Саясат • Бүгін, 12:12

Мемлекеттік басқару неге тиімсіз болып бара жатыр?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экономист Руслан Сұлтанов елімізде мемлекеттік басқару ісі неліктен тиімсіз болып бара жатқанын атады. Оның пікірінше, бүгінде министрліктер өзінің құзіретінен тыс қызметтермен айналыса бастаған. Ол осы мазмұндағы пікірін ортаға салып, мәселені шешу үшін бірнеше ұсынысын жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік басқару неге тиімсіз болып бара жатыр?

Фото: gov.kz

Экономисттің пікірінше, бүгінде салалық министрліктер стандарт пен саясатты қалыптастырудың орнына көбі тариф есептеумен, бюджет бөлумен, сатып алумен айналысып кеткен. Мұндай ретсіздік өз кезегінде басқару ісінде шатасуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкелуі ықтимал.

«Министрліктер өз саласының мазмұндық бөлігіне — медицинаға, білімге, ғылымға назар аударуы тиіс. Ал қаржылық және экономикалық талдауды Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі жүргізуі керек. Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде бір органға тым көп міндет жүктелген. Денсаулық сақтау министрлігі бір мезетте емдеу стандарттарын әзірлейді, дәрі-дәрмек сатып алады, бюджет жоспарлайды және бағаны бақылайды. Нәтижесінде медициналық шешімдер мен экономикалық шешімдер араласып кетеді», деді Руслан Сұлтанов economyKZ.org сайтында жарияланған пікірінде. 

Сондай-ақ сарапшы жеке мектептер мен университеттер де қос бақылауға түсіп отырғанын жеткізді. Білім министрлігі әрі реттеуші, әрі қаржы бөлуші рөлінде болғандықтан, жеке сектордың дамуы тежелуі ықтимал. Сондықтан Руслан Сұлтанов мәселені шешу үшін нақты 5 ұсынысын ортаға салды. 

«1. Министрліктер функцияларын қайта қарау. Негізгі және қосалқы міндеттерді нақты бөлу.

2. Тәуелсіз агенттіктер құру. Мысалы, медицина мен білім саласындағы экономикалық тиімділікті бағалайтын құрылымдар.

3. Ведомствоаралық келісім жүйесін енгізу. Қаржылық салдары бар шешімдер міндетті түрде сыртқы бағалаудан өтуі тиіс.

4. Қоғамдық есептілік орнату. Министрліктер шығын емес, нәтиже бойынша есеп беруі қажет.

5. Жеке секторды қолдау. Жеке мектептер мен клиникалар үшін тең мүмкіндік жасау.

Әр министрлік өз бағытымен айналысуы керек. Салалық органдар – мазмұн мен сапаға, экономикалық органдар – қаржы мен тиімділікке жауапты болуы тиіс», деді Руслан Сұлтанов. 

Экономист министрліктердің құзіретін бөлу мемлекеттік басқаруды күрделендірмейді, керісінше, тұрақты әрі ашық ететінін алға тартып отыр. 

Соңғы жаңалықтар