Жиынды «QAZCONTENT» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының кеңесшісі Махат Садық жүргізді. Ол соңғы жылдары ақын-жазушы, қаламгерлер еңбегін бағалауда мемлекет тарапынан біршама оң өзгерістер бар екенін айта келіп: «Егер билік әдебиетті сүйіп, жақсы көрсе, әдеби порталды білсе, онда мемлекеттің, қоғамның болашағына деген сенім мен жанашырлықтың бар екендігі», – деп әдебиетке деген қамқорлық оны дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Әдебиет порталының» бас редакторы Ынтымақ Сағымбеков «Баннердің үстінен басқан кезде өзінің логотипімен бекітілген жүз кітаптың барлығы осында көрсетілген, бұл жоба ұлттық кітапханамен біріккен жоба, себебі, бүкіл электронды кітаптарды Алматыдағы ұлттық кітапхана дайындап берді», дей келіп, порталдың басты бетіндегі «100 кітап» айдары жайлы айтып өтті.
Нұрлыхан Жұмахан, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері:
– «Әдебиет порталының» ұсынысымен жасалған жобаның маңызына келсек, кітапты қолжетімді ету біздің кітапхана үшін ғана емес, жалпы оқырман үшін үлкен олжа деп ойлаймын, себебі қазір барлығы цифрлық технология, телефонға, планшетке ауысып жатқанда кітапты автобуста немесе метрода, ұшақта оқу өте тиімді. Бұл жобаның алғашқы нәтижесін, жемісін көре бастадық десек те болады. «Әдебиет порталының» осы жоба бойынша подкасты жасалып жатыр, «тредс» деген желіде отырамыз, сол жерде осы подкасты көрген көрермендер кітапты оқуға деген ынтасы оянып, өз пікірлерін жазып жатқаны – кітап оқуға деген қызығушылықтың артқаны деп білеміз.
Амангелді Кеңшілік, жазушы-публицист, әдеби сыншы:
– Халықтық сауалнама жүргізіліп, одан кейін кітаптардың тізімі шыққан кезде әр түрлі әңгімелер болды, оны жасырмаймыз, реніш те болды, «анау енбей қалыпты, мынау енбей қалыпты» деп… Бірақ, қалай болған күнде де менің риза болғаным – әдебиетте аты бар, есімі бар, әдебиетті жасаған, қазақ әдебиетінің негізін қалаған тұлғалардың бәрі кірді десек қателеспейміз.
Бірен-саран кірмей қалғандар болса, бұл жүз кітапты менің ойымша келешекте 120 кітап қылып, 200 кітап қылып, бүгінгі ұрпаққа қажет жаңа парадигмамен ары қарай жалғастыра беруге болады. Бұндай дүниелерді жасау не үшін маңызды? Біріншіден, біз осы кезге шейін әдебиетте кімдер бар, кімдер жоқ деген мәселеге байланысты еркіне кеткен бір жағдайлар болып жатты да, мысалы, біреулер қатты насихатталып жатты, біреулердің аты аталмай жатты, міне, осы 100 кітап «біздің қазақ әдебиет әлемінде кімдер бар, қандай жарқын есімдер бар» деген сұраққа толық болмаса да жауап береді деп ойлаймын.
«100 кітап» осы біздің әдебиетімізді классификациялауға мүмкіндік беріп жатыр. Келешекте осы «100 кітаптың» негізінде, бәлкім, бір мүмкіндігін қарастырып, айына бір рет лекцияда оқып отырсақ, сонда он жылда жүз кітапты түгендеп шығуға болады екен деп ойланып көрдік.
Айна Задабекқызы, «QAZCONTENT» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы:
– Бұл жерде тек «Қазконтенттің» емес, жалпы қазақ әдебиетіне, әдеби салаға қатысты үлкен бір жобаның тұсауы кесілейін деп отыр. «QAZCONTENT» АҚ-ы «Әдебиет порталының» «100 кітап» ұлттық жобасы аясында өткізіп жатқан іс-шараға қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оқырман санасын тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама көтерді, сол тапсырмалардың аясында жүзеге асқан «100 кітап» жалпы ұлттың жобасы халықтың өз таңдауымен іріктеп алған, осы тамыз айында жария болған жоба. «Жүз кітаптың» бүгінгі заманға сай электрондық форматта оқырманға қолжетімді болуы үшін осы «Әдебиет порталының» ұжымы бірнеше ай бойы арнайы жобаны жасап шықты.
