Әкімнің айтуынша, PepsiCo компаниясы Lays чипстерін шығару үшін Нарынқолда өсірілген картопты пайдаланатын болады, ал Mars өңірде жаңа өндірістік желі ашу мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен қатар халықаралық қонақүй индустриясының алыптары – Marriott және Hilton брендтері Қонаев пен Алатау қалаларында жаңа қонақүйлер салуды жоспарлап отыр. Бұл қадам өңірдің туризм және бизнес-туризм нарығына айтарлықтай серпін бермек.
Алматы облысы туризм мен инфрақұрылымды дамыту бағытында да қарқынды жұмыс жүргізуде. ASP-Arena спорт-туризм кешені, «Oi-Qaragai» курортының кеңеюі, жағажайлар мен демалыс аймақтарын абаттандыру — осының айқын дәлелі.
Өңірде қазірдің өзінде бірнеше ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында: құны 70 млрд теңге болатын Focus Logistics логистикалық паркі, бетон өнімдерін шығаратын «Алтын таға» зауыты, заманауи LC Waikiki көтерме-тарату орталығы, экспортқа бағытталған Shin-Line фабрикасы, астық пен майлы дақылдарды терең өңдейтін «Қапшағай Бидай Өнімдері» агрокомплексі, Кеген ауданындағы «КегенМясПром» ет комбинаты бар.
Жыл соңына дейін тағы бірнеше А-санатындағы объектілер іске қосылады. Олар – MP Solution, Kusto Logistics, Еуразиялық логистикалық парк, Imagine Apple Logistics орталықтары. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің индустриалдық және логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін нығайтады. Сонымен бірге, Алматы облысында шағын және орта бизнес те қарқынды дамуда: жұмыс істейтін субъектілер саны 156 мыңнан асты, ал олардың экономикалық үлесі 46%-ға жетті.