпті, әлсіздерді қолдапты, қорғапты. Бұған мысал келтірмес бұрын, әкесі Сансызбай Иісұлының тарихын түгендеп, артында жоқшысы болып жүрген, адал перзенті – тарих пәнінің ұлағатты ұстазы Фариха Сансызбайқызының әңгімесін тыңдап көрдім.

«Кеңес өкіметінің үшінші онжылдығының басы кезінен бастап әкеміз Сансызбай елдегі аумалы-төкпелі жағдайға байланысты ежелден қазақтар мекен еткен, қазіргі Қытайдың батыс аймағына кетті. Әкеміздің шетте жүрген кездегі «Сағынышым – туған жер» өлеңінде «Жасымда дәл он жетім, міндім атқа, дәм тартып келіп едім осы жаққа» деген өлеңінен оның негізгі қызмет уақыты 1927-29 жылдардан басталғанын білеміз», дейді ол.

Жас зерттеуші Ерзат Кәрібайдың «Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес» деген мақаласында Сансызбай Иісұлы туралы былай дейді:

«Қытай өкіметінен ірге айырғаннан кейін Майлыдағы ел қиындықпен қысты өткізді де 1945 жылы көктемде ресми соғыс бастады. Қайса батыр, Мұсажандарды Іледе орныққан «Шығыс Түркістан» үкіметінен көмек сұрауға аттандырды, осыдан көп өтпей Кеңестік әскери ақылшы Байкенже Орақұлы Майлыға барды. Сонымен қатар көтерілісшілер Қызылқайың шекара бекетіндегі Кеңес азаматы Сансызбай Иісұлы арқылы қару алдырады. Сансызбай алғаш барған азаматтарға 8 германка беріп қайтарады әрі оларға: «Тарбағатай елін азаттыққа бастаңдар» деп сәлем айтады. Сансызбай 1932-1933 жылдары Кеңес одағының арнайы қызметімен Шыңжаңдағы қазақтарға жіберілген төрт түйінді адамның бірі еді. Ілеге Фатих барса, Баркөлге Абай Қасымов барған еді. Сансызбай Майлыдағы төрт мықты әулеттің бірі Кәрібай ауылының қызы – Қапипаға үйленген еді, сонымен қатар Нұрсапаларда осы Сансызбай ауылы байғаналармен (ру) құдандалы болған. Тарбағатай ел басшыларының аз қолға алынуына да осы Сансызбай әсер еткен, оны жоғарыда өз қайнағасы Әбдешке жасырын сәлем айттырып: «Үрімжіге бармасын, барса қайтпайтын қатерлі сапар!» деп ескертуінен байқауға болады, ол 1941 жылға дейін Тарбағатай аймақтық сақшы мекемесінде істеген (ол ғана емес өзге де көптеген кеңестік азаматтар болған), 1941 жылы Шың Ши Цай Кеңес одағымен ат кекілін кесісіп, Кеңес азаматтарын қуғындай бастағанда жасырын қайтып кетеді де, 1945 жылы Тарбағатай тұтас азат болғанда аймақтық ішкі істердің орынбасары болады. Демек осы қозғалысқа Кеңес одағы қолдау білдірген, Сансызбай Шәуешек гиминазиясындағы оқушыларды да аттанысқа келтіруге адам жібереді, туыстарын жасырын Дөрбілжінге жіберіп көтеріліске адам тарта бастайды. Ақыры көтерілісшілер бас қосып көкқасқа тайға бата жасап, қолдарын қанға батырып серт береді. Басшысы Нұрсапа Сейітжанұлы, орынбасары Қали Қизамаденұлы, атойшы 70 жастағы Шеттікбай батыр болады».

Бұл Сансызбай Иісұлының Тарбағатай тарапындағы қызметі ғана. 1954 жылы орталығы Құлжа қаласы болған құрылған Қазақ автономиялы облысында Транспорт бөлімінің бастығы болып, сондағы қазақтарға да көп қарасыпты. Тіпті Алтай аймағында да болғаны туралы тарихи дерек жетерлік. Шыңжаңды дара билегісі келген, озбыр саясат жүргізген қанқұйлы гоминдан Шың Ши Цаймен болған ұлт азаттық соғыста Сансызбай Иісұлының да ізі қалғаны рас. Сансызбай Иісұлының тағы бір елеулі еңбегі – 60 жылдар Шыңжаң қазақтарының атамекенге ауа көшетін кезінде көрініс береді.

«1962 жылы қазақтар Қытайдан Қазақстанға көше бастады. Бұл көштің басында әкеміз Сансызбай болып, шекарадан өткізу мәселесін қадағалап отырған. Сол жылы 17 сәуір айында шекарадан Шәуешектің қазақтары өтсе, ал 24-26 сәуір аралықтарында Шағантоғайдағы қазақтар өткен. Көш жайлы әкем «Көш» деген жыр жолдарын жазып, бұл жайында дауыстап айтып отырушы еді», дейді Фариха апамыз.

