Әдебиет • 08 Желтоқсан, 2022

Сырбаз суреткер

249 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астанада көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуы­на арналған іс-шаралар легі, алдымен Ұлттық академиялық кітапханада қабырғалы қаламгердің тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрген «Troubled times» («Тар кезең») тарихи романының таныстырылымымен басталды. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, аудармашы Саймон Холлингсуорт, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сырбаз суреткер

Мазмұнды іс-шарада сөз ал­ған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазушының қазақ әдебиетінің асыл қазына­сына айналған біре­гей туындылары туралы парасатты ой қорытты.

«Қаламгер «Тар кезең» рома­нында Сырым батыр арқы­лы қазақтың тағдыры мен отар­шылық қамытын кие бастаған елдің та­ри­хын жазып, әлеуметтік та­қы­­рыпты қозғады. Қажыға­ли аға­мыз кез келген мәселеге бейжай қарамай, тыңғылықты дайын­­далатын», дей келіп, сыршыл суреткердің қайраткерлік қыры мен ПЕН-клубқа сіңірген еңбегін атап өтті. Одан кейін «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы айтулы тұлғаның тұғырлы романын бүгінгі әдеби-мәдени ықпалдастықтың биігі деп қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ басқосуға қатысқан басқа да зиялы қауым өкілдері Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы мен азаматтық келбеті жайында салмақты сөз қозғады.

апапа

Содан кейінгі іс-шара Қали­бек Қуанышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театрында жазушыны еске алуға арналған әдеби-саз­ды кешке ұласты.

Кеш шымылдығын Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов ашып, көрнекті қаламгердің әдеби мұ­ра­сы мен адами болмысына тоқ­талды.

«Қажығали ағамыз саналы ғұ­мырында ұлт руханиятын көркем шығармаларымен байытып, тарихымызды терең тануға қыз­мет етті. Ол кісінің «Не жазсақ та бі­ліп жазайық» деген ұстанымы аза­маттық болмысының тазалы­ғын көрсетеді. Жазушы «Тар ке­зең» романы арқылы қазақтың бек­зат болмысын, тектілігін, ер­­­кін­дігін айшықты бейнеледі. Өз ба­сым, ол кісімен кездесіп, әң­гі­мелесіп, батасын алғаныма қуа­на­­мын. Қаламгердің қал­дыр­­ған мұрасы халқымызбен бір­ге мәң­­гі жасай береді», десе, Аста­на қа­ласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев жинал­ған қа­уымға елорда басшысы Алтай Көлгінов­тің жолдаған хатын оқып берді.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы Ұлықбек Есдәулет көркем сөз зергерінің әдебиет­ке бірге келген тұстастары туралы айта келіп, прозашы шығар­ма­шылығының екі қырына айрықша маңыз берді.

«Оның біріншісі – әңгіме-по­вестері болса, екіншісі – «Тар ке­зең» романы. Бұл роман жазу­шы­ның шығармашылық кемелі­не келіп, талантының толыс­қан тұсында жазылды. Шындығын айтқанда, біздің отарланған тарихымыз толық жазылып бол­ған жоқ. Біз неге осы уақытқа дейін жал­тақпыз? Неге анда-мұн­да қа­рай береміз? Соның бәрі отар­шыл­дықтың қанымызға әбден сіңіп кеткен зардабынан. Ал оның түп-тамыры қайда? Турасын айт­қан­да, біз үндемей бағына бер­ген ха­лық емеспіз. Қазақ өзі­нің ер ха­лық, батыр халық, қай­раткер ха­лық екенін көрсетті. Отар­шыл­дыққа қарсы күрескен батыр­лар­дың бірі – Сырым Датұлы. Ағамыз баһадүр бабамыз туралы өлмейтін роман жазып, Сырым­ды өзінің биігіне шығарды. Сол ар­қылы қаламгердің өзі де биікке көтерілді», деп жазушыға ертеректе арнап жазған өлеңін оқып берді.

Сонымен қатар Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин суреткердің сексен жылдығына осыдан бір жыл бұ­рын дайындала бастағандарын тілге тиек етті.

«Қазақ ПЕН-клубының алды­­на қойған екі мақсаты бар: бірін­ші­сі – жазушылар мен журналистер­­дің құқығын қорғау болса, екін­ші­сі – қазақ әдебиетінің классикте­рін шетел оқырмандарына жеткізу. Сондықтан Қажығали ағамыз­дың торқалы тойына «Тар кезең» атты ғажайып романын ағыл­шын тіліне аудартуды алдыма мақ­сат етіп қойдым. Ол мақсатым орындалды. Сонау Лондоннан аудармашы Саймон Холлингсуорт осы кітапты тәржімалап, баспадан шығарып алып келді», деп қуанышымен бөлісті. Ал аудармашы Саймон Холлингсуорт Қажығали Мұханбетқалиұлының романын жоғары бағалап, осы шығарманы аудару барысында жаңа әлеммен танысқандай әсерде болғандығын баяндады.

