фото: gov.kz
Пестицидтер – ауыл шаруашылығы өнімдерін зиянкестерден және әртүрлі аурулардан қорғау үшін кеңінен қолданылатын химиялық зат. Шамадан тыс пайдаланылған жағдайда адам денсаулығына өте зиян. Университет ғалымдары пестицидтерді небары 30-60 секунд шамасында анықтаудың жолын тапты.
Жаңа сенсорлар MWCNTs-AuNPs негізіндегі шыны көміртекті электродтар, SiC-CDC-CS материалдарымен жасалған экранды басып шығарылған электродтар және өткізгіш наноматериалдармен модификацияланған икемді сенсорларды қамтиды. Олар DDVP және паратион сияқты ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын, бірақ адам денсаулығына қауіпті пестицидтердің қалдық мөлшерін анықтай алады. Сенсорлардың жұмыс диапазоны 0,01-100 микромоль, анықтау шегі 0,001-0,005 микромоль деңгейінде.
Ғалымдардың айтуынша, бұл сенсорлар қолжетімді бағада, экологиялық таза материалдардан жасалған және өндірістік ауқымға енгізуге қолайлы, сонымен қатар шығынды 20-30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды аспектілерінің бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастық. Университеттің жас зерттеушілері Оңтүстік Қытай технологиялық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, электрохимиялық өлшеулерді орындау және нәтижелерді талдау бойынша тәжірибе жинақтады. Бірлескен зерттеу сенсор технологиялары бойынша жаңа ғылыми деректер алуға және жобаның тиімділігін арттыруға жағдай жасады.
Жоба жетекшісі, химия кафедрасының PhD, аға оқытушысы Рыскүл Бақыткәрімқызы ғылыми және практикалық маңыздылығына тоқталып өтті.
«Біздің зерттеу жобамыздың маңызды бағыттарының бірі халықаралық ғылыми орталықтармен тұрақты байланыс орнату болды. Магистранттар мен докторанттар әлемдік деңгейдегі зертханаларда жұмыс істеп, кәсіби дағдыларын дамытты. Бірлескен ғылыми жұмыстар нәтижесінде электрохимиялық сенсорлар саласында жаңа маңызды деректер алынды. Бұл – қазақстандық ғылымның мүмкіндігін көрсететін үлкен жетістік», деді ол.
Дайындалған сенсорлар ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауда, экологиялық мониторингте, су мен топырақтағы пестицид қалдықтарын анықтауда қолдануға жағдай туғызады. Алдын ала күрделі өңдеуді қажет етпестен, оларды жеңіл қолданып, жедел нәтиже ала алады.