Зерде • Бүгін, 08:35

Зиялылық – ауқымы кең құбылыс

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Біз табиғи болмысы туралы сыр тарқатып, кісілік келбеті жө­нінде баяндауға ниет етіп отырған кейіпкеріміздің өнегелі өмірі мен шығармашылық шеберханасына үңілгенде, ұлт зиялы­лары­на тән қасиеті оның абыройын көтеріп, БАҚ саласында, ат­қарушы билік пен қоғам арасында танымал еткенін байқадық.

Зиялылық – ауқымы кең құбылыс

Ғибратты ғұмыры жас­тарға өнеге, ізденіске толы журналистік қызметі медиа мамандарына үлгі Аяған Өтен­ұлы туралы қысқаша айтқанда, былай өріледі. Қарапайым құрылысшыдан бас­тау алатын еңбек жолы орда бұзар отыз жасында аудандық, облыс­тық газеттердің тілшісі қызметіне ауысады, одан одаққа белгілі ҚазТАГ агенттігінің редакторы, аға редакторы, бөлім меңгерушісі, фотохроника редакциясының бас редакторы лауазымдарына ұласады. Қамал алар қырық жасында журналистік бай тәжі­ри­бесі Президент әкімшілігі­не шақырылуына негіз болады. Мемлекет басшысының баспасөз қызме­тін­де бірнеше сатыдан өтіп, Баспа­сөз секторының меңгерушілі­гі­не дейін көтерілуі, әрине, тыным­сыз атқарған ерен еңбегінің жеміс­ті жеңісі. Ал көрнекті мемлекет қай­раткері Алтынбек Сәрсенбаев Ақпарат министрі болған кезде жауапты вице-министрлік лауа­зымға тағайындалуы – өмір­лік бір биік белесі. Қазақ телеви­зиясының дамуына тың серпін әкелген «Қазақстан телерадио» корпо­рациясының бірінші вице-пре­зиденті – «Қазақстан» телеар­насының бас директоры қызметіндегі жетістіктері – өз алдына бір төбе. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры, «Астана ақшамы» газеті мен «Мысль» журналының бас редакторы қызметтерін абы­ройлы атқаруы – елімізде ақпарат саласының ірі менеджері екенді­гінің айқын дәлелі.        

Ал осынау олжалы тәжірибесін болашақ журналистердің бойына сіңіру мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің Журналистика және саясаттану факультеті сту­дент­теріне бірнеше жыл дәріс оқып, мемлекеттік емтихан ко­мис­сиясының төрағасы бо­луы – елі­міздің ақпараттық индустриясын білімді де білікті мамандармен қамтамасыз етуге айрықша еңбек сіңіргенінің бұлтартпас айғағы.

Әңгімемізге арқау етіп отыр­­ған кейіпкеріміз – ардагер жур­налист, көрнекті көсем­сөз­ші, Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері, Қазақстан жур­на­листері академиясының ака­де­мигі Аяған Сандыбай бұл жағы­нан келгенде жолы болған жан дер едік. «Чем порадовать сердце», «Иду по линий света», «Өнегелі өмір» атты жинақтарына енген пуб­­лицистикалық мұра­ларын бір деммен басынан аяғына дейін оқып шыққанда түйген ойымыз осы ­болды.             

Ұлт мүддесін, соның ішін­де қазақ тілінің мұң-зары мен тағ­дыр тауқыметін ресми тілде жазу – Аяған Өтенұлы публи­цистикасының басты ерекше­лігі. Артықшылығы да сол. Қалам­гердің қазақ тілінің қағажу көрген халін жаны сыздай отырып жаз­ған көсемсөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес. «Апология госу­дарственного языка» атты тақы­рыбының өзі айқайлап тұрған проблемалық мақаласы – соның бір айғағы. Өзекті тақырып­та жазылған өткір туындысында Айекең: «Қазақстанда қазақ тілі әлі де өгейдің кейпін кешіп тұр», деп шырылдаған шындықты жалпақ елге жария етеді де, орыс сатиригі Михаил Жванецкийдің: «Мен қазақтар тірі тұрғанда орыс тілінің тағдырына алаңдамаймын!» деген ащы да болса ақиқатты айтқан мысқыл сөзін мысалға келтіріп, оқырман намысын қайрайды. Сөйтеді де, ана тіліміздің қолда­ныс аясының тар болып отыруы қазақ тілі байлығының жетіс­пеуінен емес, ұлттық сана-сезі­міміздің ұйықтап жатуынан екенін дөп басып меңзейді. Тілдік қорымыз­дың қаншалықты бай екенін ұлты ­неміс болғанмен, жаны қазақ, елі­міз­дің на­ғыз жанашыры Герольд Бельгердің былай деп жазғаны­мен дәлелдеп береді: «Орыс әде­би тілінің 17 томдық академия­лық сөздігінде 120 488 сөз тіркелсе, ­он томдық қазақ түсіндірме сөздігі­не 2 миллион 550 мың сөз енген». Мақаланы оқып шыққаннан ­ке­йін, қайран, баба тіліміз-ай ­дей­сің бас шайқап.

