Президент • Бүгін, 14:53

Тоқаев пен Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің қазақ жеріне мемлекеттік сапарының мәні айрықша деп санайтынын, Түрікменстан – Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес, бауырлас ел екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Тоқаев пен Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Фото: Ақорда

«Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Осындай мызғымас тұғыры бар қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып жатыр. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономика саласындағы байланыс жылдан жылға күшейіп келеді. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық нығая түсті. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеміз», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.

«Бейтарап саясат жүргізу Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік қағидаттарына бейіл екенін көрсетті», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы: «Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды»

Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді. Әуелгі кезекте сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.

«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Президентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік», деді Президент.

Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.

«Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қарастырылған.