Ал жазушының жақын досы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты Төлен Әбдік сырбаз сурет­кер­­дің шығармаларын оқып отыр­­ған­да бір көлдеңен сөз немесе жа­мау секілді оқиғаға қатысы жоқ басқа бір картина бол­май­тындығын мысалға келтірді.

«Қажекеңнің тілі таза, композициясы шымыр, қысқасы, өте сауатты жазушы болатын. Өйткені ол әлемдік әдебиетті көп оқитын. Өзі зерек. Мектепті де, университетті де үздік бітірді. Қажекең – Ақтөбе облысының Бай­ғанин ауданынан. Сол ауданнан әдебиетке Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбайұлы, Сә­бит Баймолдин секілді талантты ақын­­дар келіп, оқырмандарға ерте та­нылды. Ал Қажығали бірден көзге түскен жоқ. Жалпы, ол тай­құнанның бәйгесіне түскісі келмей, бірден аламанда бақ сынады.

Қажекең Сырым Датұлы тура­лы романды ұзақ зерттеп, аса үлкен жауапкершілікпен жазды. Оның бақыты – осы тақырып­ты алып шыққандығы. Тарихи тақы­рыпты жазу оңай емес. Жа­уапкершілігі үлкен. Мысалы, Абай – рухани әлеміміздегі пай­ғам­бар секілді тұлға. Бірақ Абай­ды Мұхтар Әуезов биікке көтермесе, ол біздің санамызға қай дәрежеде келер еді? Мұхтардың кемеңгерлігі – Абайды сол тарихи орнына көтере білді. Қажекең осы міндетті толығымен атқарды. Сырым батырды халқына танытып, тарихи бейнесін сомдады. Қа­жығалидың адамгершілігі мен кісілігі де көркем еді. Біз университетте бірге оқып, өте жақын дос болдық. Ол ақжарқын, албырт, бойынан балалық мінезі қалмаған жігіт болатын. Жас кезі­мізден бірге ержетіп, бір­ге есейіп, бірге қартайдық. Қата­рыңның өзіңмен бірге жүргеннің жақ­сы жері – қартайғаныңды сез­бей­сің. Сол баяғы балалық шақ­та жүргендей боласың. Қажекең­нің өлімі ма­ған ауыр тиді. Туға­ным­нан айырыл­ғандай болдым. Өмірде Алланың ісіне ешкім қарсы келе алмайды. Қажекең­нің екінші өмірі басталды. Жазу­шының екінші өмірі өзінің өмірі­нен әлдеқайда ұзақ болады. Өйт­кені әр ұрпақ келген сайын жақсы жазушының бойынан жаңа бір қасиеттерді көріп, бізден гөрі тере­ңірек түсінеді», деп Төлен аға­мыз аяулы досын сағынышпен еске алды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов жа­ны сұлу жазушының сан қыр­лы таланты, азаматтығы және шығар­машылығы жайындағы есте­ліктерімен бөлісті.

«Жаңа «Тар кезең» туралы айтып жатырмыз. Бір шығарма алдыңғы планға шыққан кезде, өкінішке қарай, өзге шығар­ма­ларына көлеңкесін түсіретін болады. Қажекеңнің романынан бөлек, тамаша әңгімелері мен повестері де керемет. Оған мысал ретінде «Бір машина шөп», «Ескі дос­тар», «Шегебай» секілді көркем дүниелерін айтар едім. Алайда қаламгердің негізгі кітабы – «Тар кезең» туындысы. Бұл романның ағылшын тіліне аударылуы – кезеңдік құбы­лыс. Қажекең газетке берген бір сұх­батында: «Тарихи шығар­ма жазу үшін адам бар өмірін ар­нау керек. Алексей Толстой «Бі­рінші Петрді» жазу үшін бар өмірін сарп еткен. Осы романды жазу барысында көптеген архив деректеріне үңіліп, тарихи тақырыптағы 153 көркем шығарма оқыдым» деп айтыпты. Осыған қарап, жазушының өз шығармасын жазарда жүйелі зерттеп, әлем әдебиетінде «тарихи туынды қалай жазылады, тарихи кейіпкерлер қалай сомдалады» дегенге тастүйін дайындық жасап, бір романды 20 жыл жазғаны – суреткер жауапкершілігі деп қараймыз», деді қаламгер.

Сонымен бірге талантты тұл­ғаның туған жерінен келген Ақ­төбе облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Алтынай Юни­сова биыл жазушының 80 жыл­дығына арналып облыс көле­мінде ұйымдастырылған іс-шараларды айтып өтті.

Сондай-ақ әдеби іс-шара ба­ры­сында Қалибек Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық драма теат­рының әртістері «Тар ке­зең» романынан үзінді қойса, Зи­нат Қасы­мова, Жақсыгелді Мая­саров, Медет Салықов, Клара Тө­лен­баева және басқа да белгілі әнші­лермен бірге «Қорқыт» этно ансамблі әдеби кешті әуезді ән-күймен әрлеп, жиналғандарды жылы әсерге бөледі.