Тұлға • 14 Ақпан, 2025

Мемлекетшіл тұлға

114 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елге қызмет етуді бәрінен жоғары қоя білу – ердің ерінің ұстанымы. Бердібек Сапарбаевтың замандас әріптесі Қырымбек Көшербаев ғұлама жазушымыз Әбіш Кекілбаевтан: «Сіз шығармашылық адамысыз. Алға қойған жоспарларыңыз, жазсам деген дүниелеріңіз көп. Өте талантты жансыз. ЮНЕСКО-ның сараптамасымен ХХ ға-
сырдағы 100 ойшылдың қатарына ендіңіз. Осы сізге биліктің керегі не?», деп сұрапты. Сонда абыз Әбіш: «мемлекетке, тәуелсіздікке немқұрайды қарай алмаймын. Елдің намысы кетіп, еңсесі түскен күйін көргім келмейді. Тәуелсіздік жолында біздің жасаған еңбегіміздің жемісін өскелең ұрпақ көруі қажет. Сол үшін абыройлы қызмет атқарып, оларға өшпес мұра қалдыру үшін мен сол биліктің ішінде болуым керек. Өйткені көшеде тұрып ақыл айтқаннан гөрі, мемлекеттің ісіне араласып, соның дұрыс жүруіне, жақсы дамуына өз үлесімді қосқан әлдеқайда қымбат», деп жауап берген екен.

Мемлекетшіл тұлға

Ал енді Бердібек Мәшбекұлы журналиске берген бір сұхбатын­да: «Көңіліңнің тыныштығы үшін және өзіңді бақытты сезіну үшін ұлтқа адал қызмет етуден асқан абыройлы іс жоқ. Саналы өмірімді осы жолға арнаған адам ретінде батыл айта аламын: елге қызмет ету ісінде демалыс жат. Десе де еліңе пайдалы болу дәйім креслода отыру деген сөз бе? Әкімнің орынтағынсыз да жұрттың бола­шағы үшін күресуге болатынын талай тұлғалар дәлелдеп өткен. Қол қусырып қарап отыра алмайтынымды өзің де айтып қалдың. Әрине, солай. Тұғырдан тайып тұр­ғандай болып сөйлегеннен Құдай сақтасын. Әлі де болса, еліме еңбек сіңіремін деп ойлаймын. Себебі мен өзімді жұмыс істегенде ғана ба­қытты сезінемін. Жалпы, кез келген адамның пе­шенесіне өзінің сүйікті ісімен айналысуды жазса, жер бетінде бақытты жандар көбірек болатынына бәс тігемін», деген өмірлік танымын ашып айтады.

Ел үшін ерен еңбектің, қайтпас қайсарлықтың, намыс пен ардың жоғары үлгісін көрсете білген екі тұлғаның арасында табиғи тылсым байланыс бар екенін жоққа шығару қиын. Сол Әбіш ағамыз Бекеңнің алпыс жасына арнап кең көлемді мақала жариялады. Сөзінің соңын «Бердібек Сапарбаев бұрынғысынша вахтада. Әрбір кешіңіз табысты аяқталып, әр таңыңыз сәтті бастал­ғай, алғадай азамат» деген батамен аяқтапты.

«Өмір деген зырылдап өтіп кеткен күндердің тізбесі емес, со­лар­дың ішінде өшпестей есте қал­ғандары ғана» депті ғой бір данышпан. Маған марқұмды еске алуға арналған барлық өңірдегі шараларға қатысу бұйырды. Сон­дағы халықтың ыстық ықыласы, ат­қарған ісіне берген бағасы таусылып болмады ғой. Астанадағы аста Бердібек Мәшбекұлына «мем­лекетшіл тұлға», Алматыдағы мәдени қауым «ұлт зиялыларымен сабақтас тұлға» деп баға берді. Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында өткен жиындардан кейін Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі болып жаңадан тағайындалған Ермек Көшербаев бастама көтеріп, Бер­дібек Мәшбекұлына арнап іс-шара өткізді. Б.Сапарбаев Шы­ғыс Қазақстан облысы әкімдігіне келген кезден бастап, жергілікті проблеманы еңсеруге кіріседі. Тұрғындардың айтуынша, етігі­мен су кеше жүріп табиғи апаттар­дың қиыншылығын реттей біл­ген. Ұлттық құндылықтарды дәріп­тей отырып, Шығыстың тарихи шырайын кіргізе алады. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық кеңес бүкіл түрік дүниесін дүр сілкіндіреді. Абай бастаған қазақ ұлтының мақтаныштарының ескерткіш­тері әрбір қазаққа рух беріп тұр. Аллея бойындағы Абайдың қара сөздерін оқыдық, қала биігіндегі «Қазақ­стан» деген атауды көріп толқыдық. Тұрғындар қаладағы орталық мешіттің пайдалануға берілудегі облыс басшысының жергілікті тұрғындармен бірге білек сыбана кіріскенін аңыз қы­лып айтып берді. Өскеменді аралау барысында ұлттық намысты жігерлендірер жасампаз істердің нәтижесіне көз жеткіздік.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында үлкен астың басында шырайлы шаһар әкімі мен зиялы қауым өкілдері Бер­дібек Мәшбекұлының жұмы­сына жо­ғары баға берді. Өңір­дің өзекті проблемаларын түрлі кедергіге қарамастан, айна­ласындағылармен кеңесіп шешу жолдарын таба білгенін ел ағала­ры ерекше атап өтті. Сол кездегі жалақының, зейнетақының, түрлі әлеуметтік жәрдемақының кешеуілдеуіне, газдың, жарықтың жоқтығына наразы халықтың жағдайын жақ­сарту оңай іс емес еді. Оның үстіне тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін құрылымдар жекешеленіп, елдік мүддеден жеке мүдде басым түсе бастаған уақыт­тың сынына Бердібек шыдас бере алды деген сөздер құлаққа шалынды. Облыстағы электр энер­гиясын, жылу мен газды өндіре­­тін, оны жеткізетін кәсіподақтар­ды жекешелендіру жұмысының заңдылықтары қатаң тексеріліп, 3,2 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылыпты. Кейбір басшылар құрметтемек түгілі, атын айтуға батылы бармай жүргенде, республикамыздың біртуар азаматы Асанбай Асқаровқа «Құрметті азамат» атағын беріп, астына автокөлік мінгізгенін ерлікке бала­ғанын да естідік. Үйсіз-күйсіз жүр­ген БАҚ, шығармашылық ортаның өкілдеріне күрделі жөндеуден өткен үйден пәтер бергеніне зор ризашылық білдірді. Біршама зиялы қауым өкілі Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО аясында атап өту іс-шараларына елді жұмылдыра білгенін еске алысты. Еліміздің танымал тұлға­ларының басын қосып, халықаралық «Парыз» қорын құрып, 2,3 млрд теңге қаржы жинаған. Әрбір тиынын ұқыпты жұмсап, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның атын әлемге таныта түскен.

