Әйел әлемі • Бүгін, 18:33

Жетісу облысында кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдер көбейіп келеді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу облысында әйелдердің көшбасшылық, құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды әрі заманауи жоба табысты жүзеге асырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісу облысында кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдер көбейіп келеді

Бұл бастама өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласын қамтып, мектептер мен колледждерде кең көлемді ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілді. Оқытуға республика бойынша танылған жетекші мамандар шақырылып, сабақтар интерактивті, тәжірибеге негізделген, тың форматта жүргізілді.

Көшбасшылық бағыты бойынша Гүлнар Тойлыбаева дәріс өткізіп, мақсат қою, шешім қабылдау, уақытты тиімді басқару, эмоциялық тұрақтылық, командамен жұмыс істеу сияқты өмірлік маңызды дағдыларды үйретті. Қатысушылар рөлдік ойындар, кейстер, топтық тапсырмалар арқылы өздерінің көшбасшылық қабілеттерін дамытып, жаңа мүмкіндіктерді ашты.

Қаржылық сауаттылық бойынша Әсел Жарасқалиқызы жеке бюджетті басқару, жинақ пен инвестицияның негіздері, цифрлық қаржы құралдары, алаяқтықтан қорғану жолдары туралы жан-жақты түсіндірді. Практикалық тапсырмалар қатысушыларға өз қаржысына сенімділікпен қарауды, жоспарлау дағдысын қалыптастыруды және қаржылық тәуелсіздікке қадам жасауды үйретті.

Құқықтық сауаттылық бағыты бойынша Ержан Жанатұлы Даулетбаев азаматтық құқық, құжаттармен жұмыс, отбасылық құқық, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, киберқауіпсіздік секілді өзекті мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Нақты өмірлік жағдайлар негізінде өткізілген практикалық жаттығулар қатысушылардың құқықтық мәдениетін көтеріп, өз құқығын қорғауға деген сенімін арттырды.

Курс Ескелді ауданындағы «Тау Жетісу» демалыс аймағында ұйымдастырылып, қатысушыларға жайлы жағдай жасалды, әдістемелік материалдар, пайдалы нұсқаулықтар мен ресурстар ұсынылды. Жоба барысы өңірлік және республикалық медиа кеңістікте кеңінен жарияланып, қоғамда жоғары қызығушылық тудырды.

Бұл жоба – өңір әйелдерінің білімін тереңдетуге, олардың өз-өзіне деген сенімін күшейтуге, көшбасшылық әлеуетін ашуға және қоғамдық белсенділігін арттыруға үлкен серпін берген маңызды қадам. Жобаның нәтижесінде көптеген қатысушы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өз өміріне өзгеріс енгізу үшін нақты, сенімді қадамдар жасай бастады.