Саясат • Бүгін, 09:25

Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі

180 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

2021 жылы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Онда Пре­зи­дент халқымыздың тарихи санасын жаңғырту айрықша маңызды екеніне ерекше назар аударды. Содан бергі 4 жылдан астам уақытта біраз шаруа жасалды.

Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің  алтын бесігі

Академиялық 7 томдық: ұлт тарихын түгендеу

Бұл ретте, ең алдымен, Прези­дент­­­ тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдық­тың әзірленуін атап өткен жөн. Әр томға арнаулы ғылыми инсти­тут жетек­шілік етті. Бірегей жинақты дайын­дауға елімізден 250 тарихшы қатысты. Жүздеген ғалым көптомдықтың қосалқы авторы болды. Жұмыс барысында бұрын бізге беймәлім болып келген көптеген тың дерек табылып, ғылыми айна­лымға қосылып жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, тарихымыз түгенделіп, барлық мәлімет объек­тивті түрде сараланды. Ұлт жылнамасын ұлттық мүдде тұрғысынан жазу қа­ғидасы берік сақталды. Тарихи әділ­дікті қалпына келтірген жаңа еңбек, шын мәнінде, ұлттық жобаға айналды.

Біз тарихымызды жазғанда асы­ғыстыққа жол бермеуіміз керек. Со­зып жіберуге де болмайды. Алдыңғы академиялық басылымдар­ды әзір­леу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 том­­дық басылымға 5 жыл, 1957 жыл­ғы 2 том­дыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен.

Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 том­­дықтың бірінші томы 1996 жылы шы­қса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайын­дық жұмыстарын айт­пағанның өзін­де, бес томдықтың толық басылып шы­ғуына 15 жылға жуық уақыт кетті.

Мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. «Архив-2025» бағдарламасы жү­зеге асырылып, шет мемлекет­терге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды. 9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ва­тикандағы, Парсы мем­лекет­теріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин ар­хивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді.

Ал Ұлыбританиядан табылған «Тарихи-и Қыпшақ хани», «Нусрат­-Наме», «Муʻизз ал-ансаб»,­ «Бахр ал-асрар» сияқты қол­жазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ же­рінде болған маңызды оқи­ға­лар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған.

Тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді. Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұ­мыстары белсенді жүргізіліп, ма­ңызды жаңалықтар ашылды. Осы­ның бәрі жаңа басылымның маз­мұнын толықтырып, байыта түседі.

Бұл жеті томдықты төл тарихы­мызға қатысты осыған дейін жа­салған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деу­ге болады.

Осылайша, жұмыс негізінен жұмырланып қалды. Біз ауқымды жұмыстың соңғы кезеңіне қадам бастық. Жақында академиялық басылымның ресми редакциялық алқасы құрылды. Оған еліміздегі ең белді ғылыми-зерттеу инс­ти­тут­тарының жетекшілері, Ұлт­тық­ музейдің, Орталық мемле­кет­­тік архивтің басшылары, сон­дай-ақ Болат Көмеков, Жәкен Тай­ма­ғам­бетов, Мәмбет Қойгелдиев, Хан­гел­ді Әбжанов, Мұрат Әбдіров, Жақ­сы­лық Сәбитов, Радик Темірғалиев және басқа да көптеген белгілі ға­лым мен сарапшы кірді. Алқа­ мүшелерінің арасында аға буын­, орта буын және жас буын өкіл­дері бар. Бір сөзбен айтсақ, бұл жұ­мыс­­қа жан-жақты қарап, оны ке­шенді түр­де атқарып жатырмыз. Ре­­дакция ал­қа­сының жұмысын «Та­­рих­­шы­лар­дың құрылтайы» ­деу­ге бо­­­лады. Олар әр томды жеке-жеке­ қа­­рап, мұқият саралағаннан кейін­ бас­па­­ға жі­беру туралы шешім қабылдайды.

