Қоғам • Бүгін, 14:55

Елімізде қорлық көрсететін еркектердің дегеніне көнетін әйелдер саны әжептәуір азайды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мамандары жүргізген зерттеу нәтижелері елімізде отбасылық зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс деп көретін әйелдер санының азайғанын көрсетті, деп жазады Egemen.kz

Елімізде қорлық көрсететін еркектердің дегеніне көнетін әйелдер саны әжептәуір азайды

фото: istockphoto.com

Зерттеуге 15–49 жас аралығындағы өңірлерден келген шамамен 14,4 мың әйел қатысты. Сауалнамаға қатысқандарға ер адамның әйелін «сабауға құқығы бар ма» деген сұрақ қойылды. 2015 жылы бұл сұраққа 15,1% әйел «иә» деп жауап берген болса, былтыр бұл көрсеткіш 4%-ға дейін төмендеген.

2024 жылы мұндай зорлықты ақтап алатын әйелдердің арасында ең жиі таңдалған себеп – әйелдің балаларға дұрыс қарамауы (2,8%) болған. Бұдан бөлек:

  • 1,6% – әйелдің үй шаруасымен айналыспауы;

  • 1% – әйелдің күйеуіне қарсы сөз айтуы;

  • 0,8% – әйелдің күйеуін ескертпестен үйден шығуы;

  • 0,3% – жақындықтан бас тартуы;

  • 0,2% – тамақтың күйіп кету себептері де болған.

Жылдан жылға еркектердің дегеніне көнетін әйелдер саны әжептәуір азайып келеді. Бұл қоғам санасының өзгергенін, әрі отбасыдағы әйел рөліне деген көзқарастың өзгергенін көрсетеді.

Ауылдық жерлерде мұндай «тәрбиелеу әдісін» дұрыс деп санайтындар көбірек. Өткен жылы ауыл әйелдерінің 6,8%-ы бұл сұраққа оң жауап берген, ал он жыл бұрын бұл көрсеткіш 20,6% болған. Қала әйелдері арасында мұндай көзқарасты қолдайтындар айтарлықтай аз – бар болғаны 2,6%.

Аймақтар бойынша айырмашылық өте үлкен. Мысалы:

  • Түркістан облысында сауалнамаға қатысқан әр оныншы әйел күйеуінің әйелін сабауын дұрыс деп санаған.

  • Жетісу облысында – 9,5%, Қостанай облысында – 8,8%.

  • Ең төмен көрсеткіш Маңғыстау (0,2%), Ақтөбе (0,4%) және Атырау (0,5%) облыстарында тіркелген.

Жасы ұлғайған сайын әйелдердің отбасылық зорлықты ақтауға бейімділігі артатыны байқалды:

  • 45–49 жастағы әйелдердің 4,7%-ы;

  • 40–44 жастағылардың 3,1%-ы мұндай көзқараспен келіседі.

Соңғы он жылдағы отбасылық қылмыс статистикасы

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректеріне сәйкес, өткен жылы отбасылық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2015 жылмен салыстырғанда 7,2 есе өскен. Дегенмен бұл салыстыру толық объективті емес. 2015 жылы «Қол көтеру» және «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптары әкімшілік құқықбұзушылық санатына жататын. Бұл баптар тек 2024 жылдың ортасында ғана қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды.

Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында 21,4% өсіп, 3 мың жағдайға жеткен.

Олардың ішінде:

  • 1,7 мың жағдай – қол көтеру (өткен жылдың маусым–қазанымен салыстырғанда +36,8%);

  • 680 жағдай – денсаулыққа жеңіл зиян келтіру.

Ал ауыр қылмыстар азайған:

  • кісі өлтіру – 30,1%-ға;

  • зорлау – 16,7%-ға;

  • денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 10,5%-ға қысқарған.

Зорлық-зомбылыққа қатысты өтініштер азайған

Өңірлік әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссияларының статистикасы да тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейінің төмендегенін көрсетеді. Өткен жылы зорлық-зомбылыққа байланысты дағдарыс орталықтарына жүгінгендер саны екі есе азайған.

  • 2013 жылы – 30,5 мың өтініш.

  • 2024 жылы – 12,9 мың.

Көмек алған әйелдер саны 12,2%-ға азайып, 11,4 мың адамды құрады. Ең жиі көрсетілген көмек түрлері – дағдарыс орталығының кеңесшісі немесе психолог көмегі, ал заңгер көмегі сирек көрсетілген.