Жазушы еңбегі
Толстой техника атаулыны аса жақтыра қоймаған. Бірақ жазу машинкасына келгенде алдына жан салмаған. Өйткені ол көшірме санын көбейтіп, жұмыс қарқынын тездетуге мүмкіндік берді. Сөйтіп өркениеттен қашық тұруды мақсат еткен жан жайлауы – Ясная Полянада «Ремингтон» машинкасы пайда болды. Толстой сол машинканың көмегімен қолжазбасының әр бетін бес-он мәрте қайта түзетіп отырды. Бұл іске оның бүкіл әулеті жұмыла кірісті.
Жазушының тоқсан томдығын шығарған редакторлардың есептеуінше, Толстойдың түзетулерін, көшірмелерін ысыра тұрып, тек баспа табақтарын алсақ және оны жазушылыққа жұмсаған алпыс жылға бөлсек, Толстой жылына кемінде елу баспа табақ жазған болып шығады. Бұл – айына төрт табақтан артық. Оның кем дегенде жартысы көркем шығармалар, қалғаны – хаттар мен күнделіктер. Демек, Толстой жыл сайын 20–30 баспа табақ аралығында жазған.
Асылында Толстойды еңбек рухы билеп тұрған. Демалыс дегенді білмейді. Бір дүниені бітірсе, дереу екіншісіне кіріседі. Ал арада үзіліс туса, қатты қиналып, жүйкесі сыр бере бастайтын. «Соғыс және бейбітшіліктен» кейінгі жылдар Толстой үшін өте ауыр соққан. Ой көп, жоспар мол, бірақ жұмыс жүрмейді. 1870 жылғы 9 желтоқсанда жазушының жары София Андреевна өз күнделігінде былай жазады:
«Бұл уақыттағы әрекетсіздік, меніңше, ақыл-ой тынысы оны қатты қинады… Кейде шабыт келді деп қуанады. Кейде үйден және отбасынан жырақта жүргенде, есінен айырылып қаламын ба деп зәресі ұшады».
Ал Толстой сол күндері Фетке:
«Әлсіздік, ештеңе керек емес, тыныштық қана керек, ал ол – жоқ» деп хат жазады.
Ақыры өзін педагогикаға бұру арқылы құтқарды. «Әліппені» жаза бастайды.
Толстой ешқашан қоғамға қатысы жоқ іспен айналысуды білмеген. Өзі кәсіби жазушы да, журналист те емес, бірақ қоғамдағы әр қозғалысты жіті бақылап, бәріне үн қататын болған. Маңызды дүниенің ешқайсы оның қатынасынсыз өтпеуі керек деп есептегендей. Қырым соғысы жүріп жатқанда ол Севастопольге барып, әскери әңгімелер жазды. И. Тургеневтің «Әкелер мен балалары» жөнінде дау шыққанда «Екі гусарды» жаза қойды. Әйел теңдігі сөз бола бастағанда «Отбасылық бақытты» дүниеге әкелді.
Осылайша «Соғыс және бейбітшілік», І Петр туралы басталған роман, «Анна Каренина», «Арылу», халыққа арналған әңгімелер, «Қайта тірілу» – бәрі де Толстойдың өз заманының істеріне тікелей араласуынан туған. Оның шығармашылығы тұтас бір тарихи тактика мен стратегиялық ойлаудың нәтижесі еді.
Жас қаламгерлерге кеңес
Толстой әдеби журналдарды қадағалап, жаңа шыққан дүниелер жайында Фетпен, Тургеневпен, Некрасовпен, Лесковпен, Григоровичпен және басқа да қаламгерлермен пікір алмасып отыратын. XIX ғасырдағы жазушылардың арасында бір-біріне аяқталмаған шығармаларын жолдап, хат арқылы кеңес құру дәстүрі бар еді.
Бұған қоса, Лев Николаевичке жас қаламгерлер жиі хат жазып, жазғандарын оқып беруді, кеңес айтуды, жарық көруіне жәрдемдесуді сұрайтын. Толстой оларды құр «бәрекелдімен» қайтармай, жолданған қолжазба туралы шын ниетін айтатын, кемшілігін де жасырмай көрсететін. Егер шығарма ұнаса, журналға ұсынып қана қоймай, өз қолымен өңдеп, артығын күзеп, кем-кетігін өзі толықтырып түзеп беретін. Ал кейбір авторларға әдебиетті мүлде қойып, басқа жол іздеуді ұсынады.
Міне, Толстойдың жас қаламгерлерге айтқан кеңесі. Ешкім бірден қабылдай қоймайтын, қабылдаса да бірден жүзеге асыра алмайтын ұсыныс:
«Әлбетте, тастаңыз (жазуды)! Мұны мен барлық жас жазармандарға айтып жүрмін. Бұл қарапайым кеңесім. Қазір жазатын заман емес. Адал іс қылып, өмірді түзеп, өз үлгіңмен өзгеге жөн сілтеу керек. Шалдың сөзін тыңдасаңыз, әдебиетті тастаңыз. Маған бәрібір! Ертең өлем де қалам... Ал сіздерге, жаңа бастағандарға, уақытты бекер өткізіп, нәпсінің жетегіне ерудің қажеті жоқ».