Редакция алқасы мүшелерінің бар­лығы өз мамандарымыз. Яғни 7 томдық академиялық басылымның жалпы маз­мұ­нын айқындайтын да, әр том, әр тарау, әр бөлім, әр тақырыпты сүзгіден өткізіп, түпкілікті шешімді қабылдайтын да өзіміз. Тоқетерін айтқанда, өз тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз. Мен мұны редакция алқасының төрағасы ретінде ресми түрде мәлімдеймін. Сондықтан түрлі алыпқашпа сөзге сенудің қажеті жоқ.

Әрине, басқа ғылымдар секілді тарих ғылымы да бір орында тұрмайды. Жеті томдықты төрт құбыласы түгел, сан мың жылдық шежіреміздің ұңғыл-шұңғылы тегіс қамтылған, ешбір кемшіліксіз еңбек деп түбегейлі баға беруге қақымыз жоқ. Бағаны ертең оны оқитын аудитория мен кейінгі ұрпақ береді. Бірақ болашақта тарихпен айналысамын деген азаматтардың ұлт жылнамасын терең зерделеуіне, әрі қа­рай зерттеулер жүргізуіне сара жол ашып, берік негіз қалауға тырысқанымыз анық.

Көп ұзамай жеті томдық жарыққа шығады. Ондағы деректер мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларына енгізіледі.

Осылайша, тарихымызды біртұтас шежіре ретіне жеткізетін басылым жарыққа шыққанда кейінгі ұрпақтың алдындағы бір парызымыз орындалды деп сеніммен айтуға болады.

Ұлы дала – өркениеттер ошағы

Біз төл тарихымызға ауқымды, кең көзқараспен қарауымыз керек. Қазақ жерінде біздің жыл санауымызға дейінгі замандарда-ақ түрлі тайпалар ән­шейін саяси, әскери, я шаруашылық бір­лес­тіктер емес, орталықтандырылған билік жүйесі бар, иерархиясы мен таптық бө­лінісі нақтыланған толыққанды мемле­кет­тер болған. Көнеден келе жатқан мем­лекет­ті­гіміздің тұғыры саяси құрылымдарға, орталық билік жүйесіне ғана емес, ор­тақ құндылықтарға, рухани-мәдени біре­гейлікке негізделді. Сондықтан тарихы­мызды зерделеп, дәріптегенде қазақ жерінің ежелгі және ортағасырлық қуатты мемлекеттердің мекені ғана емес, ең бастысы, бірегей көшпенділер өркениетінің алтын бесігі екеніне баса назар аударуы­мыз керек.

Жалпы, Орталық Азия аймағы, со­ның ішінде біздің өңір бай тарихымен, қазы­налы шежіресімен ерекшеленеді. Қазақ жеріндегі ежелгі кеніштер мен кен байыту орталықтарынан бұл аймақта метал­лургияның қаншалықты жоғары дамы­ғанын айқын аңғаруға болады. Ежел­гі көшпенділер Еуразия кеңістігіндегі теңдессіз мәдениеттің иесі болды. Адам­зат баласы ең алғаш жылқыны қолға үй­реткен жер екені ғылыми тұрғыда дә­лелденген Ботай қонысы, қуатты мем­ле­кеттердің әміршілері – Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Аралтөбедегі Сармат көсемі, Шығыс Қазақстандағы Шілікті әміршісі, Берел ханшайымы мен Елеке сазы дегдары және басқа да теңдессіз тарихи мұралар қазақ жерінде есте жоқ ескі замандардың өзінде жоғары дамыған өркениет болғанын көрсетеді.

Төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады.

Кезінде тарихпен айналысып жүр­генде осы балбалдарды өзім де зерт­тегенмін. Бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тар­лығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді. Жинаған материалдарым «Ұлы даланың тас сақшы­лары» деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады.

Сондай-ақ бүлінбей сақталған балбал­дардың мұрты, қылыштары, құмыралары – бәрі бір-бірінен аумайды. Осының өзі қазір бірнеше мемлекетке қарайтын, кең-байтақ даланы мекен еткен халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен наным-сенімі бірдей екенін, яғни біртұтас өркениетке тиесілі екенін көрсетеді.

