Жәрмеңке жүйелі қалыптасқанға дейін Бөкейлік қазақтары малын Орал, Гурьев, Астрахань, Саратов, басқа қалалардағы орыс жәрмеңкелеріне апаратын. Жүздеген шақырымға айдаған мал жүдеп, арықтап кететін. Әрі жол торыған қарақшы да сауда керуендерін үлкен шығынға ұшырататын. Ұзақ жол артық шығын, қосымша еңбек еді. Әрі қазақтар Ресей көпестеріне малды арзан бағаға өткізуге мәжбүр болды. Осындай экономикалық және әлеуметтік қиындық тұсында Жәңгір хан Ордада тұрақты сауда орталығын құруды қолға алды. Сөйтіп, Ордада жәрмеңке ұйымдастыруға ресми рұқсат алынды.

Хан жәрмеңкесі 1832 жылдан бастап ставкадан төрт шақырым жерде, жылына екі рет – көктем мен күзде тұрақты жұмыс істеді. 1870 жылы жәрмеңкені орталықтан 35 шақырым қашық орналасқан Ахун елді мекеніне көшіру ұсынылып, қазынадан бөлінген 56 161 сомға 316 лавкасы бар 12 үлкен корпус салынды.
Хан ставкасындағы жәрмеңке экономиканы дамытты, халықаралық сауда қатынастарын жандандырды, қазақ даласында кәсіпкерлік негіздері қалыптасуына ықпал етті. Жәрмеңкеге қатысқан саудагерлер қазақ даласындағы экономикалық жаңғырудың тірегі болды. Олар тек тауар тасымалдаушы емес, жаңа идея мен мәдениетті жеткізуші, аймақтар арасындағы экономикалық көпір қызметін атқарды. Саудагерлердің құрамы әртүрлі ұлт пен әлеуметтік топтан тұрды. Негізгі делдалдар, Хан ставкасына Ресей тауарларын әкелушілер – татарлар мен орыс көпестері болса, қазақ саудагерлері – мал, тері, жүн, киіз және ет өнімдерін сатушылар еді. Ал Бұхара мен Хиуа саудагерлері шығыс маталары мен зергерлік бұйымдарды жеткізетін.
Қазақ даласында, әсіресе Бөкей ордасында Жәңгір хан тұсында (1823–1845) Ресей империясының үлгісінде гильдиялы саудагерлер институты болды. Бұл жүйе көпестердің мүлік жағдайы мен сауда айналымына қарай үш топқа бөлінетін.

1-гильдия көпестері – сауда айналымы өте үлкен, шетелмен сауда жасауға құқылы, ең бай және ықпалды топ болды. Оларға банк несиелеріне, ірі жәрмеңкелерге, қалада үй иеленуге рұқсат берілді. Әдетте, атақты татар көпестері, орыс көпестері осы топқа жатты.
2-гильдиялы – орта дәрежелі көпестерге Ішкі Ресейде губернааралық сауда жасауға рұқсат етілді. Кейбір жағдайда, белгілі бір кәсіпорын иелері де осы топқа енді.
Ал 3-гильдияға шағын ауқымды, көбіне жергілікті саудагерлер – қолөнершілер, базар саудагерлері, жәрмеңкелерге қатысатын қарапайым көпестер жататын. Ауылдық жерде жиі кездесетін қазақ, татар, башқұрт арасынан шыққан саудагердің көбі осы топқа саналды.
Жәңгір ханның реформасы арқасында сауда дамып, гильдиялы көпестер қатары артты. Архив пен мұрағат деректерінде ХІХ ғасырдың 30-60 жылдарында жәрмеңкеге қатысқан бірқатар саудагердің аты-жөні кездеседі.