Ақтөбе қаласына Сыр өңірі­нен барған делегацияны сол кездегі ­облыс басшысы Ералы Тоғжанов арнайы қабылдады. Бердібек ағамызға тапсырып үлгер­меген «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы белгісін отбасына тапсырды. Іс-шаралар ара­сын­да өзгерген, жаңарған, сәу­леттендірілген қаланы көрдік. Қаз-қатар салынған «Шығармашы­­лық академиясы», «Өнер орталы­ғы», «Жұбановтар әлемі», «Анаға тағзым», облыстың жедел жәрдем қызметі, облыстық мұражай, неке сарайы, жекпе-жек сарайы, мұз айдыны, теннис орталығы, т.б ғимараттар алыстан көз тартып, көңілге қуаныш ұялатады екен. Жаңадан бой көтерген шағын аудан­дардың сәулеті де ерекше. Сонымен бірге аудандандарды абат­тандыру жұмыстарының нәти­желеріне көз жеткіздік. Іс-шара кезінде сөз алған облыс тұр­ғындары өздері «нар тұлға» деп атайтын Бердібек Мәшбекұлы­ның кезек күттірмес мәселелерді елмен кеңесе отырып шешкеніне ризашылық білдірді.

Арнайы шақырумен Жамбыл облысында болдық. Сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітов және тұрғындардың пікірлерінен Қордайдағы қақтығыс кезінде адам өлімінен ашынған тұрғындарды сабырлыққа шақырып, сабасына түсіру оңай болмағанын терең сезі­не түстік. Расында, ел ішіндегі ахуалды байыптап, ынтымақтас­тық­қа зиян келтірмей әділет таразы­сын тең ұстау қашаннан келе жатқан игі дәстүр. Қалыптасқан шиеленісті шешу үшін әуелі көпшіліктің көкірегіне осы сенімді ұялату керек. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы Бердібек Сапарбаевты осындай сын сағат­та Жамбыл облысына әкімдікке тағайындаған.

Жамбылдағы қызмет уақыты жаһанды жайлаған «коронави­рус» індетімен сәйкес келді. Осы бір сындарлы сәтте, әлемде ал­ғашқы бес мемлекеттің қата­рын­да отандық вакцинаны шыға­руда­ғы еңбегі өлшеусіз екені белгі­лі. Бұл жөнінде Президенттің ғылым мен инновация жөнін­дегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья: «Кешегі пандемия кезінде халық денсаулығына араша болған отандық «QazVac» вакцинасының шұғыл шығарылуында Бердібек Мәшбекұлының зор үлесі бар еке­нін екінің бірі біле бермейді», деді.

Қандай қиындық, кедергі болса да үйлестірілмейтін, реттелмей­тін проблема, шешілмейтін түйін жоқ екендігіне, тек соны үйлес­тіре, ұйымдастыра алмайтын басшылар бар екеніне осындайда көзіміз жетеді.

Облыс әкімінің әлеуметтік мә­селелер жөніндегі орынбасары ретінде ол кісінің қызметтік жиналыстарына қатысып, сапарында бірге жүру бақыты бұйырды. «Адамдағы ынсап, әділет, мейі­­рім үшеуін қосып айтқанда «Ұждан» деген ұғым шығады» деген Шә­кәрімнен қалған сөз бар. Сол ар-ожданды жоғары ұстай біл­ген ұстаздың өмір тәжірибесін зерттеп, үлгі қылу – бізге мұра болмақ. Қайраткер өнегелі өмірімен бүгінгі және кейінгі ұрпаққа елге адал еңбек етуді аманаттап кетті. 

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше