Оқиға • Кеше

Елордада «Қазақ даласы – Жеңістің алтын бесігі» атты мерекелік концерт өтті

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты концерт өтті. Бұл айтулы шараға тыл еңбеккерлері, Қарулы күштердің, өзге де әскерлер мен әскери құрамалардың ардагерлері мен әскери қызметшілері, сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин және Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада «Қазақ даласы – Жеңістің алтын бесігі» атты мерекелік концерт өтті

Фото: Қорғаныс министрлігі

Концерт барысында Қазақстанның танымал мәдениет қайраткерлері мен жетекші әртістері, оркестрлік, хор және би ұжымдары көрермендерге патриоттық рух сыйлады. Олар әскери қызметшілерге, Қарулы күштердің ардагерлеріне, әскери колледж курсанттары мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілеріне арнап соғыс жылдарындағы және қазіргі патриоттық әндерді орындады.

Сахна төрінде Эстрадалық-симфониялық оркестр мен фольклорлық-этнографиялық ансамбль Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» атты терең мағыналы күйін орындап, ұлы композитордың дүниетанымын әсерлі жеткізе білді. Сондай-ақ жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының азапты кезеңін суреттейтін тарихи-музыкалық «Елім-ай» туындысы шырқалды.

Концерттің мазмұнын тереңдете түскен ерекше қойылым – «Соғыс хаттары» мизансценасы болды. Онда Әлия есімді кейіпкер Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арнап үндеу жолдады. Көрініс патриоттық сезімді қозғаған «Әлия» әнімен түйінделді.

Соғыс жылдарынан бері халық жадында сақталған «Жас қазақ», «Журавли», «Тальяночка», «Три танкиста», «Яблочко», «Эх, дороги», «Синий платочек», «Катюша», «Ехал я из Берлина» және «Майский вальс» секілді әндер орындалып, көрермендер тарапынан жылы қабылданды.

Сонымен қатар, солистер мен вокалдық топтар, хор ұжымдары орындаған «Қарулы күштер», «Ғасырлар үні», «Ұмытпаймыз», «Мен қазақ», «Қазақстан – байтақ дала», «Сауыт» және «Атамекен» әндері көрермендерге ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімін ұялатты.

Кеш соңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылары мен солистері «Жеңіс күні» және «Атамекен» әндерін орындап, патриоттық концертті жоғары нотамен қорытындылады.