Сөзге сараң, ойға бай, не жаз­са да, айтпағын сығымдап, қыс­қа да нұсқа берудің хас шебері Аяған Өтенұлы атал­ған мақа­ласында мемлекеттік тілімізді қайтсек көгертеміз деген нақты сауалға, әдебінен айнымай, екі ауыз сөзбен нақты жауап бере­ді: «Мемлекеттік және квазимем­лекеттік құрылым қыз­меткер­лерін мемлекеттік тілден неге емтихан тапсыртпасқа? Оның себебі көп жағдайда тіл тағдыры солардың қолында. Мемлекеттік тілді менсінбейтін жергілікті ұлт өкілдері қалайша мемле­кеттік қызметкер болып жүр? Бұл таңғалатын жағдай». Бұдан артық қалай айтуға болады?            

Публицист Аяған Санды­бай шығар­ма­ла­­рының тақырып ауқымы өте кең. Ұл­ты­мыздың өр­ке­ниетті елдермен иық теңес­тіре өмір сүруіне қатысты шеші­мін табуға тиісті қай мәселе де қа­лам­­гердің сын садағына ілікпей қалмайды.

Аяған Санды­байдың жиі қалам тербейтін тақырыбының бірі – БАҚ мәсе­лелеріне байланысты ой-­толғам­дары. Журналистика­ның қоғамдық қуатты күш екенін дәлелдеуге арналған мақалалары – шығармашылық жолындағы ең бір кәсіби деңгейі жоғары туын­дылар. «Год надежды нашей», «Когда слова теряют смысль...», «О нашей прессе и власти», «Пресса теряет влияние», «Свобода всякого вранья гораздо хуже любой цензуры» секілді тақырыбының өзі менмұндалап оқуға еріксіз жетелейтін мақала­лары салмақты да терең ойға құрылуымен құнды.  

«Когда слова теряют смысл...» деген мақаласы қазіргі отандық журна­листиканың өзекті мәселесін көтеруімен құнды. Ащы шындық жанымызды ауыртқанмен, ше­шімін табуға түрткі болар деген үміт ұшқыны көңілімізді жұбатады: «Қазақстанның дамуы мен нығаюын шынайы қалайтын нағыз журналистер үшін жазға­ны мен айтқаны бойынша жедел үн қатылып, тездетіп шара қолданып, шешім шығарылуы миллиондаған табыс әкелетін «тендер» ұтысынан да қымбат екеніне бәс тігемін. Ең бастысы, олардың баспасөздегі жазғандары мен эфирдегі сөзінен нәтиже шыққаны маңызды. Егер сөзден қадір кетсе, адамдар еркіндіктен айырылады... Кейінгі кездері БАҚ-та жарияланған сын бойынша мемлекеттік құрылымдардың, ұлттық компаниялар мен банктер­дің жауап бергенін көргеніміз жоқ». Отандық журналистика пәрменділігінің әлсіреуі мен БАҚ қызметкерлері беделінің аяқасты болуының себеп-салдарын бұдан артық қалай айтуға болады?

