Қоғам • Кеше

Кәсіпкерлерге көмекші: жасанды интеллект жасап беретін бизнес

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұрын кәсіпкерлерге бірнеше бөлек порталмен жұмыс істеуге тура келетін. Мемлекеттік сатып алу, электронды шот-фактура, салық пен кеден декларацияларын жасау – жеңіл жұмыстардың бірі емес. Әрқайсы әр жүйеде орналасқандықтан, навигация қиын, ал уақыт шығыны көп болатын. 2024 жылы Қаржы министрлігі негізгі цифрлы жүйелерді ауқымды түрде жаңартуға кірісті. Бұл біртұтас, түсінікті және жайлы цифрлы ортаны құруға жол ашты, деп жазады Egemen.kz.

Кәсіпкерлерге көмекші: жасанды интеллект жасап беретін бизнес

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Осы жұмыстың алғашқы нәтижелерінің бірі – кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті. Қазір ол сынақ режімінде жұмыс істеп тұр. Ерекшілігі – министрліктің негізгі мемлекеттік қызметтерін бір жерде біріктіреді. Енді кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуға қатысып, салық және кеден декларацияларын тапсырып, электронды шот-фактура жазып, салық төлеп, қаржы есептілігін бір интерфейсте басқара алады. Бұл уақытты үнемдеп, әкімшілік жүктемені айтарлықтай жеңілдетеді.

Жасанды интеллект бизнеске кеңес береді

Министрлік цифрлы модернизациямен қатар жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөліп отыр. Сол жобалардың ішінде болашағы зор шешім – ЖИ бизнес-көмекшісі. Бұл құрал кәсіпкерлерге бизнес идея пайда болған сәттен бастап оның нақты іске асуына дейін көмек көрсететін толыққанды цифрлы кеңесші ретінде әзірленіп жатыр.

ЖИ-дың ең маңызды қызметтерінің бірі – болашақ кәсіпке ең тиімді орынды таңдап беру. Локация – табыстың негізгі факторларының бірі. Дұрыс таңдалған мекен сату деңгейін көтереді, бәсекелесті дұрыс бағалауға көмектеседі және шығынды азайтады. Ал орынның сәтсіз болуы табысты төмендетіп, шығынды көбейтеді.

ЖИ мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграцияланған және аудандардың экономикалық белсенділігін, сұраныс құрылымын, жұмыспен қамту деңгейін, бәсекелестік ортаны, салалардың даму динамикасын талдайды. Алгоритмдер осы деректер негізінде әр локация бойынша күтілетін кіріс көлемін, рентабельділікті, тәуекелдерді болжап, дайын ұсыныс бере алады.

Бұл тәсіл шешімдердің дәлдігін арттырып, әсіресе шағын және орта бизнес үшін бастапқы кезеңдегі қателіктерден сақтануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде деректерге негізделген жаңа бизнес мәдениеті қалыптасады.

Бизнес көмекшіңіз бола алады

Цифрлы жаңғыртудың алдағы кезеңі – мемлекеттік қызметтердің проактивті түрде ұсынылуы. Деректер жеткілікті жинақталған сайын мемлекеттік жүйелер кәсіпкерлердің қандай көмекке мұқтаж екенін өздері анықтап, арнайы бағдарламаларды, жеңілдіктерді және маңызды хабарламаларды автоматты түрде ұсына алады.

Бұл – қызметті кәсіпкер іздемейтін, керісінше, жүйе кәсіпкерді өзі тауып, ұсыныс беретін модель.

Мемлекеттік сервистерді интеграциялау, бірыңғай кабинет құру және ЖИ технологияларын енгізу – елде жаңа цифрлы экожүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Нәтижесінде кәсіпкерлер үшін жұмыс істеу үдерісі жылдам, тиімді және заманауи стандарттарға жақындайды, ал мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жеңілдейді.