1

Балбалдан бөлек, Көк түріктер дәуі­рінен қалған ғажайып мұралардың ең әйгілісі – Күлтегін мен Білге қағанның бітіктастары. Бұл ескерткіштер арғы бабаларымыздан барша адамзатқа мирас болып қалған теңдессіз жәдігерлер екені сөзсіз. Олардың қатарын жуырда тағы бір тамаша ескерткіш толықтырды, Құтлық қағанның бітіктасы табылды.

Ұлы Жібек жолының бойындағы әрісі екі мың жылдан бері асқақтап тұрған қа­ла­ларымыз да – бірегей өркениеттердің кө­некөз куәсі. Шірік-Рабат, Тараз, Түркіс­та­н, Отырар, Қаялық, Алмалық, Жан­кент, Сарайшық, Сығанақ және басқа да шаһар­лардың әрқайсысы туралы тұтас еңбек жазуға болады. Сюань-Цзянь, әл-Макдиси, Ибн-Баттута, Гильом де Рубрук, Плано Карпини, Марко Поло сияқты атақты жи­һанкездер қалаларымыздың және көш­пенділер өмірінің сән-сал­танатын тамсана жазған.

Келесі мәселе. Біз бұған дейін төл шежіремізге қатысты материалдық құн­дылықтарды ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне қосуға баса мән беріп келдік. Бұл дұрыс, жұ­мыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Мы­салы, жақында Маңғыстаудағы жерас­ты ме­шіт­терін аталған тізімге қосу туралы өтініш бердік. Бұдан бөлек, мате­риалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Салбурын» сияқты ұлттық дәстүрімізді, «Алпамыс батыр» эпосын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Былтыр осы тізімге «Беташар» рәсімі қосылды. Оған дейін домбырамен күй тарту өнері, киіз үй тігу, айтыс өнері, қазақ күресі, Наурыз, асық ату сияқты ұлт­тық өнеріміз бен салт-дәстүрлерімізді енгізген едік.

Бірақ осы халықаралық ұйыммен ын­тымақтастықтың тағы бір қыры бұған дейін назардан тыс қалып келді. Қазір қазақ тарихынан сыр шертетін деректі мұ­рамызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» ті­зіміне енгізу жұмыстарын қолға алдық. Кезінде тізімге Қожа Ахмет Ясауи­­дің және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбалар коллекциясы (2003 жылы), «Невада-Семей» халықаралық ан­тиядролық қозғалысының аудио-ви­зуал­ды құжаттары (2005 жылы), Арал те­ңізінің архив қорының материалдары (2011 жылы) қосылған. Содан кейін жұмыс біраз жыл тоқырап қалған еді. Мем­лекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында жұмысты қайта жандандыру туралы нақты тапсырма берді. Тиісті шаралар қолға алы­нып, биыл сәуір айында ЮНЕСКО-ның деректі мұралар тізіміне «Хандар шежі­ресінің» қолжазбасы ресми түрде енгізілді. Осының бәрі қазақ даласының қайталанбас өркениет ошағы екенін дәлелдей түседі.

 

Қазақ елі – ойшылдар мекені

Өткен замандарда, әсіресе орта ғасырлардағы Орталық Азия аймағы бар­ша адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан озық ойлардың да ордасы болған. Әйгілі ғалым Фредерик Старр «Айырылып қалған ағарту ісі» атты кіта­бында бұл өңірдің әлемдік ғылымның, философия мен мәдениеттің негізін қалау ісінде Батыстан көш ілгері болғанын нақты дәлелдермен көрсетеді. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін құла­шын кең созып жатқан далада талай ғұлама ғалымдар өткен. Біз – олардың тең­дес­сіз еңбектерінің және даналық дәстүрлерінің заңды мұрагеріміз.

2

Қазақ даласын әр дәуірде пайда болып, үздіксіз жалғасып келе жатқан идеялық тұғырнамалардың ошағы деуге толық негіз бар. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ойшылдардың іргелі еңбектері, жы­рауларымыздың толғаулары мен билері­міздің шешендік сөздері, Абайдың, Шәкә­рім мен Мәш­һүр Жүсіптің асыл мұ­ралары – соның айқын дәлелі. Түрлі тарихи кезеңде өмір сүрсе де, олардың саяси-фи­лософиялық көзқарастары ұқсайды. Өйт­кені бір-бірінің арасында қанша дәуір жатса да, олардың рухани сабақтастығы ешқашан үзілген емес.