Бұл жобаның атауы «онлайн кітапхана» деп аталады, бұл бәріне ашық қолжетімді кітапхана, өйткені қазіргі уақытта бәріміз смартфонмен жүреміз, сондықтан «сол жүз кітапты қалай табуға болады, оның ішінде қандай кітаптар бар, қалай оқуымыз керек» деген сияқты сұрақтар туған жағдайда жастарға да, үлкен ағаларға да ыңғайлы болу үшін осы электронды форматын жинақтадық.
Және де бұл жерде бір ерекшелігі – жасанды интеллектін пайдаланғанымыз, өйткені порталға кірген кезде ішінде чатбот бар, чатботқа өздеріңізге қажетті жанрды таңдасаңыздар, сол жанрға қатысты кітаптардың тізімі шығады. «Әдебиет порталы» өзінің YouTube арнасында осы таңдалған жүз көркем әдеби шығарманы он жанрға бөліп топтастырып, белгілі әдебиеттанушы ғалымдар мен қаламгерлерді қатыстыра отырып, он бағдарламаны жасап шығарды. Ол жерде танымал қаламгерлер, жазушылар сол әрбір жанрларға қатысты шағындап нақты ақпарат беріп отырады. «Әдебиет порталы» 2013 жылы құрылғаннан бері 4 мыңнан астам электронды кітап жүктелген, сонымен қатар үш жүзден астам авторлық сайт беттері бар және де 300-ден астам кітапқа қысқаша шолулар жарияланған. 800-ден астам аудио және бейнежазбалар бар, әдебиет бойынша тестілер, қажет анықтамалар, сөздіктер бар яғни бұл еліміздегі танымал, әдебиет саласында өзінің үлкен орны бар портал деп айтуға болады. Біздің компанияның басты мақсаты – әдебиетті барынша замануи, жастарға түсінікті тұрғыдан беруде, ақпарат таратуда қалтқысыз қызмет ету.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан: «Кітап оқу, кітап құндылығын арттыру бағытында соңғы уақыттарда байқау, отырыстар, үлкен жобаларды қолға алу бойынша қоғамдық ұйымдар болсын, мемлекеттік органдар болсын, оның ішінде, әсіресе, электронды сайттардың алдында үлкен міндеттемелер қойылды. Бұл деген үлкен мәдениет қалыптастыру, оның ішінде, әсіресе, соңғы уақыттарда ең үлкен проблема – ол кітап оқу үрдісінен айырылып бара жатқанымыз. Кешегі кеңестер одағының кезіндегі ең бір сәулелі сәттердің барлығын, жарқын сәттерді жасаған кітап оқитын ұрпақ шынында. Біздің белгілі, беделді азаматтар міндетті түрде мемлекеттік тапсырыспен емес, мысалы, Шыңғыс Мұқан сияқты көптеген азаматтар кітап бизнесіне ие, бұл деген сөз мемлекеттік саясаттың тармағын сезінді деген сөз. Қазір көп жағдайда жеңіл-желпі дүниеге әуестеніп кеттік, жастар сондайға әуес болып бара жатыр. Сондықтан ұлттың рухани әлеуетін көтеріп, мәдениетті қалыптастыру үшін кітап оқуды алдағы уақытта жаңа бір белеске көтеретін кез келді», – дей келіп, «Әдебиет порталының» алдына жаңа уақытқа сай ілесіп отыру, оқырманға қолайлы амал-тәсілдер ұсынуға қатысты ойларын айтты. Сонымен бірге, шығарманың сапасына, көркемдік деңгейін анықтау, жарнаманы меңгергендердің шын таланттарды басып кететін жағдайларға байланысты әдеби сынды дамыту міндеттілігі жайындағы пікір-көзқарасын білдірді.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Елімізде әдебиетке бағытталған іргелі порталдар жоқтың қасы, соның бірі, бірегейі осы «Әдебиет порталын», «Қаламгер» порталын атап өту керек, үлкен жұмыс жасап жатыр. Осы біздің ақпараттық кеңістіктегі алаңдарға жан-жақты қолдауды арттыру өте маңызды. Ол үшін Ұлттық авиакомпаниялармен, «Қазақстан темір жолымен» келісім болса. Адамдар оқуы керек, бірақ, мысалы, әуеде немесе метрода интернет ұстамайды, осындай тұстарда осы «Әдебиет порталымен» бірлескен бір байланыс орнатып, оларды жүктеп қоятын аудио кітаптар болса. Оның бәрі ішкі келісіммен жүзеге аса беретін дүниелер. Сондықтан сондай бір байланыстар керек деп ойлаймын.
