Соңғы уақытта Мәжіліс депутаттары донорлық мәселесін қайта көтерді. Олардың мәліметінше, 2024 жылы елде небәрі 215 мыңға жуық адам, яғни халықтың шамамен 1,2 пайызы ғана донор болған. Сонымен қатар қан тапсыруға ниетті азаматтар санының біртіндеп азайып бара жатқаны алаңдатады.
Депутаттар бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде материалдық ынталандырудың төмендігін атады. Қазіргі таңда донорларға берілетін өтемақы көлемі – небәрі 0,25 АЕК (983 теңге). Бұл көрсеткіш шамамен 20 жыл бұрын бекітілген және содан бері өзгеріссіз қалған.
Солтүстік Қазақстанда донор үш пациенттің өмірін сақтап қалды
Мамандардың айтуынша, қан тапсырған күні донор кемінде 4700 килокалориялық тамақтанумен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал мұндай тағамның нақты құны 5 мың теңгеден асады, яғни қазіргі өтемақыдан бірнеше есе жоғары.
Осыған байланысты депутаттар өтемақыны 1-1,25 АЕК-ке дейін арттыруды және бұрын болған «Құрметті донор» мәртебесін қайта енгізуді ұсынды. Мұндай бастамалар бұған дейін Сенат тарапынан да көтерілген.
Алайда Қаржы министрлігі бұл ұсыныстарды қолдамады. Ведомствоның мәліметінше, 2028 жылдың соңына дейін әлеуметтік салада жаңа шығындарды ұлғайтуға мораторий күшінде тұр. Сондықтан қосымша қаржы бөлуді қажет ететін бастамаларды іске асыру әзірге мүмкін емес.
Дегенмен, донорларға төлем жасауға бюджеттен қаражат қарастырылған. 2026-2028 жылдарға шамамен 810 миллион теңге бөлінеді. Атап айтқанда, 2026 жылы – 257,8 млн теңге, 2027 жылы – 274,2 млн теңге, 2028 жылы – 277,8 млн теңге. Бұл қаражат қазіргі 0,25 АЕК мөлшеріндегі төлемге негізделген.
Қаржы министрлігі ақшалай ынталандырудың орнына донорларды қолдаудың балама жолдарын қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда, материалдық емес көтермелеу шараларын енгізу арқылы қан тапсыруға қызығушылықты арттыру көзделіп отыр. Бұл бағытта тиісті ұсыныстарды Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеуі тиіс.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға донорларды қолдау бойынша қосымша шаралар қабылдау құқығы берілген. Яғни, әкімдіктер өз бюджеті есебінен төлем көлемін ұлғайта алады.
Жалпы, Қазақстанда донорлық мәселесі өзекті күйінде қалып отыр: бір жағынан донорлар саны азайып келеді, екінші жағынан оларды ынталандыратын тиімді тетіктер жеткіліксіз. Мұндай жағдайда тек материалдық емес қолдау шаралары жеткілікті ме деген сұрақ қоғамда талқылана бермек.