Тарихта «Әлемнің екінші ұстазы» деген атпен қалған Әл-Фараби өз еңбектерінде әділдік идеясын дәріптеп, қайырымды қоғам құру мәселесін көтерді. Оның «Қайы­рымды қала тұрғындарының көз­­қа­растары» атты трактатында мемле­кет­ті басқару ісіне қатысты ерекше ұста­ным­дар айтылған. Ұлы ғұлама кез келген мем­лекеттің қуаты оның әскери немесе эко­номикалық үстемдігінде емес, адамгер­ші­лік­ құндылықтарда екенін айтады. Жүсіп Баласағұнның көзқарастары Әл-Фараби идеяларымен тығыз астасып жатыр. Ол «Құтадғу білік» атты негізгі еңбегінде мемлекетті дұрыс басқарудың ең төте жолы әділ заңдар және барлық істе қара қыл­ды қақ жаратын әділдіктің үстемдік құруы екенін алға тартады. Ал Махмұд Қаш­қаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегін өз заманындағы ең ауқымды сөздік қана емес, тұтас дәуірдің тыныс-тіршілігі туралы орасан зор мағлұмат беретін тең­дессіз энциклопедия деуге болады. Адам­зат өркениетін дамытуға Қожа Ахмет Ясауи ілімі зор ықпалын тигізді. Ол әйгілі дана­лық кітабы – «Диуани хикметте» адам­гершілік құндылықтар және рухани бір­лік туралы толғанып, артына мәңгі өшпес мұра қалдырды. Ұлы Абай әрбір өлеңі мен қарасөзінде қазақты бойындағы кемші­ліктен арылып, кемел жұрт болуға шақыр­ды. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сон­да толық боласың елден бөлек» деп, та­лай ұрпаққа рухани азық болатын өш­пес өсиет айтып кетті. Шәкәрім де адал­­дық, еңбекқорлық, білімпаздық сияқ­ты қа­сиет­тер­ді ұрпақ санасына сіңіруге ұмтыл­ды.

Бұл ойшылдар қазақ жерінен шық­қаны үшін ғана емес, ең бастысы, еңбек­тері халқымыздың таным-түсінігіне, та­биғатына сай болғаны үшін біздің жа­ны­мызға жақын. Ғұламаларымыздың көзқарастары өзіміздегі өмір шындығынан алын­ғандықтан, қанша ғасыр, қанша жыл өтсе де, ешқайсысы өзектілігін жойған жоқ.

Оның сыртында ұлы ойшылдары­мыздың мұралары күллі адамзатқа ортақ жаһандық өркениетке де әсерін тигізді деп толық сеніммен айта аламыз.

Тарих – көркем туынды емес

Тарих ғылымы үнемі дамып отырады. Жаңа деректер, тың тәсілдер пайда болады. Осы ретте тарихқа қатысты бірнеше мәселені мұқият қаперде ұстауымыз керек деп ойлаймын.

Біріншіден, тарих, ең алдымен, ғы­лымға негізделіп жазылуға тиіс. Қандай да бір мифті жоққа шығарамыз, онымен кү­ресеміз деп екінші бір мифологияға жол бермеуіміз керек.

Ашығын айтсақ, кейбір адамдар жекелеген оқиғаларды, үрдістерді, тұлғаларды тым әсірелеуге құмар. Соның кесірінен дау-дамай туындайды. Бәзбіреулер болмаған оқиғаны болды деп ойдан шығарып, рас­талмағанды ақиқат деп жатады. Ұлт мүд­десін емес, ата-бабасын дәріптеуге ұм­ты­латындар бар. Тарихи шығармаларға сеніп, оны шындық ретінде көретіндер де та­былады. Бірақ тарих дегеніміз – көркем туын­ды емес. Сондықтан мұндай келеңсіз жайт­тарға бүкіл қоғам болып тосқауыл қоюымыз керек.