Мысалы, Кітап астанасы деген ұғымды да енгізсек. Жыл сайын бір өңірді алып… қазақтың қай өңірін алсақ та, қаламгерлері мол, қай өңірін алсақ та, тарихи тамыры тереңде жатқаны белгілі, сондықтан жыл сайын бүкіл кітапты насихаттауға байланысты іс-шараны бір өңірге бағыттап жасап отырсақ. Бұл аса үлкен қаражатты талап етпейді, бірақ сол өңірлерге бір акцент беріп, ұйықтап жатқан өңірлерді оятар едік деген сияқты бір ой бар.
Жалпы заңнамалық тұрғыдан атап өткім келеді, мысалы, кітап шығару ісіне салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Біздің парламентте барлық салаға салықтық жеңілдіктерді қоғам күтеді ғой, бірақ, осыны табандап алып шыққан біздің әріптестер. Тағы да бір айта кететін дүние, жасанды интеллект туралы заңның аясында бірқатар негіздер қамтылды. Шығармашылық адамнан туған туынды мен жасанды интеллектінің көмегімен жасалған дүниенің аражігін ажыратуға және оған шектеу қоюға қатысты нормалар енгізілді. Әрине, заң қабылданғанымен, ол тәжірибеде кеңейтіліп көрінеді. Оны жетілдіріп, өзгерістер енгізіп отыруға біз әрқашан әзірміз.
Бұдан әрі ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Күміс Қарсақбайқызы өз сөзінде кітапханашылардың кітап насихатына қатысты «Әдебиет порталымен» ынтымақтасып тығыз жұмыс істеп жатқанын, бұл үрдіс алда да жалғасына табарына сенім білдірді.
Ал жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбай «Әдебиет порталын» күн сайын ашып оқып отыратынын, жалпы порталдың әдебиетті насихаттаудағы бағытына көңілі толатынын жеткізді. Жазушының жақсы шығарманың әділ бағалануына, аға буын мен жас буынның арасында сабақтастықтың үзілмеуіне қатысты ой-пікірі де жаны бар әңгіме болды.
«Ауыл партиясы фракциясының» Парламент депутаты Анас Баққожа өзі эталон деп танитын «100 кітаптың» қадірі, ұлттың интелектуалдық деңгейін өсіруге орасан зор пайдасы туралы айтып, сонымен бірге бүгінгі жас ұрпақтың телефонға тәуелді болып қалған мәселелерді де қаузап, Парламентте әдебиетті дамыту үшін бюджетті қадағалау жасаған кезде, мәдениет саласының бюджетін көбейтуді қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ көркем туындыларды экрандау яғни фильмдер түсіруге, оның ішінде елді жеңіл күлкіге, жеңіл қабылдауға үйрететін комедиялық емес, салмақты дүниелерге басымдық беруге қатысты көзқарасын білдірді.
Ақын Мақпал Мыса халық болып таңдаған осы кітаптарды насихаттау үшін арнайы бір лекциялар жобасын жүзеге асыру керек деген ұсыныс айтты. Сонымен бірге «Әдебиет порталындағы» «Метамәтін» жобасына айрықша ықыласты екенін де жасырмай, порталдың жұмысына сәттілік тіледі. Жиын Ықылас Ожайдың әнімен аяқталды.