Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, сатылым көлемі бойынша бірінші орында этил спирті тұр. Таңбаланған өнімнің 4,1 млн данасы сатылған. Екінші орында – 2,1 млн дана көрсеткішпен натрий хлориді.
Алғашқы үштікке қызу түсіретін парацетамол да енген. Оның сатылымы 1,75 млн данаға жеткен. Төртінші орында – 1,5 млн данадан асқан ацетилсалицил қышқылы. Бестікті тұмау кезінде қолданылатын тамыр тарылтатын нафазолин препараты түйіндейді.
Сұраныс жоғары препараттардың қатарында «Цитрамон П» де бар, ол 1,23 млн данадан астам сатылған. Сонымен қатар алғашқы ондыққа меновазин (897 мың дана), тұмау мен суық тиюге қарсы «ТераФлю», белсендірілген көмір (636 мың дана) және фурацилин (623 мың дана) кірді.
Дәрігерлер ЖИ көмегімен инсульт пен онкологиялық ауруларды ерте анықтап жатыр
Цифрлық таңбалау жүйесі аясында әрбір дәрі қаптамасына бірегей Data Matrix коды беріледі. Тұтынушы, дәріхана немесе бақылаушы орган Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы препараттың түпнұсқалығын жедел тексере алады.
«Таңбалау жүйесі әрбір дәрі қаптамасының өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ұсынылған статистика дәріханалардағы бөлшек саудадағы сатылымды көрсетеді. Сонымен қатар бұл жүйе әрбір препараттың түпнұсқа екенін және заңды айналымның барлық кезеңінен өткенін кепілдейді», деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство дерегінше, бұл жүйе заңды тауар айналымы шеңберінде жалған дәрілердің сатылуын шектейді.