Руханият • Бүгін, 08:17

Қадыр ақынның қарындашы

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қадыр ақынның жары Салтанат апайдан көлемді сұхбат алып болған соң, қайтуға сыртқа беттеп бара жаттым. Кенет, «сен де бірдеңе жазатын баласың ғой, ә?» деген жылы дауыс естілді. Жымиып «иә» деп жауап бердім. «Онда бері келші, ағаңның жазу кабинетіне кел», деді де ішке қарай қайта шақырды.

Қадыр ақынның қарындашы

Иісі қазақта ең көп кітап жинаған, сол кітаптардың бәрін оқып тауыспаса да, өзіне қажеттісін меңгерген қажырлы ақынның шығармашылық кабинеті маған атшаптырым болып көрінді. Ретті бөлмеде ашық түсті кітап сөрелері бәрін айтқысы келгендей үнсіз сөйлеп тұр. Салтанат апай жылдам басып, анадай жердегі үстелдің үстінен бір кішкене қарындаш алды да, маған берді. Жай берген жоқ, үлкен тілекпен, сеніммен ұсынды.

«Осы қарындашпен ағаң көп шығармасын жазды. Қадағаң қартайған шағында отырып жазғаннан гөрі жатып алып жазғанды құп көрді. Арнаулы дүкеннен қораптап қарындаш сатып әкеліп, бәрін ұштап, қырлап, жазуға дайындап қоятын. Сия дұрыс жазылмайтыны рас. Ал ол кісі шығармаларын қарындашпен жазып, қайтадан машинкаға басатын. Қарындашпен жазудың бір пайдасы – оны түзету оңай. Сен де көп шығарма жаз, жазарыңа сенемін» деп ақынның шығармашылық сырын ағытып, үлкен пейілімен ақ тілегін арнады.

Айналаны рухтың тылсым сырымен толтырып тұрған кітаптарға қарап ойландым. Сөзді Салтанат апайдың өзі жалғады. «Мен оны алғаш көргенде қолынан кітап көрдім. Былайша айтқанда, кітап оның өмірінің бөлшегі іспетті еді. Студент кезінен бастап кітап жинайды екен. Фурманов пен Абай даңғылының қиылысында үлкен кітап дүкенінде Райхан деген жеңгеміз істеді. Ағаң сол кісіге тізімін беріп, «кітап алып қойыңыз» дейтін. Содан кейін  «Книжное обозрение» дейтін газетті үнемі қарап тұратын. Ол газетте кімнің кітабы қай жерде, қай баспадан шығып жатқаны жазылатын. Соған қарап шетелге, Мәскеуге баратындардан алдыратын. 8 мыңға жуық кітабын солай жинаған еді. Үнемі сол кітаптарына қарап, көңілі тоятын. Кейде ерте тұрып, қара базарға баратын, ол базар тек сағат жеті мен сегіздің арасында ғана жұмыс істейді. Базарға барарда қолтығына бірнеше кітабын қыса барады. Іздегені табылса, сатып алып, не болмаса өзі апарған кітаптарға айырбастап алатын».

Бұл да ақынның шығармашылық әлемін зерттеу үшін таптырмас дәйектің бірі. Болашақта бір білгір «Қадыр ақын оқыған кітаптар» деген зерттеу жазбасына кім кепіл деген оймен тербелгенімді жасыра алмаймын. Былайғы жұрт көп айтатын Қадыр ақын туралы аңыздарға енді «қарындашпен жазады екен» деген сырдың қосылуы да заңдылық. 

Сөйтсек, қазақтың Қадыр ақынына қарындаш көп көмектесіпті. Салтанат Мырзалиеваның айтуынша, ақын сыртқа шыққанда үнемі қалтасына қарындаш салып жүреді екен. Тіпті көшеде автобус күтіп тұрған сәтінде де қысқа қарындашымен қойын дәптеріне өлең жазып отыратын болыпты.

Қадағаңның мұндай қырын түсіне білген достары, замандастары оның үйіне қонаққа барғанда, қорап-қорап қарындаш сыйлайтынын да естідік. Әңгіме арасында Салтанат апайдан Қадыр ақынның қай кезде жазуға жиі отыратынын да сұрап үлгердім. «Көбіне таңертең жазатын.  Кейінгі кездері шаршайтын болғандықтан, кешкі сағат 9-10 шамасында ұйықтап қалатын. Ал таңертең сағат 7-ге таяу тұрып, жа­зуын жазады. Арасында бір демалып, тағы кірісетін. Бір қарасаң, жазу үстелінде отыратын, тағы бірде қарасаң, диванында мызғып жататын. Біз ол кісінің шығармашылығына кедергі жасамайтынбыз, шама бар, бар шаруаны өзім істеуге дағдыландым».

Әдебиет оңашалықтың әлемі екенін жақсы білеміз. Сол емін-еркін оңашалық Қадыр Мырза-Әлі ақынға қаншама шабыт сыйлағанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін де емес. Ал оның қағазы мен асау ағыстай ойларына серік болған қарындашы туралы әлі де ойланамын. Қадыр ақынның қарындашын оның жарынан сыйға алған күні менің төбем көкке бір елі жетпей тұрды. Айналама көз саламын, Алатау анадайдан мұнартады. Көлік дабылы жиі қағылатын Алматы көшелерінде келе жатып әлгі қарындашқа қайта-қайта қараймын. Кіп-кішкентай ғана жазу құралы «не жазамын десең ерік өзіңде, тек өзіңше жаз» деп шабыт беріп тұрғандай.

Сол қарындаш кітап сөремнің төрінен орын алды. Анда-санда қолыма алып, шығармашылық туралы ойланамын. Алматыдан Астанаға көшкенде де, Қадыр ақынның қарындашын ең қастерлі бұйым ретінде өзімізбен бірге ала келдік. Көп өтпей Амери­каға оқуға барғанда да, әлгі қарындаш мұхит асып, Вашиңтон төріне бізбен бірге «барды». Былай қарасаң, титтей ғана қарындаш. Ал ол қағаз бетінде ойнақ салса, күші мен құдіреті қаншалық екенін ешкім мөлшерлей алмас. Иә, әлемде қаншама кішкентай заттар мына төрткіл дүниенің ағысын басқа арнаға бұрып жіберді.

Өткен аптада жұмыстан үйге келсем, алты жасар ұлым «есеп шығарамын, маған қарындаш беріңізші» деді. Кенет ойыма Қадыр ақынның әлгі қарындашы түсе кетті де, сөреден алып, ұлыма бердім. Кішкентайлығына қызықты ма, әйтеуір оған бұл қарындаш ұнады. «70+70»-ті қоссам, 140 болады», деп есеп шығара бастады. Сол сәт менің көңілім қуанышқа бөленді. Неге дерсіз? Кішкентай ғана қарындашпен біреуіміз өлең жазып, біріміз есеп шығарсақ, бұл да бір сабақтастық емес пе?

Осы жазбаны жазып отырып, Қадыр ақынның  көзіндей болған қара қарындашқа қанша рет қа­ра­ғанымды білмеймін. Әйтеуір, осы бір жазу құралында әлі жазбаған, жазсам деп жүрген жыр­ларымның тармақтары тұрғандай сезіледі. Міне, осы сөйлемге нүкте қояр сәтте де, Қадыр Мырза-Әлінің қарындашына қарап отырмын.