Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Цифрландыру жылы аясында жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы жүзеге асырылған іс-шараны Айдар есімді жасанды интеллект жүргізді. Жекпе-жек сарайының алаңында өткен мәдени-спорттық бағдарламаға бір мезетте 3000 бала қатысып, сақа иіріп, асық ойнады. Қатысушылар алдымен арнайы қойылым арқылы сап түзеп, асықтың «Алшы» пішіні мен «Алтын сақа» сөзін бейнеледі. Музыкалық сүйемелдеумен балалар түрлі би элементтерін орындап, флэшмобтың көркемдік мазмұнын аша түсті.
Флэшмобтан кейін жасанды интеллект барлық білім ұйымдары – балабақшалар мен мектептерде асық ойынын ресми ашық деп жариялады. Осы сәтте жасанды интеллектінің белгісімен елорданың мектептері мен балабақшаларында бір мезетте 15 000-нан астам бала асық ойынын бастады.
Осылайша, іс-шара аясында жалпы саны 18 000-нан астам бала ұлттық асық ойынына қатысты. Игі іс-шараның негізгі мақсаты – асық ойынын насихаттау, тәрбиелік мәнін түсіндіріп, жас ұрпақтың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру.