
Сурет: ru.freepik.com
Жобаның мақсаты – екі ел университеті арасында әріптестік байланыс орнатып, ғылыми тәжірибе алмасу. Сондай-ақ агро мамандығында оқитын студенттерге органикалық жолмен өнім алудың тың тәсілін үйрету. Іс-шараға университет ұжымы мен Кореядан келген қонақтар және жергілікті кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Әсіресе бұл кездесу біздің агроөнеркәсіп кешені өкілдерінің қызығушылығын туғызды. Себебі табиғи өнім өндіру арқылы отандық тауардың сапасын арттыра аламыз. Сондықтан шымкенттік кәсіпкерлер «Ақылды жасыл ферма» жобасына айрықша назар аударды. Бұл жоба арқылы студенттер ғана емес, бизнес өкілдері де осы бастама шеңберінде тәжірибе алмасуға болады.
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ басқарма төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки Мемлекет басшысының қолдауымен отандық ғылым жаңаша серпін алғанын атап өтті.
«Қазір біздің ғалымдардың белсенділігі жоғары. Олар серіктестерімен бірлесіп, жаңа ғылыми жобаларды іске асыруға септесіп жатыр. Бұдан екі жыл бұрын профессор Рае Квон Чунг «жасыл энергияны» пайдаға жарату арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға болатыны туралы ұсыныс білдірген еді. Нәтижесінде, биыл инвестормен бірге жаңа технологияны қолдана отырып, «ақылды ферманы» біздің университетте қалыптастырсақ дейміз. «Ақылды жасыл ферманың» өнімдерін өсіруде пестицидтер, химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондай-ақ осы жүйе аясында 90 пайызға дейін суды үнемдеуге болады», деді ол.
Іс-шара барысында ферма құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Бұл кешенде жасыл мақта, васаби мен құлпынай өсіріледі. Профессор Рае Квон Чунг фермада өндірілетін жасыл мақтаға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жоғары сортты өнімге Луи Ветон секілді әлемдік брендтік фирмалар қызығушылық танытып отыр екен. Ал оған қажет құрал-жабдықты кореялық компания өз есебінен жеткізеді.
ШЫМКЕНТ