Екіншіден, тарих объективті көз­қарас­пен жазылуға тиіс. Бір тұлғаның рөлін арттыру үшін екінші бір тұлғаны сынау дұрыс емес. Тіпті түрлі заманның қайраткерлерін салыстырып, сынап-мінеудің өзі орынсыз. Тұлғаларымыз өзінің саяси ұстанымына, көзқарасына сәйкес ел мүддесіне қызмет етті, өз миссиясын орындады.

Сонымен қатар бір кезеңді екінші кезеңге қарсы қоймау керек. Әрине, әр заманның өз ерекшелігі бар. Тарихи оқиғаларға әрқилы ахуал әсер етеді. Замандарды бір-біріне қарсы қойып, салыстыру салдарынан ел ішінде қарама-қайшылық туындайды, қоғамның береке-бірлігі бұзылады.

Үшіншіден, әр кезеңде тарихты зерт­теушілердің алдында белгілі бір мін­дет­тер тұрады. Мысалы, 90-жылдардың басында тарихтағы ақтаңдақтарды ашу басты мәселенің бірі еді. Бұрын белгісіз болған, ты­йым салынған тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік туды. Әрине, ол дұрыс болды. Қазіргі зерттеушілердің өз міндеті бар. Мемлекет ғалымдардың зерттеу ісіне араласпайды. Ғылымның өркендеуіне жағдай жасайды. Дегенмен қай мәселеде болсын бір дискурспен, бір тұжырымдамамен шектелмеген жөн. Әдіс-тәсілдерге, ғылыми ұстанымдарға сүйеніп, зерттеу тақырыбына қашанда ауқымды көзқараспен қарау керек. Халқымыздың жылнамасын әлем өр­кениетінің тамыры терең, ауқымы кең, айрықша маңызды бөлшегі ретінде жан-жақты көрсете білу керек. Сондай-ақ оны еліміздің қазіргі миссиясымен ұштастыра отырып дәріптеу қажет. Ұлттық тарих ғылымының басты мін­детінің бірі осы.

Төртіншіден, Әлихан Бөкейханның «Тарих – түзу жөнді үйретуші» деген сөзі бар. Мемлекет кәсіби тарихшылардың бе­делін көтеріп, оларды барынша қол­дай­ды. Осы орайда кәсіби стандарттарды қа­лыптастырып, оны қатаң ұстану маңызды.

Кейінгі кезде қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ оны әуесқойлар да пайдаланып жатыр. Түрлі подкаст түсіріп, әлеуметтік желіге шығаратындар, тақырыпты терең білмесе де, тарихқа баға беретіндер көбейіп кетті. Әрине, әуесқойлардың ел шежіресін насихаттау ісінде өз орны бар. Бірақ тарихтың бұрмаланбауы айрықша маңызды.

Қазір псевдо-тарихшылар пайда болды. Олар да әлеуметтік желі арқылы ақылға қонымсыз пікір таратып, елді адастырып жатыр. Бұған жол беруге болмайды. Кәсіби тарихшылар ғана жұрттың тарихи сауатын арттыра алады.

Кейінгі жылдары елімізде ауқымды реформалар жасалды. Саяси-экономикалық өзгерістермен қатар, халықтың таным-түсінігі, болмыс-бітімі, өмірлік қағи­да­лары өзгеріп жатыр. «Адал азамат» тұжы­рымдамасына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. Тәуелсіз мемлекетте туып, ойы азат, санасы сергек болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ халқымыздың терең тарихын жетік білуі керек. Бірақ бұл бізге мақтану емес, сақтану үшін, біреуге кектену үшін емес, болашаққа айқын көзқараспен қарап, алға нық сеніммен қадам басу үшін қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес». Рас, тарих біздің сана-сезімімізде, ұлттық болмысымызда ерекше орын алады. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын халық болуға тиіспіз. Біз осы идеяны жастардың бойы­на сіңіріп жатырмыз деп ойлаймын.

 

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі