
Елімізде бірлік пен келісім саясаты ерекше маңызды орын алады. Оған басты себеп – бір ғасыр төңірегінде бірнеше тарихи миграция толқындарының әсерінен халықтың демографиялық құрамының өзгеруі. Нақтырақ айтсақ, бұл үдеріс XIX-XX ғасырларда этникалық көші-қон, соның ішінде мәжбүрлі жер аудару, ашаршылық, депортация, эвакуация арқылы көптеген этникалық топтың қазақ жеріне келуімен байланысты.
Мәселен, жаппай қуғын-сүргін жылдарында қазақ даласына 2,5 миллионнан аса адам жер аударылды. Олардың қатарында әзербайжан, неміс, чешен, күрд, месхет түріктері, балқар, армян, қалмақ, қырым татарлары, қарашай, корей және басқалары бар. Тағдыр тәлкегімен осы кезеңде барлығы 66 этностың өкілі елімізге күштеп көшірілді. Оларға «опасыздық жасады» деген айып тағылып, үйлерінен күштеп шығарылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Қазақ еліне эвакуацияланғандар келе бастады. 1941 жылдың соңында аймаққа 386 500 адам қоныс аударды, 1942 жылдың соңында бұл сан 500 мыңнан асып жығылды. 1950 жылдардан кейін, еңбек көші-қоны кезеңінде шамамен 1954–1970 жылдар аралығында 500 мыңнан аса адам келді. Негізінен елімізге кеңес одағының еуропалық бөлігіндегі жұмысшылар: орыстар, украиндар мен беларустар қоныстанды.
Осынау алмағайып кезеңдерді бастан өткеріп, тәуелсіздік алған кезден бастап мемлекеттік саясат елдің бірлігіне ерекше мән береді. Бұл ретте Ассамблея толыққанды азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға, өзара сыйластық пен тиімді қарым-қатынас құруға бар күшін салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқы ассамблеяның XXXII сессиясында «Әралуандықтағы бірлік» және «Біз әртүрліміз, бірақ біз бірміз» деген ұранды сөз емес, отандастарымыздың күнделікті өмірінің мәні екенін атап өтті.
Өткен жылғы ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында Президент «Әралуандықтағы бірлік» қағидатының жаһандық сипатына тағы да назар аударып, оның әлемдік қоғамдастық үшін маңыздылығын және БҰҰ-ның осы идеясына қатысын баса айтты. Бұл қағидат әртүрлі этностық топтардың өзара іс-қимылының көпжылдық табысты тәжірибесімен расталады. Интеграция құралы ретінде мемлекеттік тілді дамыту, сондай-ақ Қазақстан халқының ана тілін сақтау да тұрақтылықтың маңызды факторы болып есептелінеді. Осы күш-жігердің арқасында еліміз инклюзивті қоғам құрды. Елдегі әр азамат этностық тегіне қарамастан өзін мемлекеттің тең құқылы мүшесі ретінде сезінеді.
Тәуелсіздік жылдарында ҚХА мәдениетаралық және этносаралық диалогтің бірегей институты, «халықтық дипломатияның», мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының пәрменді құралы екенін дәлелдеді. Қоғам этносына қарамастан қазақстандықтардың азаматтық құндылықтары мен бірегейлігін дамытуды, елдің дамуы үшін ішкі жауапкершілікті, келісім мен жалпыұлттық бірлік саясатын іске асыруды тәуелсіз Қазақстанның негізі ретінде таниды.
Ассамблеяның жұмысы қоғамда болып жатқан нақты үдерістермен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап өткен құндылықтарды жастар арасында дәріптеу және қоғамдық кеселдерден бас тарту мақсатында әлеуметтік жобалар іске асырылып келеді. Мысалы, Аналар кеңесінің «Саламатты сана» жобасы аясында нашақорлық, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа жол бермеу бағытында іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Адал азамат» арнайы жобасы бірлік, қоғамдық келісім, әділдік, заң мен тәртіпті сақтау идеяларын ұстанатын адамгершілігі жоғары және жауапты тұлғаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге негізделген.
Бір жыл төңірегінде республиканың түкпір-түкпірінде Ақсақалдар кеңесінің қатысуымен 400 мыңға жуық адамды қамтитын 12 мыңнан аса іс-шара өткізілді. Онда халықтың 1 889 проблемалық мәселелері қаралды. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына 700-ден аса ұсынымдар берілді.
Қазіргі таңда Ассамблеяның басты назары – жастарда. Жалпы халықтың 30%-ы – балалар, жасөспірімдер мен жастар. Олар жаңа қоғамдық, әлеуметтік және жаһандық жағдайда өсіп келеді. Сондықтан жастар үшін ұлттық құндылықтар мен жаңа технологиялардың тығыз ұштасқаны маңызды. Бұл ретте мәдени, тарихи құндылықтар жас буынға қызықты және өміршең жобалар арқылы жеткізіледі. Осы бағытта 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ассамблея жастары» РҚБ-ның рөлін атап өтуге болады.
Қоғамға қызмет ету арқылы жастар жанашырлыққа, мейірімділікке үйренеді. Былтырғы тосыннан келіп, дүйім елді тосырқатқан тасқын тұсында Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» ауқымды акциясын қолдап, 12 мыңнан аса белсенді еріктілер жиналды. Олар сын сағатта көппен бірге болып, зардап шеккен ауылдарға көмек қолын созып, жәрдемдесті. Осылайша, этнос өкілдері адамгершілік секілді ортақ құндылықтар аясында ұйысты.
Бұған қоса сол «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессияда Президент «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналады» деген сенім білдірді. Бұл бағытта да Ассамблеяның қызметі өз жемісін беріп отыр. Қазір өскелең ұрпақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп келеді. Әсіресе, елеулі үлес қосып отырған Ассамблеяның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» және «Мың бала» жобалары деп білуге болады.
Әр облыста жастар қазақ тілін еркін меңгеріп, өз орталарында, ақпараттық кеңістікте қазақ тілді контентті толықтырып отыр. Бір жағынан бұған этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуде тәжірибе алмасу алаңы «Ұлы даланың ұлттық тілі» форумы, этномәдени бірлестіктердің жастарына арналған «Тіл мектебі» жазғы лагерь жобасы, жыл сайын 300 мыңға жуық баланы қамтитын «Мың бала» мәдени-ағарту жобасы, Достық үйлерінің базасындағы «Мәміле» клубтары айрықша үлес қосып отыр. Бұған қоса Qazak Cybersport Federation-пен ынтымақтастықта қазақ тілінде кибер ойындар комментаторларын дайындау туралы меморандумға қол қойылды. Бұл да тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ықпал етеді.
Этноәлеуметтік үдерістер күрделі және қоғамның дамуына ең әсерлі фактор болып келеді. Ғылыми көзқарас, зерттеулер, жүйелі мониторинг осы үдерісті анықтап, конфликтердің ықтималдығын және оның алдын алуға мүмкіндік береді. Ассамблеяның жанында 2009 жылы ғылыми-сарапшылық кеңес құрылды. Президенттің тапсырмасымен 2020 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ашылды.
Мекеме этносаралық саладағы зерттеулердің әдіснамасын жетілдіріп келеді. Олар сандық және сапалық әдістер арқылы іске асады. Әр өңірге мониторинг сапарлары негізінде жергілікті тұрғындар арасында сұхбат жүргізіп, статистикалық деректерді өндеу арқылы ахуалды зерттеп отырады. Тұрақты түрде сауалнамалар да жүргізіледі. Оның нәтижесінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірленіп, жолданады.
Ғылыми зерттеу жұмысының негізгі міндеттерінің бірі – этносаясаттың өзекті бағыттары бойынша мемлекеттік саясаттың барысын, Ассамблея қызметін ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелерін елдің ақпараттық кеңістігінде және жария салада ілгерілетуді ұйымдастыру.
Бұған қоса өткен жылы қазанда ҚХА ҒСК Жас ғалымдар клубы құрылып, сол жылы 6 қарашада ҚХА ҒСК кеңейтілген отырысында тұсаукесері болды. Клуб ғылыми кадр резервін және жас зерттеушілер мен аға ұрпақ арасындағы сабақтастықты қалыптастыру міндетін орындайды.
Ақпараттық кеңістікте ғылыми-сарапшылық кеңестің «Тамырлас» подкасты көрерменге жол тартты. Жоба азаматтық қоғам институттары мен ғылыми-сарапшылық қоғамдастықты тарту арқылы жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған. Подкаст барысында әр эксперттің жеке өмірімен ғылымның ұштасқаны, Ассамблея құндылықтарының негізінде бірегей орта қалыптастыру жолдары талқыланады.
Ал ҚХА кафедралар қауымдастығының «ҚХА Академиясы» жобасы Ассамблеяның жаңа кадрларын даярлауға бағытталған. Негізгі іс-шаралар білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске қосуды, жазғы мектептерді өткізуді және этномәдени бірлестіктердің басшыларын әлеуметтік жобаларды басқару және іске асыру дағдыларына оқытуды қамтиды.
Ерекше атап өтерлігі, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің отандық моделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің 56 тілінде таныстырылды. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде тәжірибеде қолданылады. Модель шеңберінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарымен, Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығымен, бірқатар елдердің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарымен ынтымақтастық туралы, Ассамблея мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.
Қорыта айтсақ, Ассамблея этносаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайтуда өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Елдегі халықтың күрделі полиэтностық құрылымын ескере отырып, өз жұмысының жоғары тиімділігін көрсетті. Мемлекеттегі этностық әралуандылыққа қарамастан, азаматтардың теңдігі сақталып отыр. Қоғамдық келісімдегі отандық үлгінің бірегейлігі – осы.
Айгүл СӘДУАҚАСОВА,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы