Білім • Бүгін, 08:20

Мәртебелі мамандық иесі

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзге салалармен қатар білім жүйесінде де бірталай жылдан бері түбегейлі өзгеріс, тың ізденіс, жаңаша бетбұрыс жүріп жатыр. Бүгінде мұғалімге қойылатын талап басқа. Ұстаз баланы жалаң жаттауға емес, пән мазмұнын жан-жақты зерделеп, оны өз қажетіне жаратып, ой-өрісін дамытуға бағыттай алуы керек. Жас өскіннің алғыр, адал, еңбекқор, елшіл болып қалыптасуы да көбіне-көп мектепке, ұстазға байланысты. Бүгінде Мемлекет басшысынан бастап, бүтіндей қоғам болып мұғалім мәселесіне баса мән беріп, оның мәртебесін биіктетуге, ұстаз адамның төрдегі орнын қайтарып беруге ұмтылыс жасалып жатқаны да осыдан болса керек.

Мәртебелі мамандық иесі

Жұрт күткен жауапты үдеден шығып жүрген маманның бірі – Қостанайдағы «Озат» мек­теп-лицей-интернаты директо­рының орынбасары, 2023 жыл­дың үздік мұғалімі Жахангир Гап­паров. Жахангир ұстаздық өзі­нің бала кезінен армандаған, әу бастан жан қалауымен таңдап алған мамандығы екенін айтады. Бүгінде 7-11 қазақ сыныптарына физика пәнінен сабақ беріп жүр­ген жаңашыл мұғалімнің ав­­торлық әдістемелері де бар­шылық.

«Сабақ барысында ойын элементтерін пайдаланамын. Бұл – балаға сабақ мазмұнын жеңіл әрі ұғынықты түсіндіруге ұтымды әдістің бірі. Мәселен, кә­дімгі қағаз ұшақты жасап, модель­деу және ұшыру арқылы бала­ларға жылдамдық, жол сияқты физикалық шамаларды нақты тәжірибе және ойын элементін сабақтастыра отырып түсіндірген тиімді. Сабақ барысында одан бөлек авторлық жұмысымды қол­данамын. Күнделікті өмірмен байланыстырылып жасалған есептер жинағым бар. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін физика пәнін түрлі комикстер арқылы оқытып жүрмін. Мұғалім адам үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ізденбеген мұғалім сапалы білім бере алмайды, жақсы шәкірт тәрбиелеп шығара алмайды», дейді білікті ұстаз.

Жахангир Әбдіразақұлы педагогикалық қызметпен қатар, жас мұғалімдерді даярлау ісіне де белсенді атсалысады. Жас мамандарға күнделікті сабақта пайдаланатын оқу әдістемелерін үйретіп, бай тәжірибесімен бөлісу­ден жалыққан емес.

«Әлемде сан түрлі мамандық бар. Бірақ ұстаздық – олардың ішінде ең жауапты әрі қадірлісі. Себебі мұғалім – жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, олардың болашағына ықпал ететін тұлға. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, өз өмірімді ұстаздыққа арнадым. Сабақ барысында үнемі заманауи әдіс-тәсілдер мен дәстүрлі оқытудың мардымды әдістерін сабақтастырамын. Заманауи әдіс-тәсілдер баланың жан-жақты қалыптасуына, жаңа технологияның тілін жетік меңгеріп, оны еркін қолдана білуіне көмектеседі. Көбіне, қазіргі заман талабына сай оқушыны ойландыратын, іздендіретін әдістерді қолдануға тырысамын. Интерактивті технологияларды, ғылыми-зерттеу элементтерін де жиі пайдаланамын. Әсіресе жобалық жұмыс арқылы оқушылардың шығармашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыру қажет. Әрбір сабақта оқушының өзіндік ойын айтуына, дербес шешім қабылдауына жағдай жасау – мұғалімге басты қағида болғаны абзал», дейді Жахангир.

Жас та болса, білім беру саласындағы біраз биікті бағындырған Жахангир ұстаздың халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми жобалар конкурстарында жоғарғы жетістікке жетіп жүрген, пәндік олимпиадаларда жүлдеге іліккен, түрлі бағыттағы ғылыми жобаларға қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүрген дарынды шәкірттері баршылық. Мұндай жоғарғы көрсеткіш – ұстаз бен шәкірт арасындағы бірлескен ізденістің жемісі екені анық. Жахангирдің талапты шәкірттерінің қатарында физика пәні бойынша көптеген халықаралық ғылыми байқаудың жеңімпазы Қайрат Шаяхмет, облыстық ғылыми жобалар конкурсының бірнеше дүркін жеңімпазы Тимур Жүсіпов сынды дарынды оқушылар бар.

«Қазір 9-сыныпта оқимын. Ұстазым Жахангир Әбдіразақұлының жетекшілігімен халықаралық байқауға дайындалып жатырмын. Физика – өте қызық ғылым. Менің ойымша, бұл – әлі ашылмаған жаңалығы көп ғылым», дейді Тимур Жүсіпов.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», мұғалімі дұрыс сабақ бермесе, тыңдаушысын өз пәніне қызықтыра алмаса, шәкіртінің жүрегіне білім шамын жағып, оған үлгі-өнеге көрсете алмаса, Тимур да физикаға мұншама ынтық болмас па еді деген ойға қалдық.

Жахангирдің өзі де жыл сайын көптеген педагогикалық конкурстан қалмай, жеңіс тұғырынан жиі көрініп жүр. Сондықтан облыстық білім басқармасының қолқа салуымен мұғалімдерге арналған түрлі біліктілік арттыру курстарында тренерлік қызметті қоса атқарады.

«Ең басты мақсатым – еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жас­тарын тәрбиелеу. Шәкірттерімнің жетістігі – ең үлкен табысым. Сондықтан алдағы уақытта да жаңа әрі тиімді әдістерді қолданып, тәжірибемді дамытып, жас буынға сапалы білім беруге бар күш-жігерімді жұмсай беремін», дейді мәртебелі мұғалім.

 

Қостанай облысы