Руханият • Бүгін, 07:45

Бөлтірік бөрік

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ баскиімге аса мән беріп ұстағаны белгілі ғой. Үкі тағып қастерлегені, төмен ілмегені байқалады. Адам жасына сәйкес басына киген бөрік, тақия, тымақтың әрқайсының өзіндік ерекшелігі, танытар емеуріні, айтар мәні бар екенін бағамдаймыз.

Бөлтірік бөрік

Өткен жолы Отырар көшесі 1/2 мекенжайындағы ас­таналық музейлер дирекция­сына қарасты Өнер мұражайына жолымыз түскенде, осы бөрік көзімізге оттай басылды. Бір залды тұтасымен қамтыған мұндағы ұлттық баскиімдер авторы Ернар Айтбаев «бөлтірік бөрік» деп таныстырды. Бөлтіріктің терісінен тігілгені, жас балаға ықшамдалғаны бірден байқалады. Сонда автордың мына бір дерегіне қайран қалдық.

«Бөрік сөзінің өзі бөрі деген сөзден шыққан. Сондықтан ұлттық баскиім атауының өзі ең ежелгі таным-түсініктерден бас тартып, бүгінге жалғасып отыр. Ал жас балаларға арнайы тіккен «бөл­тірік бөріктің» жөні бөлек. Бәлен мыңжылдық тарихы бар халқымыз осыншама кеңістікті ақыл-парасаты мен қайсарлығының арқасында ғана ұстап тұра алған. Сондықтан балалары жасынан қайсар, қайтпас мінезді болып өссін деп басына бөлтірік терісінен бөрік тігіп кигізген», деді Ернар Айтбаев.

«Бөрінің бөлтірігі жап-жас Ноян» деп жырлайтын еді ғой «Батыр Баян» поэ­масында Мағжан Жұмабайұлы. Баяғыда небір аңшылар бөрінің қайсар мінезіне қайран қала әңгімелеп отырғанына қарағанда, ақылға қонатын сөз. Қанша қақпанға түссе де, қасқыр қыңсылап жатпайтын көрінеді. Тілерсегінен қиып, сирағын қалдырып кететінін айтатын қақпаншылар. Басқа аң атаулы сіңірі мен терісіне ілініп жатады екен. «Ал белінен түссе ше?» дейміз ғой. «Ондай кещелікке баратын қасқыр ақымақ емес» деп тыйып тастаушы еді.

«Баланы жастан» дейтін бабалар ұрпақ тәрбиесіне терең мән бергені тәнті етпей қоймайды. Қаншама сыр бүккен «бөлтірік бөріктің» бір сипаты – осы.

 

Бекжан БАҚЫТ