
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Мерейтой алуан түрлі қисынмен қанықтырылып, тақырыптық бағыттардың көркін ашатындай, халықтың тәлім-тәрбиелік қажетін өтерліктей сарынмен сапалы өткізілмекші. Оның шеңберінде республикалық деңгейде форум, ақындар айтысы, жыр-терме орындаушылар байқауы, гала-концерт, ақындар мүшайрасы, М.Дулатұлының өмір жолы мен шығармашылығын қамтитын театрландырылған қойылым жоспарланған. Сонымен қатар Міржақыптың үзеңгілес серігі, ауылдас-құрдасы, Алашорда үкіметі мүшелігіне кандидат, Әділет халық комиссариатының бөлім меңгерушісі, заңғар заңгер Сейдәзім Қадырбаевтың 140 жылдық мерей жасы да осы тоймен орайластырылып, әртүрлі танымдық деңгейде аталып өтілетіні мәлімделді.
Сәтін салса, ілкімді жаңалықтар төбесі көрініп тұрғандай екен. Қостанай қаласында М.Дулатұлына ескерткіш орнату тұрғысында Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныс енгізіліпті. Бұл мақұлданып жатса, Қостанай қаласының әкімдігі өз тарапынан ұйымдастыру жұмыстарын бастауға әзір отырған көрінеді.
Сондай-ақ ұлт қайраткері Сейдәзім Қадырбаевтың есімін Қостанай қаласындағы көше мен мектепке беру туралы ұсыныстар жасалып, ол еліміздегі ономастика саласын реттейтін заңдарға сәйкес жүзеге асырылмақшы.
М.Дулатұлы тойының қарсаңында атқарылатын біраз шаруалар легі шешімін күтіп тұрғаны белгілі. Енді солардың ең маңыздыларын тарқатып көрелік. Әрине, мұндайда жолға қатысты дендеп, дәлдеп айтуға тура келеді. Бұл тұрғысында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған (27.06.2024) «Қызбелге қашан асфальт жол төселеді?» деген мақалада нақты ұсыныстар айтылып, байыпты жазылған еді. Содан нәтиже шығарған облыс әкімдігі едәуір істің басын қайырды. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар «Тоқанай – Саға – Алтынсарин» автомобиль жолының 34–49 (шқ) шақырымдар теліміне су өткізгіш құбырларды қалпына келтірумен және қолданыстағы жол материалдарына жаңа қиыршық тас қосу әдісімен орташа жөндеу жүргізіліп, толығымен аяқталды. Бұл нысанның жалпы құны 489,1 млн теңгені құрады. Осы аталған автомобиль жолының қалған 15-34, 0-15 (34 шқ) шақырымдар телімдерін жоғарыдағы әдіспен орташа жөндеу жұмыстары биыл аяқталмақ. Қазіргі таңда бұл аймақтарда ведомстволық сараптаманың оң нәтижесімен техникалық құжаттама әзірленіп те қойылды.
Бір ділгір жағдай Қызбелден Міржақыптың кесенесі мен мұражайы орналасқан Бидайыққа қатынаудың қиындығынан туындап жататын еді. Ертең той кезінде жолаушылар алдымен осы екі аралықта жөңкіледі. Осы жағы ескеріліп, 37 шақырым автомобиль жолындағы екі телімде жол төсемдерін, сегіз телімде қолданыстағы су өткізгіш құбырларын қалпына келтіру жұмысы былтыр басталып, облыстық бюджет есебінен 52,9 млн теңгенің жұмыстары атқарылған болатын. Сөйтіп, жұмыс көлемінің 38 пайызы орындалған еді. Қалғаны биылғы жылдың еншісіндегі міндеттер.
