Пікір • 25 Ақпан, 2025

Әдебиет әлемінің төрінде

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз, 80-жылдар өскіндері, әдебиетте Дулат Исабек әлемі­мен сусындап өстік. Ауылда қы­зыл жыңғыл­ды ат қып мі­ніп жүр­ген шағымызда «Боно­парттың үйленуі» жарық көр­се, сондағы оташының өткір бәкісі біздің де балалық ша­ғымызға жарық­шақ түсіріп, еркін ержетіп, бой түзеуімізге септігін тигізді, сонда әдебиет деген сиқырдың алдында ерік­сіз бас игенімізді білмей де қалдық.

Әдебиет әлемінің төрінде

Д.Исабек не жазса да қа­рапайым адамның жан-дүние­сін ақтарып, көз алдыңа тартады. «Шиелінің қауындары» шық­қанда теміржол бекетінде теңкиіп жатқан сары қауын тіл үйірсе, қаламгер өмірдің тәтті­сін емес, ащысын көр­сетіп тұрға­нын да кейін білдік. Сол сары қауын қазір­гі сағынышымыз, қауындық­тың орны мұнай мен уран алқабы­на айналып, Байқоңыр­дың белгісіз болашаққа жол сілте­рін де автор ерте еске салып, шығарманың көркемдік шешімі удай шындыққа айналып тұр. Бұл – әдебиеттің ұлы мұраты.

Д.Исабек – 60-жылдар прозасына қарғын боп келген қа­ламгер. Кемел­денген социализм адамдарын жеріне жет­кізе суреттеп, жан-дүниесін­дегі қыр­тыс-тыртыс­ты үшкір қаламның ұшы­мен кейіпкер ғып үйіріп, әлеуметтік мәні зор образдар ­галереясын жасады. «Ескерт­кіш», «Социализм зәулімі», «Кон­фронтация», «Өкпек жолаушы» шығар­малары қой бақ­қан қара қазақ пен трактор жүргізіп, көңілін демдеген ауыл адамының бей­несі, олардың бойында бұғаулы қоғамға деген іштей қарсылық пен түлкі заманның саясатын түсіне алмайтын дарақылық бар. «Ел тілегі – елу миллион» деген пар­­тияның жымысқы саясатына да амалсыз мойынсұнған­дар солар еді. Әуелі «Гауһартас­ты» кітаптан оқып, кейін кино ғып көрген оқырманның жаны ­қа­лай шырқыраса, шал мен бала – болашақ пен өткен өмір тағды­ры «Дермене» арқылы қоғамда үдеріс туғызды.

Иә, Дулат Исабек қанқұйлы соғыс басталғанда әкелерін майданға аттандырып салған «жеті жетімнің» бірі болса, «Біз соғысты көрген жоқпыз» шығармасы әке көрмей өскен ұрпақтың соғысқа айтқан қар­ғысы дер едім.

Қош, қазақ әдебиетіне «Қар­ғын» боп келген дара тұлға! «Әде­биетшінің өзі, прозаның көзі, сыншының өткір сөзі бола білген Қуандық іні-досқа автордан сый бол­сын! Дулат Иса­бек. 15.02.2012.» деп қол­т­аңба қалдырған «Қарғын» атты кіта­быңыз кітапханамның төрін­де тұр. Ақыл қосқан аға, үлкен жолдағы ұстаз, әзілі жа­расқан ақ көкірек замандас, сіз әде­биет әлемінің төріндесіз. Біз – Исабек әле­мі­нен сусындап өскен ұрпақпыз. Оның әлемі өзгеше...

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы,

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаты