Қоғам • Кеше

«Зияткер ұстаз» турнирі өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Зияткер ұстаз» республикалық шахмат турнирі өтті. Қазақстанның 20 өңірінен 130-дан астам педагог 2 млн теңге жүлде қоры үшін бақ сынасты.

«Зияткер ұстаз» турнирі өтті

Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған бұл турнир педагогтерді  қолдауға, олардың кәсіби әрі  интеллектуалды дамуын ынталандыруға, сондай-ақ қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуакасов турнир жоғары деңгейде өткенін жеткізді. 

«Бұл тек жарыс емес, шахматқа деген сүйіспеншілік пен педагогикалық миссия үйлесім тапқан ерекше турнир. Сайыс бастауыш сынып мұғалімдерінің интеллектуалды әлеуетін арттырып, балалардың негізгі білім мен дағдыларын қалыптастырудағы ұстаздардың біліктілігін айқындайды», деді Д.Сәдуақасов.

Интеллектуалды сайыста Кенжеғалиева Гүлбаршын (Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау жалпы орта мектебі) жеңімпаз атанса, күміс жүлде

Жұмаділова Айгерімге (Шымкент қаласы, Т. Рыскулов атындағы №25 мектеп-гимназиясы), қола медаль Есенбаева Жұлдызға (Алматы қаласы, №185 мектеп-гимназиясы) бұйырды.

Бүгінде шахмат еліміздің білім беру саласында  маңызды рөлге ие.  Үкіметтің кешенді жоспары аясында елдегі 1500-ден астам мектептің оқу бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілген, ал 60 мыңнан астам оқушы арнайы дайындық курстарынан өткен мұғалімдер жетекшілігімен стратегиялық сайысты дамытуда.

Шахматты дамытудың маңыздылығын Мемлекет басшысы да әрдайым айтады. Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворковичті қабылдағанда Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде  шахмат тек спорт қана емес, интеллектуалды мәдениет, тәрбие мен білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі екенін атаған болатын. Сондай-ақ шахмат инфрақұрылымын дамыту мен оны балалар мен жастар арасында насихаттаудың маңызы зор екенін де айтқан-ды.

 

Соңғы жаңалықтар