Қызбел, Бидайық ауылдарын көріктендіру жұмыстары былтыр басталғандықтан, едәуір жетістікке қол жеткізілді. Алдыңғысында 11 088,0 мың теңгеге ағаш тақтайша қадалардан «еуро» қоршаулар орнатылып, 31,1 млн теңгеге абаттандыру (асфальтты аяқжол, тас төсеніш) жұмыстары толығымен жүргізілді. Осы қос елді мекенде бұзылған үйлердің орны тазаланып, басқа да санитарлық тазалыққа баса көңіл бөлінді. Әйтсе де абаттандырудың өзге де салаларын мұқият сапаластыру күн тәртібінен түспегені абзал. Қонақүй жүйесі дамымаған, әлі кемшін екендігі аян. Осы жағын ертебастан ойластырып, келген меймандардың жайлы орналасуын тиянақтап қойған жөн-ау.
Баяғыда осы ауылдың келіні, опера әншісі Роза Жаманова (қызбелдік әнші Бақыт Көшмұхамбетовтің зайыбы), т.б. ән салған клуб күрделі жөнеуден өткізілген еді, енді оның бір қапталдас бөлмесіне орналастырылған кітапхана қорын толықтыру маңызды міндет болмақ. Онда басқа әдебиеттермен қатар Міржақыптың шығармалары да толығымен қамтылса, нұр үстіне нұр. Оқумен оянудың жарқын нышандары сонда ғана сәулелене түсер еді-ау. Бүгінгі таңда облыста 336 кітапхана бар, солар арқылы да біраз насихаттық жұмыстар атқаруға мүмкіндік бар.
Қостанай облысында Міржақып Дулатұлы атында екі мектеп бар. Біріншісі – Рудный қаласында, жобалық қуаты 600 орын. Нақты оқушы саны 1063. Екіншісі – Қызбел (Саға) ауылында, жобалық қуаты 230 орын, бүгін де 110 бала оқиды. Бұл М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектебіне кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізу 2025–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізіліп қойылған. Яғни осы мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қатар технологиялық жабдықтар мен жиһаздарын жаңғырту 2027 жылға белгіленген. Мұндағы Міржақып мұражайы білім ұясының 100 жылдығы тұсында бірер жыл бұрын мектеп түлектерінің күшімен жаңғыртылған еді, биыл да қосымша жұмыстар жалғастырылмақ.
Кезінде Міржақып мүрдесі қайта жерленген 1992 жылы Бидайық аулында жүздеген түтін, іргесі берік орта мектеп болатын. Одан бері заман қысталаңына тап келіп, халықтың үдере көшуіне байланысты бұл ауылдың бүгінгі сиқы адам аярлықтай күйге түскен. Қазір Бидайық бастауыш мектебінде 8 бала ғана білім алып жатыр. Дегенмен мектептің бұл контингенті Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 «Халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес келеді екен. Демек, қашаннан бері алаңкөңіл қылып жүрген Бидайық бастауыш мектебінің жабылуына ешқандай негіз жоқ. Осының өзі тәубе дерлік.
Енді осы Бидайықтағы М.Дулатұлының кесенесі мен мұражайына қатысты бірер сөз. Кесенеге осыдан жеті жыл бұрын демеушілердің және тікелей ұрпағы Бақберген Өтеулиннің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Былтыр кесененің күмбезі жаңартылды. Бірақ әлі де сапасын жетілдіре түсетін тұстары болғандықтан, сол жағын ескеріп Бақберген биыл да кесенеге бірқатар қалыптау жұмыстарын жалғастырып жатыр екен. Бұл азаматтың бұған дейін де Міржақып бабасына қатысты атқарған істері жетерлік еді. Оны бүкіл жұрт біледі. Мысалы, Міржақыптың кіндік қаны тамған Асқар күздігінде (Тоқанай-Қызбел бағыты) арнайы белгі тас қойып, қыстау-макеті кең қоршалды. Жол-жөнекей өткіншілер әдейі тоқтап, мінәжат етеді, Алаш арысы туралы әңгімелер қозғайтын қастерлі бекетке айналғаны орынды болды.
