Қоғам • Бүгін, 17:55

Шымкентте киберқауіпсіздік бойынша форум өтті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте 1500-ден астам тұрғынды жинаған «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» тақырыбында кең ауқымды форум өтті, деп жазады Egemen.kz.

Шымкентте киберқауіпсіздік бойынша форум өтті

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Үскембаев, қала прокурорының орынбасары Марат Ержан, экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Санат Құлбаев, «Digital Road» IT-индустрия қауымдастығының өкілі Сейдулла Исмаилов және полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын кеңінен насихаттау, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіпсіздік дағдыларын дамыту, киберқылмыстар үшін жауапкершілікті түсіндіру және жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына назар аудару болды.

Іс-шара IT-жабдықтар мен робототехника көрмесімен басталып, кейін қатысушылар назарына театрландырылған көрініс ұсынылды. Форумды Арман Сәбитов ашып, интернет-алаяқтықпен жүйелі түрде күресудің және мемлекет, кәсіби орта мен азаматтар арасындағы өзара ықпалдастықты арттырудың маңызын атап өтті.

Спикерлер форум барысында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіріп, мұндай қылмыстардың көпшілігі азаматтардың сенгіштігінен болатынын айтты. Құрманбек Сахов алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін, одан қорғану жолдарын және қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін жан-жақты баяндады.

Форумның ерекше бөлігі – «Мошенники» фильмінде басты рөлде ойнаған қазақстандық актёр Рүстем Омаровтың видеоүндеуі болды. Ол тұрғындарды сақ болуға, күмәнді онлайн-хабарламаларға сенбеуге және цифрлық сауатты үнемі арттыруға шақырды.

Бұдан бөлек, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардың салдары туралы бейнеролик көрсетілді. Спикерлер киберқылмыстардың алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтып, алаяқтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жалған онлайн-сервистерді жиі пайдаланатынын атап өтті.

Форум азаматтарды қабылдаумен аяқталды. Сала мамандары тұрғындардың интернет-алаяқтыққа қатысты сауалдарын тыңдап, киберқауіптерге тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі жөнінде кеңес берді.