Сатира • Бүгін, 08:07

Сыры терең сатира

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сатира – тәрбие құралы. Ал тәрбие тал бесіктен басталады. Балаға кемшілігін жекіп түсіндіргеннен гөрі, оны жылы юмормен жөнге салу әлдеқайда ұтымды. Сондықтан болар біршама сатирик балалар әдебиетінде қалам тербеген. Шона Смаханұлының «Шимайбек пен Шыңқетпе», Оспанхан Әубәкіровтің «Қағаз қалпақ», Көпен Әмірбектің «Алып» секілді кітаптары жас оқырман арасына кеңінен тарады. Өйткені көңілді өлең бала бойына сіңімді келеді.

Сыры терең сатира

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақ балалар әдебиетін­де мөлтек мысал, ма­зақ­тама, сықақ өлең сынды сати­ралық жанр үлгі­ле­рі бар. Күлкіге сүйенген осы тәрбие арналарының ішінде мазақ­та­ма жанры айрықша орын алады. Мұнда балалардың мінез кемшіліктері әжуаланады. Бірақ балаға «сен жамансың» деп таңба басылмайды, керісінше оқушы шығармадан өзін танып, келемеж­ден қашып, теріс қылығын түзе­туге тырысады.

Мәселен, Болат Үсенбаевтың «Жанайдар» мазақтамасы – қиын­дық­тан жалтарып кететін жас оқыр­манға арналған. Мұнда негіз­гі нысана – Жанайдар деген бала­ның «Р» дыбысын айта алмауы емес, сол кемшілікті айналма жол­мен «ыңғайлап алуға» тырысатын әдеті. Ақын «сасатын түрі жоқ» деп, кейіпкердің өзін еркін ұстай­тынын көрсетеді, бірақ дәл осы еркіндік оның мәселені шешпей, қулыққа салынуына ұласады. Сатиралық эффект Жанайдардың тапқырлығынан туады. Ол өзін жұртқа «Жанаймын» деп таныстырады, «шаруа» дегенді «іс» дейді, ал «торғайды» жай «құс» дей салады, «қара» деген сөзді «түндей» деп алмастырады. Қысқасы, «Р» дыбысына жоламауға тырысады. Бір қарағанда бұл – сөздік қордың байлығы сияқты. Автор да соны әдейі «синонимге тілі бай» деп «мақтап» өтеді. Бірақ осы «мақтаудың» астарында мысқыл бар. Жанайдар синонимді білім мақсатында емес, қиын дыбыс­тан қашу үшін пайдаланады. Демек, мұндағы күлкі – оның тапқырлығына емес, өзін-өзі алдауына бағытталған. «Р»-ды үйренбей болмайды, Ойланды ма сол жайлы?», деп автор рито­ри­калық сұрақ қояды. Демек, бала­лар сатирасы балдырғанды жекіп ұялт­пайды, күлдіре отырып ойландырады.

Ал Ертай Ашықбаевтың «Жана­шыр» атты мазақтама­сын­да Есет деген бала ағасының дәп­тер­лерін көзінің қарашығындай сақ­тап жүреді. Жұрт оны көр­ген сайын: «Қандай жанашыр, қандай ұқыпты бала!» деп тамсанып мақтайды. Бірақ бұл «ұқып­тылықтың» сыры кейін ашы­лады. Сөйтсе, Есет дәптерді ағасына жанашыр болғандықтан емес, өзі есейгенде сол есептерді қайтадан жазбай, дайын күйінде көшіріп алу үшін жинап жүрген екен. «Ұқыптылықтың» себебі жауапкершілік не қамқорлық емес, ертеңгі еңбектен қашудың амалы болып шығады. Яғни жақсы ат жамылған жалқаулық әшкереленеді. Мұндағы күлкі ең алдымен «оқыс бұрылыстан» туындайды. Оқырман да бастап­қыда жұртпен бірге Есетті тәртіпті, мейірімді бала деп қабылдап отырады. Бірақ соңғы шешім бәрін төңкеріп жібереді. Осылайша, бұл мазақтама баланы мақтауға мастанбауға және өзгеге баға бергенде тек сыртқы көрініске емес, ішкі себебіне де назар аударуға үйретеді.

Балаларға тәрбие берудің тағы бір ұтымды жолы – мысалдап айту. «Үйт», «бүйт» деп құрғақ ақыл­гөйсігеннен гөрі, негізгі идея­ны аң-құс, жан-жануардың басынан өткен оқиға ретінде ұсыну әлде­қайда әсерлі. Мысалдағы ситуа­циялар оқушының ойында ұзақ сақталады. Тұспалды түсін­ген бала жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренеді.

Мәселен, Оспанхан Әубәкіров­тің «Бұқа мен бұзау» атты мысалында атағына лайықсыз адамдар аяусыз әшкереленеді. Мұндағы сюжет мынадай:  секция­ның бастығы, спорт шебері, респуб­ли­ка­ның чемпионы, ұрып жыққан он түйені Бұқа Зеңгіба­баев жас балуан Бұзаумен тұңғыш рет белдеседі. Сол кезде жиналғандардың бәрі «Ойбай-ау, Бұзау өлмесе еді», деп жандарын шүберекке түйіп тұрады. Бірақ Бұзаудың сирағы сықырлағанмен, жеңілетін түрі жоқ екен. Тіпті Бұқаның мүйізіне жармасып, оңды-солды соққылайды. Ақыр аяғында Бұзау өктем келіп, Бұқаның аяғы көктен келеді. Мысал соңында автор: «Апырай, мұндайды кім көрген? Ал сонда Бұқаға мұнша атақты кім берген?», деп түйіндейді.