Міржақып кесенесінен таяқ тастам жерде оның атындағы шағын мұражай еңсе көтерген. Жасыратыны жоқ, аты ғана бар, заты жоқ қораш орын келушінің көңілін көншітпейді. Құжаттық экспонаттары өте жүдеу, тарихи суреттер қабырғаға желімделіп, қыста жылытылмайтындықтан жалбырап, жалба-жұлбасы шыққан. Міржақыптың қызы Гүлнәр апайдың өз қолымен тапсырған кейбір заттары күтімсіздіктен бүлініп қалған. Алаш арысының өз кітаптары, ол туралы деректі шығармалар әшейін үйіле салған. Мұражайдың солқылдақ кішкене, енсіз баспалдағымен қай жері опырылып түсеріне алаңдап жоғары көтерілгенде ондағы ретсіз қойылған құжаттар, елімізге белгілі тұлғалардың қолдан салынған портреттері талғамсыздықтан тауанды шегеріп тастайды екен. Осындай келеңсіздіктерді түбірімен жою үшін бұл мұражайға мерейтой қарсаңында ағымдағы жөндеуге 21,7 млн теңге, реэкспозиция жасауға 25 млн теңге бөлініп, конкурс жарияланды. Одан әрі тыңғылықты жұмыстар басталмақ.
Әйтеуір, той қарсаңында жағымды жаңалықтар естіле бастағанына дүйім жұрт бек разы. Былтырғы жылдың қыркүйек айында Жанкелдин ауданы әкімінің қаулысына сәйкес, аталмыш мұражай «Жанкелдин ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансына берілген еді. Соған орай биылғы қаңтар айынан бастап мұражай қызметкеріне (күзетші) еңбекақы төленуде. Алдағы уақытта мұражай қызметкерлерін ұстау үшін екі бірлік штат бөлінетіні де жақсылықтың нышаны. Әйтпесе осы қос нысан пайдалануға берілген отыз жыл бойы ақысыз-пұлсыз күзетшілік міндетін қапысыз атқарып келе жатқан Нағашыбай Аралұлының еңбегін ешкім елемеп еді. Осы ауылдан Міржақып бабасының бейіті мен мұражайын қызғыштай қорып, ешқайда табан аудармай отырған бұл азаматтың: «Мен Міржақыптың етжақын ұрпағымын, иен далаға қараусыз қалай тастап кетем мемлекеттік маңызы бар нысандарды, ұлты үшін басын ажалға тіккен арысымның рухы үшін бұл еңбегімді сатпаймын», дегенінен мол сыр ұғуға болатын секілді ғой. Иә, еңбек еленуі тиістігіне енді көзіміз анық жетіп отырған сыңайлы.
Мерейтой аясында бұрыннан айтылып, қордаланып қалғанымен, шешімі ұзын арқау, кең тұсауға салынған көптеген көкейкесті мәселенің де иі қанғандай болып, көңіл демдете бастағаны, әрине, үміт ұялатады. Осыған қатысты бірер нақты тұжырым жасап көрелік. Мәселен, былтыр жыл соңында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтының ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысында ЖОО мәртебесін өзгерту туралы мәселе қаралды. Институттың ғылыми кеңесінің хаттамалық шешімі негізінде Ғылым және жоғары білім министрінің атына оқу орнын қайта атау туралы өтініш жолданды. Бүгіндері бұл мәселеге түсіністікпен қараған министрліктің Үкіметке арнайы құжат дайындап жатқаны белгілі болды. Бұл институтқа университет мәртебесі беріле қалса, Арқалық қаласына білімге құштар жастар легі тіптен артатынына, білім сапасының бұрынғыдан да жоғарылай түсетініне сенім молаятыны анық. Сөз ретінде айта кетейік, мерейтой қарсаңында осы институттан М.Дулатұлы атындағы оқу залы жабдықталуда, таяу уақытта ашылу рәсімі өтпек.
Президент Қ.К.Тоқаев Қостанайға жасаған былтырғы сапарында М.Дулатұлы мерейтойының іс-шараларына қатысу үшін Арқалық қаласына баратынын ашық мәлімдеген соң, бұл шаһарда өзіндік дайындыққа қатты мән беріліп, инфрақұрылымын жақсартуды мықтап қолға ала бастаған секілді. Қазір облыстық бюджет қаржысы (1 203,0 млн теңге) есебінен осындағы «Горняк» мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өткізілуде. Қаншама жылдан бері әбден тозып, есігінен халық сығаламайтын күйге түскен еді.