Бұл сөздерді Лев Толстой 1890 жылдың 20 желтоқсанында әдебиетші, қоғам қайраткері әрі мемуаршы Александр Жиркевичпен әңгіме барысында айтқан. Ол кезде Толстой 62 жаста еді және өзінің әйгілі «рухани түлеуінен» өтіп, жазушылыққа да жаңа көзқараспен қарай бастаған. Оның ойынша, әдебиет оқырманды рухани оятуға қызмет етпесе, онда ол – мүлде қажетсіз өнер.
Ол өзі де жастау кезінде кейде күмәнға беріліп, жазуды тастап қоятын. Ондай шақтарда көбіне аң аулап, қожалық шаруасын жүргізетін. Осындай «тыныш» кезеңдердің бірінде, 1859 жылдың 24 қазанында Толстой досы Афанасий Фетке былай деп жазған:
«Кейде аяқ астынан ұлы адам болғым келіп кетеді де, әлі күнге дейін сол күйге жетпегенім жаман ашуландырады. Тіпті тезірек тұрып кетуге немесе асты тезірек іше салуға тырысасың, тек бастасам екен деп».
Ал енді 1853 жылы Толстой күнделігінде, өзі әлі жас қаламгер саналған шағында, өзіне берген кеңесі:
«Жаз. Бірінші, әуелі қолжазбаны жоба қылып, ойды орны мен дәлдігіне қарамай түсір; Екінші, қайта көшір, артықтың бәрін алып тастап, әр ойға өз орнын бер; Үшінші тағы бір көшіріп, барлық тіл кемшілігін түзет».
Қаламгерді заман тудырады
1860 жылы Толстой Е. Ковалевскийге жазған хатында былай дейді: «Даналық – не істеу керектігін білуде емес, одан бұрын және одан кейін не істеу керектігін білуде». Бұл хикметті, бәлкім өнерді Толстой айрықша меңгерген. Ол өмірдің кез келген құбылысының алдында не болатынын һәм оның нәтижесі қандай болатынын жақсы білген. Айталық, өзі мұрат тұтқан – әлемдік махаббат идеясын алайық. Махаббатты сыйлайтын – құдай. Адам құдайды ешқашан толық танып біле алмайды. Толстой да танып білмеген. Бірақ ол адамның құдайды танып білгенге дейінгі жағдайын, тануға талпына бастаған хәл-күйін жақсы білді. Және құдайды толық танығаннан кейінгі өзгерісті анық болжады.
Осы орайда Борис Эйхенбаум Толстойда тактикалық дағды қатты дамығанын айтады. Ол кез келген құбылыстың қай жақтан және нені мұрат етіп келе жатқанын түйсікпен сезген дейді. Онысын Толстойдың екінші, рухани өмірі басталған кездегі жазбаларынан анық аңғарамыз. Ол өмір бақи мінез кеселдерімен, яғни нәпсі күшімен күресіп өтті. Ол жай ғана күрес емес, бұл – соғыс. «Табылды өз бойымнан екі дұшпан: бірі іштен болғанда, бірі тыстан» демей ме Мәшһүр Жүсіп?! Толстой осы екі дұшпанының айла-тәсілін әбден меңгерген. Соған қарсы қарымта шабуылдарды да үнемі жасап отырған. Кей кезде оның ойға алған шаруасын әлгі ішкі-сыртқы дұшпандары да білмей қалған сияқты көрінеді. Мұндай қасиет жазушылық қырағылыққа тікелей оң әсер етеді. Осы қабілетке оны, сөзсіз, туған заманы, өскен ортасы жеткізді.
«Пайғамбарларда отан болмайды» деген, расында, асыл сөз. Олар адамзатқа ортақ тұлғалар. Толстой да сондай. Ол өзін орысқа ғана емес, әлемге керекпін деп есептеді. Ол қоғамдағы барлық құбылыс үшін өзін жауапты сезінді. «Пирамидалардың төбесінен маған қырық ғасыр қарап тұр» деуі осыны айғақтайды. Тіпті «мен тоқтасам, бүкіл әлем құриды» дегені де – түйсік қана емес, дәуірден, тарихтан туындаған мұрат дейді толстойтанушылар. Бұл ұстанымынан көп адам пайғамбарлық қасиетті көрді, кейбіреулер паңдық деп, жиіркенді . М. Горькийдің: «Оның шектен тыс ұлғайған тұлғасы – ғажайып, тіпті бір жағынан ұсқынсыз» дегені де сондықтан болар.