Салық • 25 Сәуір, 2025

Баж салығы АҚШ-тың бағы ма, соры ма?

70 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамптың дүниежүзі елдерінен импортталатын тауарлардың кедендік баж салығын бірнеше пайызға көтеруі әлемді дүр сілкіндірді. Әсіресе экономикалық-саяси сахнадағы басты қарсыласы Қытаймен «ымырасыз майдан» басталып кетті. Сарапшылар экономикалық соғыс АҚШ-қа да оңай соқпайтынын айтады. Өйткені көп тауар Құрама штаттарға сырттан тасымалданады. Әсіресе Қытайдан импортталатын тауарлар бағасы аспандайын деп тұр.

Баж салығы АҚШ-тың бағы ма, соры ма?

Шартты түрде алайық, Қы­тайда жасалатын ойыншық 500 доллар болса, бұрынғы 20% кедендік алыммен АҚШ нарығына 600 доллармен кіретін. Ортадағы делдал сатушылар тағы осынша баға қойып 1 200 доллар үстемемен саудалайтын. Жаңа тариф кедендік салықты 125%-ға көтеріп жіберді. Сал­дарынан ойыншық құны АҚШ-та енді 2 000 доллардан асып түспек.

«Reuters» агенттігінің ха­барлауынша, қазірдің өзінде АҚШ-та Қытайдан келетін ойыншықтар, опа-далап бұйымдары, той мен сән-салтанат жабдықтары бірнеше есе қымбаттап кеткен. Қытай үкіметі бағалы металдардың да бағасын күрт көтерді. Соның кесірінен АҚШ-та медициналық аппарат жасайтын фирмалар өндірісі кібіртіктеп қалды.

Трамп жарлығынан кейін қымбат­шылық белең алған, оған қоса құнды қағаздар табысы да құлдырап сала берді. Құнды қағаздар ар­қылы АҚШ әлем елдеріне қарызға ақша береді. Алайда «экономикалық соғыс» АҚШ қазынашылығына көлеңке түсіріп, көптеген ел құнды қағаздан бас тартып, алтынға ауыса бастады. Сарапшылар пайымынша, Трампты ке­дендік жаңа салықты іске асыруды 90 күнге шегеруге мәжбүр еткен осы жайт. Біздің мемлекет те осы тұста ұтымды шешім қабылдап, алтынды сыртқа экспорттауға тыйым салды.

Доллар басқа елдерге бе­рілетін қарыз есебінен күшейіп отыр. Қарыз алатын мемлекеттер жетерлік. Саяси тұрақтылық, валюта мен экономика қуаты да АҚШ-ты көшбасшылыққа шығарды. Дегенмен қазіргі жағдайда кей елдер доллардан алтынға ауысуы немесе Швейцария, Жапония қаржы нарықтарына бет бұруы мүмкін. Осы күнде қор нарығында алтын бағасы апта сайын қымбаттап, рекорд жаңартып жатыр.

Америкада елдің эконо­микалық-әлеуметтік жағ­дайын бақылап отыратын агенттіктер саны жүзден асады. Сондай агенттіктің бірі жуырда тұтынушылардың сатып алу қабілетінің рей­тингі 57%-дан 50%-ға тө­мендеткен. Қайбір елде адамдар көлік ауыстырып, үй жиһазы мен тұрмыстық техниканы жаңалап, саяхатқа көңіл бөлсе, ол елде нарықтық белсенділік жоғары деген сөз. Американың рейтинг агенттіктері кейінгі айда АҚШ-та керісінше нарықтық белсенділік өте төмендеп кеткенін мәлімдейді. Бұл өз кезегінде АҚШ-тың эко­номикалық дағдарысқа ұшырап жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ ол халықтың аумалы-төкпелі шақта артық зат алғысы келмейтінін немесе оған шамасы жетпей бара жатқанын айғақтай түседі. Сатылым болмаған соң табыс таппаған компаниялар қызметкерлерін жұмыстан босатады. Салықтық түсім азайған жерде бюджет табысы да толмайды. Экономиканың осындай зардабын білген Трамп Қытайдан импортталатын электроникалық құрылғыларға әзірге ке­дендік жоғары баж салығын салмай отыр.

АҚШ президенті неге мұндай қадамға барды? Ақүй басшысының пікірінше, осы күнге дейін әлемнің барлық мемле­кеті АҚШ-ты пайдаланып келді. Яғни Америкаға көп тауар сатып, одан аз өнім сатып алған. Президенттің ойынша, осы сауда-сат­тықтағы әділетсіздікті жою мақсатында әлгіндей шаралар қабылданды. Сарапшылар сөзінше, расымен сауда-саттықта таразы басын АҚШ емес, басқа елдердің салмағы басып тұр.

АҚШ экономикасының Қытаймен салыстырғанда бәсекелестіктен қалып бара жатуының себебі, бір өнімді шығаруға кететін шығын мен төлемнің арзандығында болып тұр дейді мамандар. Мә­селен, бір айда АҚШ ондаған көлік шығарса, Қытай оны жүздеген санға жеткізеді. Өйткені шығыстағы көрші елде жұмыс күші арзан әрі көлікті жасауға кететін шығын төмен. Қытайды «әлемдік фабрика» деп бекер атамаса керек. Бауырлас ел Түркия да Еуропа аймағында осы атақты иеленгісі келеді. ТМД кеңістігінде Қазақстанның да осындай дәрежеге жетуге қауқары бар. Жуырда Сенат қабылдаған ТМД елдері аумағына экпорт көлемін арттыруға байланысты құжат осы идеяны нақты нәтижеге айналдырады деген сенім мол.

Сарапшылар пікірінше, АҚШ эко­номикасының әлсіздігіне таза өнді­рістің азайып кетуі себеп. Оның орнына Құрама штаттар білім, саяхат, денсаулық, инвестициялық жоба әзірлеу секілді сервистік салаларға көбірек басымдық берген.

 

ШЫМКЕНТ