Бұл мысалдың сюжеті сырттай спорт бәсекесі секілді көрін­ге­німен, аста­рындағы нысана – атақ-даңқтың әділетсіз үлес­тірілуі. «Сек­ция бастығы, спорт шебері, чемпион» деген ұзын-сонар атақ Бұқаның шын қуатын дәлел­демейді, керісінше, оның беде­лі қағаз жүзіндегі «даңқ» екенін аңғартады. Ал жас Бұзау­дың қайсарлығы – табиғи күш пен шынайы еңбектің белгісі. Оқырман еңселі «Бұқа» құлайды деп күтпеген жерде жеңістің Бұзауға бұйыруы – қоғамдағы «атақ-лауазымы бардың бәрі мықты емес» деген ойды өткір жет­кізеді. Сондықтан автордың соңғы сұрағы («Бұқаға мұнша атақты кім берген?») лайықсызға атақ берген жүйені әшкерелеп, баланы сол жалған беделге алданып қалмауға шақырады.

Балаларға арналған өлең ере­сек­тердің сөз саптауымен жазыл­са, оқырмансыз қалмақ. Сон­дық­­тан балалар поэзиясының тілі ықшам, жеңіл әрі нақты болуы шарт. Осы орайда Табылды Әді­бай­дың «Мақтаншақ шар» деген мөлтек мысалына көз жүгіртейік. 

«Менде күш бар! Деді де,

Ышқынды шар деміге:

Кеуіп кетіп қарыны,

Тарс етті де, жарылды.

Мақтаншақтық – өлім деп,

Айтпаған ғой елім тек».

Автор даңғой адамның мінезін алты-ақ жолмен аңғартады. Ал шардың «кеуіп кетіп, жарылуы» – өмірдегі шындыққа жақын көрініс, яғни өзін тым көтерген адам бір күні масқара болады, ақыры «жарылып» тынады. Ең маңыздысы, мұнда тәрбиелік ой дидактика болып жалаң шықпайды. Баланың есінде қалатын нәрсе – дәл осы қысқа көрініс. Мәтін оқушыға «мақтанба» деп бұйырып тұрған жоқ, керісінше себебін көрнекі қылып ұқтырып тұр. Мұндай сатира балаларға жеңіл қонады және мінезді түзетуге жұмсақ, бірақ әсерлі ықпал етеді.

Ал Байбота Қошым-Ноғай «Мысық пен жарқанат» мысалында бүй дейді: 

«Тарғыл мысық санап өзін ептірек

Жүруші еді. Қапа болды ол, міне:

– Тышқандар да ұшатұғын бопты! – деп,

Намыстанды жарқанатты көрді де».

Бұл шумақтағы сатираның өзегі – мысықтың жарқанатты таны­май, оны «ұшатын тышқан» деп қате түсінуі. Яғни мәселе жар­­қанатта емес, мысықтың на­дан­дығында. Шын мәнінде, жар­қанаттың ұшуы – өзіне қа­лыпты нәрсе. Ал мысықтың «тышқандар да ұша­тұғын бопты» деуі – білім­нің жетіспеуінен туған күлкілі қорытынды. Сатираның тәрбиелік мәні де осында: қызғаныштың, намыс­тың өзі кейде надандықтан туады. Адам бір нәрсені анық танып-білмей тұрып, бекерге күй­зел­мей, алдымен сұрап, зерттеп, тү­сініп алғаны дұрыс деген ойды автор бір-ақ шумаққа сыйғызған.

Жалпы, сатира оқырманды тек күлдірту үшін жазылмайды. Оның педагогтік тарапы да басым. Сондықтан балалар аудиториясы үшін ең керегі юморлық жылылық екені мәлім. Ал балалар әдебиеті қан­жығаға оңай өңгерілер олжа емес.

Сала теоретигі Темірбек Қожакеев 1983 жылы шыққан «Сати­ралық жанрлар» еңбегінде «Қазір сатиралық жанрлардың біздегі ең көп жазылып жүргені осы мысал» деген еді. Алайда бұл күні мысал керісінше өте сирек жазылады. Бірақ бұл жанрдың мүмкіндігі сарқылды деген сөз емес. Жоғарыда қарастырылған мәтіндер дәлелдегендей, мысал да, мазақтама да – балалардың психологиясына дәл келетін, тәрбиелік әсері күшті көркем құрал. Оның үстіне қазіргі оқырманның қысқа, нысаналы мәтінге бейімділігін ескерсек, керісінше мысал мен мазақтаманың ықшам табиғаты осы кезеңге өте сай келеді. Ендеше, балалар сатирасын зерттеу, жи­нақтау және жаңаша жазу – жас ұрпақтың тіл мәдениетін, мінез этикасын, эстетикалық талғамын қа­лыптастыру тұрғысынан өзекті бағыт­­тардың бірі болып қала бер­мек.

Соңғы жаңалықтар

Ақылға бірлік

Пікір • Бүгін, 09:00

Би мен музыканың үйлесімі

Өнер • Бүгін, 08:35

Жаңартылған саяси бағыт

Ата заң • Бүгін, 08:33