Міржақыптың кіндік қаны тамған Қызбел ауылы тұрғындарының да көптен бері түрлі инстанцияларға шағымданып, түпкілікті шешілмей жүрген бір мәселесі осы аймақты да қамтитын «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына» қатысты еді. Былайша айтқанда, бұл резерват аймағына кіретін Сарықопа жер телімінің, оның қорықтық, шабындық, жайылымдық жерлерін ауыл тұрғындары өз қажетіне пайдалана алмай, мал бағуы қиындап, жемшөп қорын дайындауда кедергілерге тап болып жүрген. Енді бұл жағдай оңалатын түрі бар, резерват әкімшілігінің талабына сәйкес тиісті ақысын төлеп, шабындық пен жайылымдық жер телімдерін пайдалануға болады.
Ауылына қарап адамдарын танитын қағидаға сүйенсек, Қызбелден білім алып, өнер мен мәдениеттің, ғылымның алыс қиянына қанаттанған, есім-сойлары тіпті әлемдік деңгейде зор құрметпен аталатын туған жер түлектері баршылық. Қазақстанда физика плазмасының мектебін қалыптастырып, дүниежүзілік формула иесі атанған әйгілі ғалым, академик Фазылхан Бәйімбетов, егемен еліміздің экономикалық әлеуетін еселеп арттыруға үлес қосқан ағайынды академиктер Сайлау, Сәбит Байзақовтар, мемлекетіміздің су шаруашылығын дамытуда ересен еңбектеніп жүрген, осы саланың бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаев, тіпті әріден қозғасақ, ҚазМУ ректоры болған, мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Закарин, Жамбыл облысын басқарған Мұқатай Жұрмұхамедов – ұлт мақтаныштары! Ал осы ауылдан түлеп ұшып, Міржақыппен үзеңгілес жүріп, Алаш идеясын жүзеге асыруға белсене араласқан заңғар заңгер Сейдәзім Қадырбаев пен ауыл мұғалімі, аудармашы, жоғары интеллект иесі Әлмағамбет Қасымовтың бүгінгі тәуелсіздік үшін күрескен ерлігі ұрпақ жадынан ұмытылмауға тиіс деп ойлаймыз. Бұл қастерлі тұлғалардың әрқайсысы ұлтымызға қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде рухани шамшырақ болып есептелетіні ақиқат. Міне, осындай елім деген ерлердің есімдерін Міржақып мерейтойының аясында ұлықтауға да тиісті көңіл бөлініп жатса құба-құп.
Тағдыр қысталаңымен ауыр кесапатты басынан өткерген Міржақып сонау алыс Карелияның Сосновец стансасындағы жазалау лагерінде 1935 жылдың 4 қазанында көз жұмғанға дейін «Жаза көр топырақты елден, Алла!» деп осы Қызбел ауылын көзінен бұл-бұл ұштыра сағынып сарғайған екен... Үздіге, емірене егілген қайран жүрек аңсары періштенің құлағына шалынғандай болып, жат жерде жерленген қабірінен 57 жылдан соң қайта алынып, жамбасы туған жерінің өзі армандаған қасиетті топырағына тиген еді...
Сол Міржақып осы мерейтойында қазағын, елін оянудан – ойлануға үндегендей болып бір Қызбел, Бидайығынан ғана емес, барша Түрік елдері төрінен рухани алдаспанын жарқылдата ойнатып жатқандай елес беретіні – қандай тылсым күш, ғажайып мезет! Сөз орайы келгенде Астанадан «Міржақыптану мәдени орталығы» ашылып жатса деген халық тілегін билікке жеткізгіміз келеді, орындала қалса, қандай ғанибет десеңізші.
Міне, мерейтойда осы тақылеттес, басқа да мәселелердің оңтайлы шешілуіне жабыла жауап іздеп көрелік. Сәт туды.
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстан Журналистер одағы М.Дулатұлы атындағы сыйлықтың лауреаты