Бұл ретте Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің Шыңжаң қазақтарының соңғы бұлқынысы, алапат арпалысы көрініс тапқан әйгілі «Соңғы көш» романының шынайы өмірдегі кейіпкері, тарихтағы қаһарманы осы Сансызбай Иісұлы екені де бұған дейін айтылғаны есімізде.

«Сансызбай Иісұлы Кеңес өкіметі мен Қытайдың арасында әскери қызмет атқарған. Көз көрген үлкен кісілердің айтуынша, 1962 жылы шекара жабылатын кезде шұбыра көшкен қазақтарға көп көмектескен деседі. Бірде бір жерде үлкен кісілермен дастарқандас болғанымда сөзден сөз шығып, бір ақсақал: «Осы біздің Сәкең көп жерде ескерусіз қалып, көп еңбектері ұмытылып бара жатыр. Ұрпаққа біз айтпасақ кім айтады? Бірде қаруланған қытай солдаттары бәрімізді жинап бір қораға әкеп қамап тастады. Екі-үш күн сонда қамалып жаттық. Үшінші күні әскер киімін киген, иығына екі адам мінгендей зор денелі келген, бойы ұзын артында екі солдаты мұздай қаруланған қазақ кісі келіп бізді босатып жіберді. Сол осы Сәкең еді» деген еді», деді мақаншылық Руслан Шыңғысұлы.

Фариха Сансызбайқызы мына бір естелігінде де бір қызық оқиға айтылады:

«Бірде өзім бұрында тұрған Қарабұлақ ауылының тұрғындарының бірі Ашмановтардың көл жағалауындағы үйінің тұсынан өтіп бара жатқанымда басында ақ жаулығы бар қарт ана киіз үйден шығып: «Мына балалардың Фариха мұғалім деген дауыстарын естіп шықтым. Жүр, түс үйге», деді. Мен рақметімді айтып, әрі асығыс екенімді білдіріп кетпек болып едім, қарт ана: «Жоқ, балам рақметті саған мен айтуым керек. Түс үйге, мен сендерге қарыздар адамның бірімін», деп қоймай мені үйге алып кірді. Қарт ана: «Қызым сен Сансызбайдың қызы екенсің. Біз Сансызбайға қарыздармыз. Ондай қарызды өтеу қайда. Өтей алмай қалдық. Әкеміз сол кісінің арқасында тірі қалыпты» дегені бар», дейді ол.

Ал Оғызхан Қызырұлының (Әбілпейіз сұлтанның ұлы Көгедайдың немересі) естелігінде: «Мен Сәкеңмен бір сапарға шықтым. Олар екеу екен. Менімен үш болдық. Жолда қалың тоғай кездесті. Дала көзге түрткісіз тастай қараңғы. Қалың тоғаймен жүріп келеміз, жүріп келеміз. Кенет Сәкең тоқтай қалып, ақырын ғана: «Ары қарай қарумен баруға болмайды», деді. «Қаруды қайда жасырып кетеміз» дегенімізде, «тура осы аттың тұяғы тұрған жерге қоямыз», деді. Сөйтіп біршама уақыттан кейін тоғайдың екінші жағына шықтық. Біраз жүргеннен соң үлкен ауылдың үстінен түстік. Бір ауқатты байдың үйінде болып, қайтадан жолға шықтық. Қайтадан тоғайға ендік. Сәкең кілт тоқтады да, аттан түсіп жасырған қаруларды алып шықты. Мен бұрын-соңды ондай қарағы адамды көргем жоқ», депті.

Бұл естеліктен Сансызбай Иісұлының қандай қырағы адам болғаны, оның өз ісінің мықты маманы болғанына куә десек те болғандай.

«Сансызбай өте батыл да мейірімді әрі зерек саяси сауаты да мықты адам болыпты. Сансызбайға менің әкем Нұрахметтің басына жаламен қауіп-қатер төнген кезде бір өлімнен алып қалған екен. Оған риза болған Нұрахмет Орысбаев 1947 жылы осы Сансызбай Иісұлына арнап «Сансызбайға арнау» деген өлең шығарған», дейді Үржар ауданы Науалы ауылының тұрғыны Оразбек Нұрахметұлы. (Оразбек 2006 жылы Қытай елінен көшіп келген).

Біз жоғарыда Сансызбай Иісұлының Қытай еліндегі жұмысынан басқа, өзінің туған елінде де елеулі еңбек сіңірген тұлға екенін айтқан едік, оған мақаншылық Ғаниятолла Рахимов сөзі куә.

«Негізінде 1957 жылдан бастап Сансызбай ағамыз Көктал ауылын ұйымдастырып, бригадир болған. «Ыдырамаңдар, біраз қиындыққа шыдаңдар, кейін көгеріп, гүлденіп, көркейетін жер» деп ауылға жаңа қоныстанғандарға жігер берді. Расында да уақыт өте бұл ауыл көркейіп, жағдайымыз жақсарып, басқа ауылдардың алды болдық. Сансызбай ағамен кейіннен Мақаншыда жиі кездесіп жүрдік», дейді Ғаниятолла Байбазарұлы.

