Оқиға • Бүгін, 10:32

Алматыда ірі көлемдегі есірткі арнасы жойылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы мен Астанада жүргізілген арнайы операция нәтижесінде есірткі тасымалымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 16 келіден астам гашиш тәркілеп, өңіраралық қылмыс арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда ірі көлемдегі есірткі арнасы жойылды

Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық полиция департаментінің үйлесімді іс-қимылының арқасында каннабис тобына жататын есірткі заттарын тасымалдау, сақтау және сатумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында бірнеше күдікті қолға түсіп, олардан ірі көлемде есірткі заты мен ақшалай қаражат тәркіленді. Сонымен қатар есірткі жасыру үшін пайдаланылған арнайы орындар анықталды.

Сот-сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген гашиштің жалпы салмағы 16 келіден асқан. Бұл заңнама бойынша «ерекше ірі көлем» болып саналады.

Алматы қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, бұл операция өңіраралық есірткі жеткізу арнасын жоюға бағытталған.

«Мұндай қылмыстар қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді. Сондықтан полиция үшін тасымалдаудан бастап сатуға дейінгі бүкіл тізбекті анықтау және жою басым міндет болып қала береді. Біз бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп, жұмысты жалғастырамыз», деді ол.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

 
 
 
Соңғы жаңалықтар