Жәдігер • Бүгін, 09:05

«Ғалия» кітапханасының мөрі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы «Сандалтқан «Садақ» кі­табында көктен іздегені жерден табылғандай, осы тарихи қол­жазба журналдың бірнеше санын профессор Қайыржан Бекхожиннен алғанын шабыт­тана жазады. «Қаптаған көп кітаптың арасынан қалың­дығы төрт елі, мұқабасы жыр­­тыл­ған маталы түптің жоға­ры және төменгі жағына әшекейлеп қара бояумен өрнек салып, орта тұсына «Садак кир­гизов» деп тасқа басылған сөзі бар, 575-бетіне «Ғалия» кітап-оқуханасы деген таныс штамп басылған салмақты да кө­лемді кітапты қолыма ұс­тат­ты. Жүрегім жарылып ке­тер­дей тулап қоя берді», дей­ді ол. Біз де осы мөрді көруге асықтық.

«Ғалия» кітапханасының мөрі

Әдебиетшінің артында қалған мұрасын мұқият жиып отырған Күләш жеңгейге хабарласып, қолжазба журналдарды бір көруді өтіне сұрап едік, алайда жолымыз болмады. Сосын Алма­тыдағы Ұлттық кітапханадағы си­рек қорда сақталған «Садақ» журна­лы­ның 1916 жылғы №20, №21, №22 сан­дарын да шолып шықтық. Үшеуінде де «Ғалия» медресесі кітап­хана­сының мөрі жоқ екен. Кейін Уфа қа­ласына барып, сондағы Ахмет Зәки Уәлиди атындағы Башқұртстан Ұлттық кітапханасының сирек кітап­тар мен қолжазбалар қорына кірдік. Сирек қордың меңгерушісі Флюр Сибагатовтан «Ғалия» медресесі кітап­ханасында сақталған басылымдар мен кітаптарды сұрадық. Ол аз уақытта ал­дымызға көп кітапты үйіп қойды. Сол кітаптардың көпшілігінің бетінен біз із­деген мөр табыла кетті. Бір ғана мөр ар-қы­лы бірнеше мәліметке қанық болдық.

«Ғалия» медресесінің өз кітапханасы жұмыс істеген. Шәкірттер оқудан қолы қалт еткенде осы кітапханаға барып, кітап, газет-журнал оқып тұрған. Кітапханада орыс, татар әдебиеттерімен қатар, араб, түрік тілдеріндегі кітаптар да болған.

Татар тарихшысы Лилия Тузбе­кованың жазуынша, «Ғалия» кітап­­ха­­насы­ның мең­герушісі қыз­ме­тін медресе шәкірт­тері атқарған. Олар жыл сайын өз арасынан кітапхана мең­ге­рушісін сайлап отыр­ған. Кітапхана меңгерушісі айына 25 сом көлемінде жалақы алған. Дерек­терде 1914–1916 жылдары Магдан Магдеев, 1916–1917 жылдары Сайфи Құдаш кітапхана меңгерушісі қызметін атқарғаны айтылады. Соған қарағанда кітапхана
1914 жылы ашылып, медресе жабылған 1917 жылға дейін қызмет еткен секілді.

Кітапхана таңғы 9-дан түнгі сағат 11-ге дейін жұмыс істеген. Шәкірттер газет-журналдарды оқығаны үшін меңгерушіге 20 тиын көлемінде ақы төледі. Сондай-ақ «Ғалияның» шәкірттері өткізген әдеби, музыкалық сауық кештерінен түскен қаражаттың да белгілі бір бөлігі кітапхана қажетіне жұмсалды.

Сонымен қатар оқу залына «Ға­лия­ның» шәкірттері шығарған «Пар­лақ», «Садақ», «Нәруа» секілді қол­жаз­ба журналдар да қойылып, бір бетіне кітапхананың мөрі басылды. «Ғалиядағы» қазақ шәкірттері шығарған «Садақ» қолжазба журналының әрбір жаңа нөмірі осы кітапхананың оқу залынан табылды. Шәкірттер журналды сол жерге барып оқып, ақпарат алды. Сол себепті «Садақ» бізге қаншалықты қымбат болса, осы қолжазба журналды оқырманға ұсынып тұрған кітапхананың да орны алабөтен.

Бүгінде Уфа қаласында «Ғалия» медресесінің ғимараты әл күнге сыны бұзылмай тұр. Алайда медресе кітапханасы сақталмаған. Кезінде кітапхананың төрінде тұрған кейбір кітаптар ғана Башқұртстан Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорына өткізілген. Көпшілігінің бетінде «Ғалия» кітапханасының мөрі бар. Олардың «Ғалияның» бір жәдігері екенін растап тұрған да сол мөрі ғана.

Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы күрт төмендеді

Экономика • Бүгін, 10:33