Фото: shutterstock.com
КASE дерегіне сүйенсек, капитализация жағынан қаржы секторындағы көшбасшы Kaspi.kz болып отыр. Компанияның нарықтық құны 7,3 трлн теңгеге жетіп, өзге қаржы ұйымдарынан бірнеше есе алда. Kaspi.kz бүгінде KASE алаңындағы ең ірі үш компанияның қатарына кіреді, оның алдында тау-кен секторындағы екі алпауыт тұр.
Екінші орында Halyk Bank орналасқан. Оның капитализациясы 3,5 трлн теңге көлемінде тіркелген. Бұған дейін үздік үштікке Freedom Holding Corp. да кірген еді, алайда 25 қарашада KASE бұл компания бойынша деректерді платформадан алып тастады. Алғашқы бестік қатарына ForteBank (1,1 трлн теңге) және Банк ЦентрКредит (839,8 млрд теңге) енеді.
Капитализацияның артуы инвесторлардың сенімін, нарықтың тұрақты даму қарқынын және қаржы ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Көшбасшы компаниялар ашықтық, технологиялық тиімділік және клиентке бағдарлау жағынан нарықтың жаңа стандарттарын қалыптастыруда.
Капитализация компанияның биржадағы нарықтық құнын білдіреді. Бір акцияның бағасы айналымдағы акциялар санына көбейтіледі. Бұл көрсеткіш бизнес көлемін, инвесторлар сенімін және компанияның бәсекелестері арасындағы орнын айқындайды.
Еліміздің қаржы ұйымдарына шетелдік институционалдық инвесторлардың қызығушылығы тұрақты өсіп келеді. Мұндай инвесторлар қатарында әлемдік хедж-фондар, халықаралық банктер және ірі инвестициялық құрылымдар бар. NASDAQ биржасында саудаланатын Kaspi.kz және Freedom Holding Corp. халықаралық нарықта ең танымал отандық компаниялар санатына кіреді.
Инвесторлар құрылымында айқын айырмашылық бар. Kaspi.kz капиталының 38,98 пайызы институционалдық инвесторларға тиесілі, бұл компанияға деген сенімнің жоғары екенін дәлелдейді. Freedom Holding Corp. бойынша бұл үлес небәрі 4,09 пайыз деңгейінде.
Институционалдық инвесторлар саны Kaspi.kz бойынша 207, Freedom Holding Corp. бойынша 152. Инвесторлар иелігіндегі акция көлемі Kaspi.kz үшін 74,1 млн дана, Freedom Holding Corp. үшін 2,5 млн дана. Акциялардың жалпы құны Kaspi.kz бойынша 5,4 млрд доллар, ал Freedom Holding Corp. бойынша 345 млн доллар. NASDAQ деректері өзгеріссіз сақталғанымен, KASE платформасы Freedom Holding Corp. туралы ақпаратты 25 қарашада алып тастағанын ескерген жөн.
Kaspi.kz инвесторлары арасында Baring Fintech Manager Holding Ltd, Baillie Gifford and Co, FIL Ltd, Pzena Investment Management LLC, FMR LLC, Sands Capital Management LLC, Schroder Investment Management Group сияқты әлемге әйгілі инвестициялық ұйымдар бар. Олардың қатарында BlackRock Inc, HSBC Holdings Plc, JPMorgan Chase and Co, Goldman Sachs Group Inc, Morgan Stanley сынды жаһандық алпауыттар да кездеседі.
Freedom Holding Corp. инвесторларының алғашқы қатарында BlackRock Inc, State Street Corp, Morgan Stanley, Vanguard Group Inc, Bank of America Corp секілді ірі халықаралық ойыншылар бар. Алайда инвестиция көлемі бойынша екі компания арасында айырмашылық айтарлықтай. Freedom Holding Corp. үшін 10 млн доллардан асатын үлеске ие инвесторлар саны жеті ғана болса, Kaspi.kz бойынша мұндай инвесторлар саны 59.
Осы деректерге сүйенсек, екі компания да халықаралық деңгейде үлкен назарға ие. Бірақ Kaspi.kz институционалдық инвесторлар үшін анағұрлым тартымды болып отыр. Бұл оның бизнестің технологиялық моделі, нарықтағы орны және тұрақты өсім қарқыны бойынша жоғары бағаланатынын көрсетеді.