Ордада ханның шақыруымен сауда ісімен айналысып, үлкен капитал жинаған саудагер – Тамбов губернасының 3-гильдия көпесі Данило Медведев болатын. Ол әуелі ставкада ағаштан үй тұрғызғандарға құрылыс материалын сатып, шаруасын дөңгелеткен. Құрылыс қарқыны бәсеңдеген соң бау-бақша өсіріп, жуа, қияр, қызанақ сатумен шұғылданды. Қосымша құс шаруашылығымен де айналысып, тауық пен қаз етін, жұмыртқасын сатып, пайдаға кенелді. Сонымен қатар Д.Медведев Мешітқұм, Сейітқали, Жетібай сияқты ауылдарды аралап, тұрмыстық заттарды малға айырбастаған. Мысалы, самаурын – 4-5 қойға, 1 қадақ шәй 2 қойға тең болыпты. Ханның ұсынысымен Д.Медведев дүкен-ләпке, қойма салатын құрылыс материалын, ағаш пен темір бұйымдарын әкеліп сатып, жәрмеңкенің ашылуына үлес қосты. Сонымен қатар жәрмеңке кезінде жібек және қағаз бұйымдарын, мата, шай, қант, темір заттарды, нан, сұлы, басқа да тұрмыстық тауарларды тасымалдаған.
Орда жерінде алыпсатарлықпен айналысқан саудагерлер тез байып, товар айналымын бірнеше есе ұлғайтқан. 3-гильдия көпесі Д.Медведев алғашқы капиталы – 20 күміс рублін 20 жыл ішінде 25 мың рубльге жеткізді. Астраханьдық көпес Д.Измаилов жеке сауда жүргізуді 1817 жылы бастап, бір жылдың ішінде иелігіндегі 64 000 рубль сауда айналымын 1 195 000 рубль деңгейіне дейін көтерді. Осы ақшаның 250 000 рублі – жеке капиталы еді.
Саратов губернасының 3-гильдия көпесі Филипп Житковтің бірнеше сауда нүктесі мен қойма бөлмесі болған. Ол жәрмеңке кезінде жібек, қағаз және тері бұйымдарын, астық, ағаш және көмір тасымалдаған. Ол хан шақырған алғашқы орыс маманның бірі еді. 1830–1840 жылдары Ордада дәріхана мен оқу-ағарту ісін ұйымдастырды. Қазақ тіліне үйреніп алып, жергілікті халықпен жақсы қарым-қатынас жасаған.

Татар көпесі Ғабдолла Рахматуллин де Ордада ірі дүкендер мен өндіріс ұйымдастырған. Жәңгір ханның сеніміне кірген ірі саудагер Ордадағы ірі дүкендерге иелік етіп, тұрмыстық тауарлар мен киім-кешек сатумен айналысты. Жәңгір ханның кейбір бастамасын қаржылай қолдады. Қазақша, орысша, татарша сөйлеп, ол да халықпен тығыз араласқан.
Қазанда қызмет еткен тағы бір татар Хабиб Хужасейітовтің сауда нүктесі, қойма бөлмесі болған. Ол Ордаға жібек және қағаз бұйымдарын, шай, қант, нан және түрлі ыдыс-аяқ тасыған.
Ордада бірнеше дүкен ұстаған ірі саудагер Афлатон Уразовтың Хан ставкасының өзінде 5 үйі болған. Ол Мәскеу, Астрахань қалаларынан халықтың күнделікті тұрмысына қажетті заттарды тапсырыспен алдырып отырған.
Уәлиолла Минкин есімді татар саудагері Хан ставкасына Қазан губернасының Шырдан ауылынан келген. Ол Орда тұрғындарынан тері мен жүн жинап, Астраханьға түйе керуенімен жеткізіп, одан әрі пароходпен Новгородқа дейін апарыпты. Тапқан пұлына Хан ставкасынан ағаштан үй тұрғызған. Сол үйінің жанынан бірнеше дүкен де салдырған.
Мұстафа Жоламанов – беріш руының есен тайпасынан шыққан қазақ саудагері, оның 3 сауда нүктесі, 1 қойма бөлмесі болған. Ол қағаз бұйымдарын сатып, дүкендерді жалға берген. Хан ставкасында тұрып, осында 1881 жылы 78 жасында дүние салған.
Байбақты руынан шыққан қазақ саудагері Ерәлі Итесовтің де 2 сауда нүктесі бар екен. Ол да қағаз бұйымдарын сатып, дүкендерді жалға беріпті. Алаша руынан шыққан қазақ саудагері Бегайдар Қарабасов ұсақ-түйек және ұн саудасымен айналысқан, бір ләпкелесі. Ал беріш руынан шыққан Бекетай Шонғаев есімді қазақ саудагері де 1 ләпкеде қағаз бұйымдары мен ұсақ заттар сатыпты.