Аяған Өтенұлы публицис­тикасындағы тағы бір тұщымды тақырып – білім мен ғылым мәселелерін тарқата талдауға бағытталған кесек сараптамалары. Бұл тақырыпта терең бойлап жазатын да жөні бар. Кезінде Білім және ғылым министрінің кеңесшісі болып қызмет еткенде бұл саланы кәсіби мамандар деңгейінде меңгеруге мүмкіндік алғанын айтуға тиіспіз. Оның үстіне, біраз жыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің студенттеріне дәріс оқығаны тағы бар. Сол уақытта жоғары білім мен ғылымның күрделі мәселелерімен іштей та­нысуға мүмкіндік алғаннан бо­лар, көсемсөз шеберінің бұл тақы­рып­та жазған мақалалары терең талдау мен тұщымды тұжы­рым ­жа­сауымен құнды.

Аяған Өтенұлы «О молодежи электронный эры» деген мақала­сында елі­міз­дегі орта және жоға­ры білім меке­мелерінің күрделі мәселе­ле­рін көтереді. Әсіресе отан­дық уни­вер­си­теттердің аяғы­на тұсау болып тұрған кемші­лікті дөп басып көрсетуі мақала­ның маңызын айшықтай түседі.

Осы тұста мемлекеттік тілге қатысты Аяғаң екеуміздің әріп­тестік тұрғыдан бауырласып ке­туімізге түрткі болған мына оқиға  есіме түсіп отыр. 2009 жылдың қоңыр күзінде халықаралық конференция өткізіп, Мәскеуден арнайы шақырылған қонағы­мыз­ды Астанадағы «Дипломат» қонақүйіне орналастырып, бір топ зиялы қауым пікірлесіп қалдық. Кілең оқыған-тоқыған азамат­тар жиналғандықтан әңгіме қоғам­дық дискуссияға ұласып кетті. Ана тілі мәселесі айтыс туғызып, отырғандардың пікірі қақ жарылды. «Бірыңғай мемлекеттік тілде сөйлеуге әлі ерте, уақыты жеткен жоқ» деп оң өзгерісті қаламағандардың пікірі басымдау болып бара жатқан тұста Айекең араласты әңгімеге: «Аюдың да қазақ тілін үйренетін мезгілі жетті. Қазақтар тіл шұбарламай, таза ана тілімізде сөйлесейік», деп әзіл-шыны аралас үн қатып еді, біз жақ басымдыққа ие болып шыға келдік. Осы сөз арада он бес жылдан аса уақыт өтсе де, құлағымда жаңғырып тұр. Мектепте, одан кейін университетте орысша оқыған азаматтан мұндай қағидатты ой күтпеген қарсыластарымыз жауап беруге уәж таппай, аңтарылып барып, келіскен сыңай таныт­қаны күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Сол сәттен бастап Аяған Сандыбай­ды қазақ тілінің нағыз патриоты деп сыйлайтын болдық. Сөзі мен ісі үйлесім тауып жататы­нын көрген сайын құрметіміз арт­қан үстіне артып келеді. Қазақша сөйлегенде орыс сөзін қоспауға тырысатындығы, біреулердің тіл шұбарлап тұрғанын көрсе, мәдениетті түрде сыпайы ескерту жасайтындығы тәнті етумен бірге зиялылық аясын кеңейте түседі.

Журналистика мен көсем­сөз шеберлерінің өмірбаяны шы­ғармашылығы арқылы өрілеті­ні әлімсақтан белгілі. Басқаша айтқанда, олардың әр күнгі жаз­ған-сызғандары өмірбаяндары ­болып хатталып-мөрленіп, кейін­гі ұрпаққа аманат болып қалаты­ны анық. БАҚ-та жарияланған ­туынды атылған оқпен тең. Жұрт­қа таралып кеткеннен кейін оны өзгерте де,  өшіре де алмай­сың. Ав­тордың ар-ождан барометрі бо­лып мұрағаттарда мәңгілік сақ­талып тұрады. Кейінгілер сол шы­ғармалары арқылы иесін тауып, тиісті бағасын беру арқылы өмір дастанын жырлайтын болады.           

Зиялылық – ауқымы кең құ­былыс. Туған жер, туған ел мен туған тіл тағдырына алаң­дау, көз алдыңдағы қоғамдық кем­ші­лік­терге немқұрайлы қарамай, сын тезіне алып, түзетуге жан салу – Аяған Сандыбайдың қайраткерлік бір сипаты. Осы қасиет жастарға жұғысты болғай.

 

Қайрат САҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, алаштанушы-ғалым