
Өткен жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 8,1%-ға артып, шамамен 300 млн долларға жетті.
Қазақстан тарапы жалпы құны 132 млн доллардан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, биыл елімізде 26 млн тоннадан астам астық жиналды. Отандық экспорттаушылар бидай, арпа және майлы дақылдарды қоса алғанда, астық өнімдеріне деген Иран нарығы сұранысын қанағаттандыруға дайын. Жалпы, өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарының айналымы 25%-ға артып, 186 млн долларға жетті.
«Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізі шеңберінде жүк тасымалдау көлемін арттыру, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту және инфрақұрылымды дамыту мақсатында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан (Ақтау, Құрық) және Иран (Анзали, Амирабад) порттары терминалдарын жаңғыртудың келешегі мәселелері қаралды.
«Біздің басты мақсатымыз – екі мемлекет басшылары айқындаған міндеттерді толығымен жүзеге асыру және Қазақстан-Иран ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеру. Біздің сауда-экономикалық әріптестігіміздің әлеуеті жоғары, оны одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Өзара құрмет пен достық аясында өтіп жатқан бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін», деп атап өтті О.Бектенов.
«Мемлекеттеріміз географиялық және аумақтық жағынан байланысып жатыр. Елдеріміздің көшбасшылары арасында сындарлы саяси диалог орнатылды. Екі мемлекет басшылары үкіметтер алдына екіжақты сауда көлемін 3 млрд долларға дейін арттыру міндетін қойды. Біз өз тарапымыздан екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылауға дайынбыз», деді Мохаммад-Реза Ареф.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиевпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық, су, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық, туризм және басқа да салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Олжас Бектенов екі мемлекет басшылары – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров арасындағы белсенді саяси диалог екіжақты ынтымақтастықтың барлық ауқымын жаңа деңгейге көтеріп, барлық салада жоғары серпінді қамтамасыз еткенін атап өтті. Өткен жылдың 11 айында екіжақты сауда көлемі артып, 1,6 млрд долларға жетті. Жеткізілетін тауарлар аталымын кеңейту арқылы оң үрдісті сақтау мен сауда құрылымын жақсартудың маңыздылығы көрсетілген. Қазақстан өз тарапынан жалпы құны 203 млн долларднан асатын 175 атаудағы өнім экспортын арттыруға дайын. Олардың қатарында мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер бар.
2024 жылдың 11 айында АӨК саласындағы тауар айналымы 5,5%-ға өсіп, 313,6 млн долларды құрады. Бұл ретте Қазақстаннан астық экспорты 40,4 мың тоннаны, ал ұн 53,2 мың тоннаны құрады.
Жалпы, 2024 жылдың 11 айында екі ел арасындағы өнеркәсіп тауарларының айналымы 985,5 млн долларды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға артық. Бұл ретте Қазақстаннан шығатын экспорт көлемі 13,5%-ға өсті.
Тараптар су-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылады. Бірлескен шаралардың арқасында 2024 жылғы суару маусымы шығынсыз өткені айтылды. Биыл Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде вегетацияаралық кезеңді қауіпсіз өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – көлік-транзит әлеуетін арттыру. 2024 жылдың 9 айында автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық жүк тасымалдау көлемі 16%-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады. Осыған байланысты бірлескен шекараның өткізу мүмкіндігін, сондай-ақ жүк тасымалдаушылар үшін транзиттің тартымдылығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды.