
Еуразия ұлттық университеті – аталған ерікті жинақтау жүйесінің бастамасын қолдаған еліміздегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Мемлекет басшысының 2023 жылы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген жаңа жүйе балаларына сапалы білім алуды жоспарлайтын отбасыларға айтарлықтай мүмкіндік береді.
Айталық, осыған сәйкес бала 5 жасқа толған кезде мемлекет бастапқы білім беру капиталын 60 АЕК (2025 жылы бұл 235 920 теңге) көлемінде, ал жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде бастапқы білім беру капиталын бөледі. Сондай-ақ жыл сайын 5-7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы және қатысушыға банктің сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясынан инвестициялық сыйақы төленеді.
Сонымен қатар «Келешек» жүйесіне қатысушыларға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мәселен, жетім балаларға немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік берілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға 30 пайызға дейін жеңілдік жасалған. Ал көпбалалы отбасыларға 30 пайызға дейін жеңілдік болса, аз қамтылған отбасыларға 20 пайызға жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ басқа да санат өкілдері студенттер үйінде (жатақханада) оқудың барлық кезеңінде тегін тұрады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті оқу кезінде (9-11 сыныптар) ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын талапкерлерге айрықша назар аудармақ. Оларға 70 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Бұл қолдау ғылым мен білімнің дамуына өз үлесін қосып жүргендерге жаңа мүмкіндік ашады. Жастарды ғылымға ынталандырып, білімге құштарлықтарын оятады.
Серіктестік аясында қос тарап қаржылық қолжетімділікті арттыруға, дарынды студенттерді қолдауға, инновациялық білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр.
Дидар АСЫЛХАНОВ,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 3-курс студенті