Сансызбай Иісұлы туралы айтылған, тасқа басылған сөз де аз емес. Тіпті ол кісі жөнінде Д.Қонаевпен, Мао Цзедуңмен, Оспан батырмен және оның баласы Шертиман Оспанұлымен жолыққаны туралы да айтылады. Алайда келесі бір сөздің жөні бөлек деп білеміз. Кеңес заманында Сансызбай Иісұлымен Шыңжаңға бірге барған, күні кешеге дейін өмір сүрген Қалдыбай Қанафиннің де ол кісі жөнінде айтқан естелігі бар екен.

«Сәкең елім деп, жұртым деп туған ардагер азамат. Өз өмірінде халқы үшін еңбек еткен, үлкен қайраткер. Сәкеңмен 1942 жылдан бастап таныспын. Осы таныстық кезеңінде Сәкең тынбастан, халқымызға зұлымдық көрсеткен әрбір патшалықпен күрескен қайраткер. Әсіресе, қазақтар көп жасаған Шыңжаң жерінде Қытай гоминданына қарсы әрбір жерде құрылған, партизандардың отрядтарымен тығыз байланыста болды. Өзі жүрген Тарбағатай аймағының керей, мәмбет, сайболат, төртуыл руыларында өзі құрған партизандық отрядтарына басшылық еткен. Сөйтіп 1944 жылдан бастап Шыңжаңда үш аймақ төңкерісінің үстемдігіне үлес қосқан адам. Кейінгі кезде Мао Цзэдуңның өкіметі Шынжаңға келген кезде осы өкіметке қарсы болған топтармен де бейбіт келіссөз арқылы жұмыстар жүргізген. Шынжаңдағы ұсақ ұлттарға (саны аз ұлттарға қазақ, ұйғырларға т.б.) жүргізген өктемдігіне қарсы күрескен адам. Сол жақтағы, яғни Шынжаңдағы қазақтардың өзінің атамекеніне қоныстануына басшылық еткен, үгіт жүргізген. Яғни 1955 жылдан бастап Шынжаңдағы қазақтардың атажұртына бір миллионнан астам қазақты көшірісуге атсалысты. Айта берсе Сәкеңнің күрескерлік өмірі таусылмайтын ұзақ әңгіме. Сәкеңнің айтылмай қалған, елге жасаған жақсылығы өте көп. Оның бірі есте бар, бірі есте жоқ. Бірақ та өз ісіне адал, «елім, жерім» деп күңіренген асыл азаматтың адамгершілік қасиетін ұмыту мүмкін емес», депті Қалдыбай Қанафин.

1956 жылы Қазақстанға қайтатын кезде Шәуешекке келіп, Тарбағатай аймағындағы 1916-1932 жылдары қоныс аударған қазақтардың басшыларымен жолығып, оларды Отанға қоныс аударуға шақырады. Сөйтіп, оның тікелей араласуымен 1962 жылдың сәуір айында қалың қазақ көші қозғалады.

Сансызбай Иісұлы өз естелігінде: «...бірер солдаттарыммен шығып, олардан 3-4 метр алға жылжып, Жайтөбені (Қытай жақтан өз туған ауылына алыстан қарап тұрған сәті – Б.Қ) көруге асығамын. Алыстан бұлдырап көзіме оттай ыстық басылған Жайтөбені көргенде көзімнен ыстық жас төгіліп кетеді. Шеріктерге көрсетпей, көз жасымды сығып-сығып алушы едім. Жайтөбеден көз алмай тұрып бір Алладан тілеген тілегім: «Өзің жаратқан Сансызбай болсам, дұшпанның найзасына іліндірмей, Жайтөбенің топырағынан бұйырта гөр» деп жалбарынатын едім», депті. Осы сөзінен оның Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін көреміз.

***

Сонымен «айран сұрап, шелегін жасырмас» болар. Полковник Сансызбай Иісұлын туған елі есімін ауыздан тастамай айтып қана қоймай, өскен өлкесінде бір көше атауын беруді жөн көріпті. Тіпті қызы Фариха апамызға ресми ұйғарым хаты да жолданыпты. Хатта: («Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Мақаншы ауылдық округінің аппараты» ММ №161 06.02.2015 ж) «Сіздің ШҚО Үржар ауданының әкімі С.З.Зайнулинге 27 қаңтар 2015 жылғы №ЖТ-И-46 жазған өтінішіңізге байланысты әкеңіз Сансызбай Иісұлына Мақаншы ауылына көше беру туралы сұранысы ауыл әкімі алқа мүшелерінің қатысуымен талқыланды. Мақаншы ауылындағы М.Калин көшесі Сансызбай Иісұлының атына беруді ұйғардық. Мақаншы ауылдық округінің әкімі С.Қалиев» делінген.

Алайда бұл сөз – сөз күйінде ғана қалып қойыпты...

Соңғы жаңалықтар