Бөкей Ордасындағы астық саудасымен Свешников, Портков және Қарауылқожа Бабажанов айналысқан. Олар бөкейліктің белгілі бір аумағын өзіне қаратып, астық пен оның өнімдерін сату ісінде монополия орнатуға тырысқан.
Сол кездері Ордада сауда айналымы артуымен қатар, көптеген кәсіп түрі пайда болды. Саудагерлер тек саудамен шектелмей, қоғамға қажетті қызмет түрлерін алғаш ұйымдастырған жандар еді. Олардың алғашқы буыны дүкен мен ләпке ашты, қойма салды, кейін қонақүй, монша, наубайхана пайда болды, май шайқап, сабын қайнататын, тері илейтін өндірістік кәсіпорындар іске қосылды. Бұл халықтың қажетін өтеумен қатар, қоғамда кәсіпкерлік мәдениеттің тамыр жаюына ықпал етті.
Хан Ордасында тұрған Григорий Медведев есімді орыс көпесі май мен сабын шығаратын, тері илейтін шағын цехтар ашты. Ол да Жәңгір ханмен тығыз байланыста болды. Кей деректе Жәңгір хан оның кәсібін қолдап, жер бөліп бергені жазылған. Өндірілген май, сабын, тері бұйымдары қазақ ауылдарына, көрші аймақтарға сатылды. Оның кәсібінде жергілікті қазақтар жалданып жұмыс істеді – бұл қазақ жеріндегі жұмысшылардың алғашқы толқыны еді.
Павел Епифанов та Ордада саудамен айналысқан, гильдия дәрежесі бар көпестің бірі еді. Оның сауда нүктелерінде тұз, керосин, сіріңке сияқты күнделікті халық тұтынатын тауарлар сатылған. Өзінің жеке наубайханасы да болыпты. Орда қазақтары оны «банкі бала» деп атапты – өйткені қолы ашық, қарызға ақша бергіш болған. Ол қазақтарға тауарды қарызға, яғни жазып та береді екен.
Құжаттарға көз салсақ, 1861 жылы Камышин көпесі Добрынин Ордада монша салу үшін Уақытша кеңеспен шартқа отырған. Ал 1862 жылы 16 қазанда 2-гильдия көпестері Дубовскийлер, Шишин, Калашников есімді мещандар Уақытша кеңеспен келісім жасап, Хан Ордасында 2 қонақүй ұстауға, жәрмеңкелерде таразылар орнатуға және қазына ғимараттарын жылытуға 250 сажын отын ағашын тасып әкелуге міндеттенген.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап жәрмеңкеге келушілер саны артып, олар Ордада тұрақты қоныстана бастады. Саудагерлердің ставкаға тұрақтап қалуы демографияға да әсер етті. 1851 жылғы деректе Хан Ордасында: 346 қазақ, 193 татар, 120 орыс, 13 башқұрт, 15 армян, сонымен қатар 134 әскери казак болғаны көрсетілген. 1841 жылы Хан ставкасында 41 үй болса, 5 жылдан кейін үй саны 89-ға жеткен. Соның алтауы – ханның иелігінде, 4 үй – сұлтандарда, Орынбордан шақырылған хан канцеляриясының азиялық шенеуніктерінде – 4, орыстарда – 10, Қазан татарларында – 12, армяндарда – 2, астраханьдық көпестерде – 5, қазақтарда – 41, казак отрядтарында 2 үй болған. Сонымен қатар 1846 жылы Ордада 46 дүкен, ал 1851 жылы 152 дүкен болған, соның 114-і ағаштан жасалған.
Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан ашқан жәрмеңке бір ғасырға жуық жұмыс істеп, кеңес өкіметі байларды кәмпескелеп, жаппай ортақтандыру саясатына көшкен 1929 жылы жабылды.
Хан ставкасындағы жәрмеңке – қазақ тарихындағы алғашқы сауда-экономикалық реформа нәтижесінде пайда болған ерекше құбылыс. Жәрмеңке экономикаға ғана емес, білім, мәдениет, халықаралық қарым-қатынас салаларына да серпін берді. Бүгінде бұл тарихи жәрмеңке – ұлттық тарихтың, мемлекеттілік пен жаңғыртудың нақты дәлелі.
Перизат ЕСҚАЛИЕВА,
Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының әдістемешісі
Батыс Қазақстан облысы