Тұлға • 14 Ақпан, 2025

Халқын әнімен тербеген

85 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сейдолла Байтереков – талай орындаушының жолын ашқан композитор. Сахнада 50 жыл орындалып келе жатқан «Әлия» әнін орындаған Роза Рымбаева небәрі 19 жасында бүкіл кеңес одағына танымал болды. Сондай-ақ Нағима Есқалиева, Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев, Медеу Арынбаев сынды отандық әншілер Бәйтерековтің әндерін орындады.

Халқын әнімен тербеген

Сейдолла Байтереков – қазақ музыка өнеріндегі бірегей құбылыс, оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылды. «Әлия» сынды әндері халық жүрегінде. Композитор Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Сөзі аз, әдепті адам еді. Ол өзінің ішкі жан дүниесін бағалап, көп сөзден гөрі бар жігерін әнге салуды жөн көрді. Небәрі 53 жасында бақиға озса да, артына мол мұра қалдырды. Жекелеген әндер ғана емес, көптеген театрландырылған қойылым мен фильмдерге де музыка жазды. Қазақта «ән құдіреті» деген ұғым бар. «Әлия» – осы құдіретке толы шығарма. Оны композитор небәрі 28 жасында жазған. Бәкір Тәжібаев сөз жазған бұл әнді 1977 жылы Роза Рымбаева Болгарияда өткен «Алтын Орфей» халықаралық фестивалінде орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл туралы әнші: «Сейдолла Байтереков те, менің де өнерге жолымды ашқан ән – «Әлия», дейді.

«Әлия» музыка әлеміне ғана емес, бүкіл қазақ халқының мерейін асырды. Өйткені Әлия Молдағұлова сынды қазақтың батыр қызын әйгілеген ән кеңес өкіметі тұсында ұлтымыздың атын шығарғаны – бір, екіншіден елдің рухын көтерді. Туынды күллі кеңес одағына танымал болғаннан кейін, қазақтар арасында қыздарға бұл есімді қою кеңінен тараған. «Әлия» кеңестік байқауларда топ жарып, ел намысын көтерген туынды санатында.

Жоғарыда аттары аталған қазақ эстрада жұлдыздарының халық өнеріне із салып, кең танымалдылыққа ие болғаны да осындай біртуар композитордың арқасы ма деген ой туады. Нағима Есқалиева «Күнге табыну» әнін, Ермек Серкебаев «Дос туралы жыр», «Өмір-өмір» достық әнұрандарын, Әлібек Дінішев «Мөлдір сезімді» орындады. Бағдат Сәмединова «Сарыарқа», Мақпал Жүнісова «Бір болайық» әнін шырқады. Сонымен қатар композитордың көптеген танымал әні халық жадында қалды. «Түркістан», «Кентауым», «Мөлдір сезім», «Жаңбырлы түн», «Кездер-ай», «Түсінбедім», «Бір болайық», «Сағындым дауысыңды», «Аралдан ұшқан аққулар», «Аман бол» – бұлардың бәрі өлмес туындылар.

Алдағы уақытта Бәйтерековтің 80 жылдығына орай Астана мен Алматы қалаларында концерт өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар биыл Жеңіс мерекесіне 80 жыл болса, «Әлия» әніне 50 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойларды лайықты атап өтуіміз керек шығар.

 

Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше