Аталған мақала жарық көрген соң, Батыс журналистері Гарет Джонс пен Малкольм Маггеридж Украинаға жасырын барып, нағыз шындықты жазып, Уолтер Дюрантидің неден жалтарғанын күллі жұртқа жария етті. Уолтер Дюранти – Сталин билігі тұсында Ресейдегі «The New York Times» газетінің меншікті тілшісі міндетін атқарған журналист. Ол өзін кеңес билігінің византиялық құпияларын меңгерген адам ретінде көрсетті. Үлкен газеттің тілшісі ретінде ол комиссарлармен бірге кешкі ас ішіп, әр жазбасында Лениннің сөздерін бас тақырыпқа келтіріп жүрді. Онымен қоймай, «Метрополь» қонақүйінің жұмсақ дивандарында шалқып отыратын.
Большевизмнен үрейленген америкалық оқырмандарға Дюранти жұбату материалдарын жазып, газеттерге ұсынды. «Сталин есі ауысқан тиран емес, болашақты қалыптастыру жолында күресіп жүрген қатал басшы ғана» дегенді де жазған сол еді. «Жұмыртқа жарылмай, омлет жасалмайды», деп жазады ол 1933 жылғы жазбасында. Бұл сөз тіркесі кейінгі онжылдықтар бойы Сталин саясатын ақтаудың да, Дюрантидің өзіне арналған эпитафияның да рәмізіне айналды. Дюрантидің бұл мақтауларының тасасында Қазақстан мен Украина даласында әдейі қолдан жасалған аштықтан қырылған миллиондаған адамның қаңқалары шашылып жатты.
Шындығында, Дюрантидің репортаждары моральдық жалтарудың нағыз үлгісі еді. Бір ғана мысал айтайық. Сталин қолдан жасаған аштықтан Украинада кемінде 3,9 миллион адам қырғынға ұшырады. Осыны біле тұра, ести тұра Дюранти: «Ешқандай аштық болған жоқ, тек дұрыс тамақтанбаудан туған аурулардан болған өлім-жітім бар», деп жазды. Гарет Джонс сияқты шетелдік журналистер кеңес билігінің қылмысы мен болған шындықты жазып, қарақан басын қатерге тікті. Ал Дюранти оларды «асыра сілтеуші» немесе «қасақана өтірік таратушылар» деп айыптады. «Аштық туралы жазылған кез келген материал әсіреленген немесе жаулық ниеттегі пропаганда», деп қасарысты ол. Ал жеке әңгіме барысында британ дипломаттарына миллиондаған адамның шын мәнінде қырылып жатқанын мойындаған. Осындай этикалық арсыздығы мен бұрмалаушылығына қарамастан ол 1932 жылы Пулитцер сыйлығын алды, ал оның мақалалары АҚШ-тың экономикалық дағдарыс кезіндегі кейбір солшыл топтарға кеңес прогресінің «нақты бейнесі» деп дәріптелді.
Қашанда әділеттілік өте баяу әрі кеш келеді. Қырғиқабақ соғыстан кейін мұрағаттар ашылып, архивтер сөйлей бастағанда, алапат аштықтан аман қалғандар куәлік бергенде, Дюрантиге нәлет айтқандар көбейді. Шындығында, ол біліп тұрып қасақана істеді ме, ол жағы өз арына белгілі. Ал оның сол тұста журналистік лауазымды бұлдап, Сталинге көпе-көрнеу қызмет еткені шындық. Былайша айтқанда, билік пен беделдің буына арбалды. Журналист Малкольм Маггеридж бұл оқиға туралы: «Мен журналистердің ішінде бұлай өтірік жазатындарын ешқашан көрген емеспін», дейді.
Ол Дюрантиді шындыққа сатқындық жасаған адам ретінде бағалайтынын қосады. Уолтер Дюранти тек бір ұлтты алдаған жоқ, ол тарихтағы ең қанды тирандардың бірін Батыстың сенім жамылғысымен бүркемелеуге көмектесті. Сол үшін тарих оның бетіне мәңгілік қара таңба баса бермек.
Журналистердің не жазса да шындықты жазуы – кез келген қоғамның дамуы мен тұрақтылығы үшін аса маңызды принцип. Бұл кәсіби этика немесе міндет қана емес, сонымен бірге қоғамдық сенімнің, ашықтықтың және әділдіктің негізгі тірегі болмақ. Өз кезегінде журналист қаламы әділетсіздікті, заңсыздықты, жемқорлықты немесе әлеуметтік мәселелерді дер кезінде жарияласа, қоғамды ойлануға, әрекет етуге ынталандырады. Шындықты жазған материалдар – көп жағдайда өзгеріс жасаудың алғашқы қадамы.
Қалай дегенмен де, бұл оқиға қазіргі қалам ұстап жүрген әр журналиске сабақ болса игі.