Бұл фотосуретті Көкпекті аудандық өлкетану музейінен көріп қалдық. Әдетте мұндай патша заманындағы көне суреттегі дала шонжарларының аты-жөні толықтай анықталмай жататын. Ал мұнда бәрі нақты жазылыпты.
Солдан оңға қарай бірінші қатарда: болыстың ұлы Ыбырай Сәттібаев, сұлтан әрі болыс Жеңіс Ибрагимов, Көкпекті орыс-қазақ мектебінің оқушысы Ташкенбай Жұқышев, найман-саржомарттың аға сұлтаны Әлихан Тілеубердиннің (обер-офицер) ұлы Ислам Әлиханов, би Жағыбай Доланов бейнеленген. Екінші қатарда: Өскемен уезі бастығының кіші көмекшісі, хорунжий Құлеке Шыңғысов, Тарбағатай болысы Бұтабайдың жіберген адамы Ботабай Сегізбаев, Тарбағатай елінің жақсысы Төгіс Шаянбаев, Кендірлік болысынан шыққан төре Жансұлтан Жамантаев, төре Мұқамедсұлтан Дайыров, Зайсан приставы майор Тихонов, сондай-ақ қаракерей қожамбет руының биі Қожамжар Жайықов отыр. Үшінші қатарда: тілмаш Есаул Власов, төртуыл Қара Ертіс елінің болысы Мәз Боқатов, болыс Досқан Майкөтов, Шілікті болысының биі Мәжит Монкин, патша әкімшілігінің шенеунігі Красильников, Көкпекті орыс-қазақ мектебінің оқушысы Билеуші Босқынбаев, Арғанаты болыстығына кандидат Мырзахан Монтин бар.
Сурет патшалық Ресейдің орталығы Санкт-Петербург қаласында 1873 жылдың қаңтар айында түсірілген. Түсірген – фотограф Лоренц.
Тарихшылардың мәліметінше, Семей губерниясының аумағындағы Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті өңірлерінен 18 адамнан тұратын делегация 1873 жылдың қаңтарында Санкт-Петербургке барып, император II Александр қабылдауында болады. Бір қызығы, барын киініп, бақанын қолына ұстап барған дала шонжарларының киім киісі, жүріс-тұрысы Петербург жұртшылығын таңдандырған көрінеді. Сөйтіп, бұл сапар хандық биліктің дербестігі жойылғаннан кейінгі қазақ элитасының патша өкіметінің саяси жүйесіне бейімделу кезеңінің бір белгісі болып таспаланған.
Абай облысы